Бүгін Қызылордада коронавирус жұқтырған екінші адам анықталып отыр. Осыған байланысты өңірлік коммуникация алаңында брифинг өткізген мамандар жағдайдың жай-жапсарын айтып берді.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметовтің айтуынша вирус жұқтырған қала тұрғыны облыс орталығындағы «Сенім» емханасының медбикесі. Ол осы індетке шалдыққаны кеше анықталған 65 жастағы тұрғынға ем жасаған болып шықты.
– Қазір 23 жастағы науқастың жағдайы бірқалыпты. Ешқандай ауырсыну белгілері жоқ. Әріптесіміздің аман-есен жазылып, қатарға қосылуына бар күшімізді саламыз, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы.
Ал облыстық тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова облыс бойынша алғаш рет осындай диагнозбен ауруханаға кеше түскен әйелдің жағдайы жақсара түскенін айтып өтті. Онымен қарым-қатынаста болған 69 адам анықталып, тиісті тексеруден өткен. Олардың арасынан осы емхана медбикесінің бойына вирус жұқтырып алғаны белгілі болып отыр. Екі науқас та қаланың бір ауданынан, қазір ол аумақ мамандардың бақылауына алынған.