Коронавирус инфекциясының кең таралуына байланысты «Қазпошта» компаниясы бірқатар шара қабылдады.
Әлемде белең алған індет кезінде қауіпсіздікті күшейту үшін Қазақстан 28 елмен почта байланысын тоқтатты. Пошта арқылы алыс-беріс уақытша мүмкін болмайтын елдер мыналар: Аустралия, Алжир, Армения, АҚШ, Әзербайджан, Бразилия, Грузия, Жаңа Зеландия, Израиль, Индия, Иран, Испания, Канада, Қатар, Қырғызстан, Малайзия, Молдова, Моңғолия, Оңтүстік Корея, Норвегия, БАӘ, Пәкістан, Сингапур, Тәжікстан, Түркіменстан, Түркия, Ұлыбритания, Филиппин.
Сонымен қатар «Қазпошта» АҚ Басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов фейсбукте карантин жарияланған Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы пошта бөлімшелерінде 2020 жылдың 28-29 наурызын демалыс күні ету туралы шешім қабылдағандарын мәлімдеді.
– Басқа өңірлердегі пошта бөлімшелері тұрақты жұмыс кестелері бойынша жұмыс істейді. Алматыдағы Бөгенбай батыр, 134 көшесіндегі қабылдау нүктесінен басқа, EMS курьерлік қызметінің барлық бөлімшелері 2020 жылдың 28 наурызында 9:00-ден 16:00 сағатқа дейін жұмыс істейді. 29 наурыз EMS курьерлік қызметі үшін – демалыс күні, – деді С.Сәрсенов.
Жоғарыда аталған екі қалада Қазпоштаның 987 кеңсе қызметкерінің 70,4%-ы, яғни 695 адам қашықтан жұмыс істеу режиміне ауыстырылды.