Бүгінгі таңертеңгі жағдай бойынша елімізде коронавирус жұқтырғандар саны 191 адамға жетті. Жұқпалы індет белгісі Алматы облысы аумағынан да анықталды. Бұл аймақтағы тіркелген екінші жағдай болып отыр. Бұған дейін облыстың Қарасай ауданы аумағында қажылық сапардан оралған тұрғыннан індет анықталып, оқшауланған болатын.
Ал бүгін індет жұқтырған екінші адам жағдайы мен індет ошағы жайлы толық мәліметті облыс дәрігерлері ресми мәлімдеме жасағаннан кейін тарататын боламыз.
Айтпақшы, коронавирустан Нұр-Сұлтан қаласында қайтыс Ақмола облысының тұрғынымен қарым-қатынаста болған адамдар Алматы облысынан да табылды. Бұған дейін марқұмның Алматы қаласы мен Жамбыл облысының Шу ауданы аумағында болғаны жарияланған еді. Ал облыс тұрғындары індет жұқтырып қайтыс болған әйелмен Алматы қаласындағы құдалық кезінде жақын байланыста болған екен.
- Облыстың арнайы мамандары тексеру жүргізіп, марқұм әйелмен аралас-құралас болған 7 адамды анықтады. Бұл адамдар Алматы облысының аумағында тұрады. Қазір олардың барлығы оқшауланып, тиісті қан сынамасы алынды. Кеше төрт адамның тексеру нәтижесі дайын болды. Тұрғындардың қан құрамынан вирус белгісі табылған жоқ. Дегенмен, олар әлі де дәрігерлердің бақылауына алынып, карантинде болады. Сондай-ақ, күдік тудырған тағы бес адамның анализдері тексеріліп жатыр. Нәтижесін қосымша хабарлаймыз, - деді Алматы облысы әкімінің баспасөз хатшысы Ғалымыұрат Жүкел.
Алматы облысы