• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Тамыз, 2013

Ізгілік іздері

380 рет
көрсетілді

Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовтің есімі қарағандылықтарға жақсы таныс. Ол 1928 жы­лы 1 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан (бұ­­рын­ғы Көкшетау) облысының Рузаев ауданы­на қарасты Шүкіркөл ауылында дүниеге келген.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдары жасы 18-ге енді ғана толған жас жігіт мектеп мұғалімі болып қызмет істей бастады. Мектепте оның педагогикалық және ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалды, адамдармен сый­ластық, ілтипатты қарым-қатынас жасай білу дағдысы қалыптасты. Балаларға сабақ бере жүріп, Ушинский атындағы Петро­павл педагогика институтының сырттай оқыту бөліміне түсті. Содан кейін Алматы мемлекеттік заң институтын (АМЗИ) үздік бітірді, Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университеті жанындағы Орта Азия және Қазақстан республикалары үшін 1952 жылы КСРО Министрлер Кеңесі ұйымдастырған ЖОО үшін қоғамдық ғылымдар оқытушыларын даярлаудың біржылдық курсын тәмамдады. Орталық Комитеттің Ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің курсын аяқтаған соң екі жыл АМЗИ-де аға оқытушы болып жұмыс істейді, саяси экономика және экономика ілімдерінің тарихы бойынша дәрістер оқыды.

Сұлтан Қапарұлы Досмағамбетовтің есімі қарағандылықтарға жақсы таныс. Ол 1928 жы­лы 1 қыркүйекте Солтүстік Қазақстан (бұ­­рын­ғы Көкшетау) облысының Рузаев ауданы­на қарасты Шүкіркөл ауылында дүниеге келген.

Соғыстан кейінгі ауыр жылдары жасы 18-ге енді ғана толған жас жігіт мектеп мұғалімі болып қызмет істей бастады. Мектепте оның педагогикалық және ұйымдастырушылық қабілеті айқын байқалды, адамдармен сый­ластық, ілтипатты қарым-қатынас жасай білу дағдысы қалыптасты. Балаларға сабақ бере жүріп, Ушинский атындағы Петро­павл педагогика институтының сырттай оқыту бөліміне түсті. Содан кейін Алматы мемлекеттік заң институтын (АМЗИ) үздік бітірді, Ташкент қаласындағы Орта Азия мемлекеттік университеті жанындағы Орта Азия және Қазақстан республикалары үшін 1952 жылы КСРО Министрлер Кеңесі ұйымдастырған ЖОО үшін қоғамдық ғылымдар оқытушыларын даярлаудың біржылдық курсын тәмамдады. Орталық Комитеттің Ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің курсын аяқтаған соң екі жыл АМЗИ-де аға оқытушы болып жұмыс істейді, саяси экономика және экономика ілімдерінің тарихы бойынша дәрістер оқыды.

Сұлтан Қапарұлы 1955 жылы шілде айында Қарағандыға көшіп келді, ОК-тің Ғылым және жоғары оқу орындары бөлімінің нұсқауымен Қарағанды тау-кен институтына саяси экономика бойынша дәрістер курсын оқу үшін доцент лауазымында аға оқытушы болып қызмет істеді. Ол тау-кен ісінің қыр-сырына тек оқулықтардан ғана емес, сонымен қатар, шахталардан да қанық еді, ал кандидаттық диссертациясын қорғағаннан кейін Қараған­ды политехникалық институтының қоғам­дық ғылымдар кафедрасын басқарды. С.Қ.Дос­мағамбетовтің Қарағанды көмір бассейнін дамытудың экономикалық проблемасын зерттеу мәселелері бойынша экономика ғылымдарының кандидаты атағын қорғаған осы өңірдегі тұңғыш ғалым екенін атап өту керек.

Оның дәріс оқу шеберлігі жайлы Қарағанды политехникалық институтының студенттері арасында жақсы пікір қалыптасты. Сұлтан Қапарұлы ең күрделі ұғымдардың өзін ұғынықты түрде жеткізе білді. Осының бәрі оның терең білімінің арқасы еді.

Ол осы оқу орнында жұмыс істеген жылдары Институттың партбюро хатшысының орынбасары болып сайланды және Қарағанды қаласындағы іргетасы енді ғана қаланған техникалық жоғары оқу орнын дамытудың практикалық мәселелерін шешуге белсене қатысты. Академик, Социалистік Еңбек Ері Ә.С. Сағынов сол кезең туралы: «Аса қадірлі, Сұлтан Қапарұлы! Сіз облыс экономикасын, мәдениетін, денсаулық сақтау ісін, білімін дамыту мен көтеруге зор үлес қостыңыз. Қа­ра­ғанды мемлекеттік политехникалық институтында, әсіресе, оның қалыптасу кезеңінде сіз­бен бірге табысты еңбек еткенім жайлы есте­ліктер мен үшін өте ыстық» – деп жазған еді.

Осылай көзге түскен жас жігіт қызмет баспалдақтарымен жоғары өрледі. Сөйтіп, ол 1963 жылдың қаңтар айында, 35 жасында кафедра меңгерушісінің қызметінен бірден Қарағанды облыстық партия комитетінің хатшысы болып сайланды. Арада екі жыл өткеннен кейін облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болып тағайындалды. Ал 1969 жылдың желтоқсан айында еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің сессиясында Қарағанды облыстық атқару комитетінің төрағасы болып сайланды және осы қызметті 1982 жылдың мамыр айына дейін атқарды.

Сол жылдары Қарағанды облысыны ң экономикалық және әлеуметтік дамуы қуатты серпін алды десек, оған С.Қ.Досмағамбетовтің қосқан үлесі сүбелі. Оның бәрін қазір жіпке тізгендей айта алмаймыз. Оған көп уақыт керек және газеттің беті де көтермейді. Бір ғана оқиғаны еске алсақ, 1981 жылдың мамыр айында Қарағанды қаласында Экономикалық өзара көмек кеңесіне (ЭӨК) мүше елдердің көмір өнеркәсібі секциясының 57-мәжілісі өтті. Форумды дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетін С.Қ.Досмағамбетов басқарды. Мәжіліс төрағасы, Польша Тау-кен ісінің министрі М. Грановский ауқымды іс-шараны ұйымдастыру мен өткізу деңгейін жоғары бағалады.

Сұлтан Қапарұлының өз қызметінде Қарағандыдағы жоғары білімнің дамуына ерекше көңіл аударғанын атап өту ләзім. Оның белсенді және жігерлі атсалысуымен Қарағандыда жаңадан 4 ЖОО, атап айтқанда, КСРО Орталық одағының Кооператив институты, Қарағанды КСРО ІІМ жоғары мектебі, Қарағанды педагогикалық дене тәрбиесі институты және Қарағанды мемлекеттік университеті құрылды.

С.Қ. Досмағамбетовтің өңірдің мәдени дамуына қосқан үлесі де зор. Оның белсене атсалысуымен Музыкалық комедия театры, цирк, Неміс драма театры (кейін Алматыға көшкен), «Октябрьский» спорт сарайы, жеңіл атлетика манежі сияқты белгілі нысандар бой түзеді.

Сол жылдары Сұлтан Қапарұлы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевпен иық тіресе бірге еңбек етті. Ол болашақ Мемлекет басшысымен бірге қызмет атқарған жылдарын сағынышпен еске алады.

Еліміздің Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назар­баев «Стальной профиль Казахстана» кіта­бында: «С.Қ. Досмағамбетов облыстық атқару комитетінің төрағасы болып отырғанда Металлургиялық комбинат ұжымының жұ­мысына барлық қажетті жағдайды жасап отырды» деп жылы лебіз білдіреді.

Жиырма жыл бір күндей зырлап өте шықты.

Сұлтан Қапарұлы өз өмірбаянының жаңа кезеңін бастады: 1982 жылы С.Қ.Дос­­­ма­ғамбетов ККП ОҚ ұсынысы бойынша Қара­ғанды педагогикалық дене тәрбиесі инс­ти­­тутының (ҚарПДТИ) ректоры болып таға­йын­далды. Бұл қызметте оған облыстық комитет хатшысы және Қарағанды облыстық атқару комитеті төрағасы қызметінде жинаған бай тәжірибесі көп көмектесті. ҚарПДТИ құрылғанына 12 жыл болса да, көптеген проб­лемалар шешілмеген күйінде қала берген: оқу және спорт алаңдары мен жабдықтары қажетті көлемде болмады. Оқытушылық құрамның негізгі бөлігінің ғылыми-педагогикалық біліктілігі де төмен болып шықты.

Сондықтан, С.Қ.Досмағамбетов ректор болған сәттен бастап істің жай-жапсарымен толық танысып, дене тәрбиесі институтын көп бейінді педагогикалық институт етіп қайта құруға бағытталған дайындық жұмыстарына кірісіп кетті. Педагогикалық кадрларды даяр­лау және корпустарды салу бойынша күрделі әрі ауқымды жұмыстар қолға алынды. 1982 жылы Карбышев көшесінде жаңа оқу корпусы салынды, ал 1983 жылы екі оқу корпусы мен Мұқанов көшесінде екі жатақхана іске қосылды. 1984 жылы тағы да екі жатақхана салынды. Институттың про­фессорлық-оқытушылар құрамы да нығайды, екі жыл ішінде ғылыми дәрежелі оқытушылар саны екі есеге артты. 1982 жылдан бастап «Педагогика және психология (мектепке дейінгі)» және «Педагогика және бастауышты оқыту әдістемесі» мамандықтары бойынша мұғалімдер даярлау басталды.

Институтты қайта құру барысында 5 оқу корпусы, 4 жатақхана, асхана, оқу-өндірістік және көркемөнер-өндірістік шеберханалар, стадион, ату тирі, шаңғы базасы, гараждар және басқа да шаруашылық нысандағы жайлар салынып, пайдалануға берілді.

С.Қ.Досмағамбетовтің белсенді қызметінің арқасында институтта жыл сайын жаңа маман­дықтар ашылып отырды, жаңа факультеттер мен кафедралар құрылды, профессорлық-оқытушылар құрамы білікті мамандармен толықты. 1988 жылға қарай институтты толықтай қайта құру бойынша негізгі жұмыс­тар аяқталды. Егер 1981-1982 оқу жылдары институтта 1295 студент оқыса, 14 кафедра, 100 оқытушы жұмыс істесе, 1988 жылға қарай 9 мамандық бойынша 4800 студент білім алды, 26 кафедра, 385 оқытушы, соның ішінде 2 доктор мен 105 ғылым кандидаты қызмет істеді. Қарағанды педагогикалық институты С.Қ. Досмағамбетов басшылық еткен ұжымның арқасында І санатқа ие болды.

Институт түлектері: В.Абоимов, А.Сте­­паненко, А.Топаев, Е.Абубакиров, К.Мұңайт­па­сов, А.Гаврилов, А.Савицкий, А.Егоров, С.Бо­рисенко, К.Нұрмағамбетов, А.Василенко, Д.Гааг, И.Ульева және т.б. Қазақстан спор­тының мақтаныштары, Олимпиада жүлде­герлері, әлем чемпионаттарының және басқа да айтулы жарыстардың жеңімпаздары және жүлдегерлері болды.

Институт оқытушылары мен қызметкерлері ең күрделі ұйымдастыру мәселелерін шешуде әрқашан ректорға арқа сүйеді. Сұлтан Қапарұлы оқытушылардың ізденістерін, ғылыми іссапарларын, олардың халықаралық конференцияларға, Алматы, Мәскеу және Санкт-Петербургтің ең үздік ЖОО-ларында тағылымдамадан өтуін, ғылыми мақалалар мен монографияларды жариялауын қадағалап, қолдап отырды.

Қиыншылыққа толы тоқсаныншы жылдары республиканың көптеген ЖОО-лары бірігіп жатқан кезде Қарағанды педагогикалық институтын Е.А. Бөкетов атындағы ҚарМУ-ға қосты. Осыдан соң Сұлтан Қапарұлына еш алаңсыз құрметті демалысқа шыға беруіне болар еді. Ол салиқалы жасқа келсе де, сол жеткен жерінде тоқтап қалатын адамдар санатынан емес.

1997 жылы С. Досмағамбетов Жезқазған және Қарағанды облыстары біріккен кезде балама негізде Қарағанды облыстық мәсли­хатының хатшысы болып сайланды және осы лауазымда 1999 жылдың аяғына дейін жұмыс істеді. Осы арада депутаттық және қоғамдық қызмет – С.Қ Досмағамбетов өмірбаянының ажырамас бөлігі екенін айта кету жөн.

Ол бірнеше мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. Қазақ­стан Компартиясының XII, XII, XIV, XV съездерінің, КОКП XXIV, XXV, XXVI съезде­рінің делегаты болды.

Сұлтан Қапарұлы жаңа Қазақстанның қалыптасуына белсене қатысуда. Ол жоғары оқу орындарында үлкен қоғамдық және ғылы­ми-педагогикалық жұмыстар атқаруда, Қа­зақстан Республикасы Тұңғыш Президенті мұра­жайының ғылыми кеңесшісі, Қазақстан халқы ассамблеясының мүшесі, «Нұр Отан» ХДП ҚФ жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі кеңестің мүшесі болып табылады.

1997 жылы оған халыққа білім беру ісін дамытуға, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан зор үлесі және Қарағанды қаласының құрылысына, оның экономикасы мен мәдениетінің дамуына атсалысқаны үшін «Қарағанды қаласының Құрметті азаматы» деген жоғары атақ берілді.

С.Қ.Досмағамбетов – ҚР халыққа білім беру ісінің құрметті қызметкері, Құрмет орде­нінің, Ленин орденінің, төрт Еңбек Қызыл Ту, Құрмет Белгісі ордендерінің, барлық үш дәрежедегі Кенші даңқы белгісінің, КСРО ХШЖК-нің алты алтын медалінің иегері.

2013 жылы Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ҚарМТУ-дың негізін салушылардың бірі ретінде және осы оқу орнының дамуына қосқан зор үлесі үшін Құрметті профессор С.Досмағамбетов атындағы академиялық дәріс аудиториясы ашылды. Мұндай шешімді ҚарМТУ Ғылыми кеңесі қабылдады.

– Бұл оқиға университет үшін маңызды, – деді білім беру ісінің ардагері, облыстық партия комитетінің ғылым және жоғары оқу орны бөлімінің меңгерушісі болып көп жылдар жұмыс істеген Г.Ж.Бектембаева. – Профессор Досмағамбетов осы оқу орнының дамуына үлкен еңбек сіңірді. Қандай қызметте істемесін, ең алдымен, білім беру проблемаларымен айналысатын және ҚарМТУ-мен, өңірдің басқа да жетекші ЖОО-ымен байланысын ешқашан үзген емес.

Сұлтан Қапарұлы туралы әңгімелегенде оның отбасы – жұбайы, ұлы, қызы, немерелері туралы да айтпай кетуге болмайды. Жұбайы Роза Балбатырқызының қамқорлығы мен әрдайым қолдап отыруы – Сұлтан Қапарұлын жаңа белестерге жетелеп отырды десек қателеспейміз. Роза Балбатырқызы – білікті заңгер, тамаша ғалым, ұлағатты ұстаз ғана емес, жоғары мәдениетті адамдармен тез тіл табыса білетін айрықша елгезек жан.

Досмағамбетовтер отбасының лайық­ты ізбасарлары – балалары Ерлан мен Раушан. Раушан Сұлтанқызы – медицина ғылым­дарының докторы, профессор, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты, Ерлан Сұлтанұлы – экономика ғылымдарының кандидаты, «ЕврАзЭС іскерлік кеңесі» ассоциациясы өкілдігінің басшысы, қоғам қайраткері – Қарағанды қаласындағы Украинаның Құрметті елшісі.

Біздің Сапекең тынымсыз еңбегімен талай асуларды бағындырған осындай абыройлы жан! Оның жүріп өткен жолына зер салсаңыз, ізгілік іздерін көресіз.

Арыстан ҒАЗАЛИЕВ,

ҚарМТУ ректоры, ҚР ҰҒА академигі,

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты.

ҚАРАҒАНДЫ.

Соңғы жаңалықтар