Парламенттік тыңдауларға дайындық барысында Үкімет өкілдерімен өткізген кездесуде өзінің импортқа деген сүйіспеншілігін білдіре отырып, біздің жеңіл өнеркәсіп өнімдерінің сапасының төмендігін сынға алған министрдің орынбасарына менің бір әріптесім: Соғыс басталып кетсе не істейміз? Әскери адамдарға не кигіземіз, халық пен армияны қалай асыраймыз? Оқ-дәрілерді, қару-жарақ пен әскери техниканы қайдан сатып аламыз? – деген «қарапайым» сұрақ қойды.
Бұл сұрақ бәрімізді ойландырып тастады. Өйткені біз ондаған жылдар бойы бейбітшілік пен тыныштықта өмір сүріп келеміз. Бәрі басқаша болуы мүмкін екені ешқашан ешкімнің қаперіне де келген емес... Коронавирус пандемиясы планета адамдары үшін, бүкіл қаржы-экономикалық және әлеуметтік жүйе үшін үлкен сынақ болды. Карантиннің енгізілуі, шекаралардың жабылуы адамдар қозғалысының тоқтатылуына ғана емес, экономикалық байланыстардың құлдырауына әкеледі. Шетелден қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтар, қарапайым заттар мен азық-түліктерді тез сатып алуға болады деген үміттер үзілді.
Ең қарапайым зат – медициналық маскалар – нөмірі бірінші тапшы тауарға айналды. Жеңіл өнеркәсіптегі ірі және орта кәсіпорындар аз бөлігінің өзі қысқа мерзімде бар күштерін маска шығаруға бағыттай алмайтындай жағдайда болып шықты. Тіпті өзіміздің дәке өндірісіміз де жоқ.
Қалыпты уақытта маскамен ойдағыдай қамтамасыз етіп келген шағын кәсіпорындар дағдарыс кезінде мәселені шеше алмады.
Бұл ешқайда асықпай, көп нәрсені ойлану үшін жақсы уақыт. Ең бастысы, баршамыздың ғажап ортақ үйіміз – Қазақстанның қауіпсіздігі туралы, біздің өмір сүруге бейімділігіміз және кез келген дағдарысты жеңе білуіміз туралы ойланатын кезең.
4 наурызда Сенатта «Қазақстандағы жеңіл өнеркәсіп: қазіргі жағдайы және өнімділігі жоғары бизнесті дамыту перспективалары» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.
Депутаттар сала өкілдерінің, сарапшылардың, ғалымдардың көмегімен осы саладағы жағдай туралы көлемді, объективті ақпарат алды. Тыңдаудан кейін екі апта уақыт өтпестен пандемия бәрімізді экономика құрылымындағы жеңіл өнеркәсіптің рөлі мен орнына, оны әртараптандыру жоспарларына жаңа көзқараспен қарауға мәжбүр етті.
Жеңіл өнеркәсіп ел азаматтарын қажетті тауарлармен қамтамасыз етіп қана қоймайды – бұл сонымен бірге әлеуметтік маңызға ие сала. Ол халықты жоғары деңгейде жұмыспен қамтамасыз етіп келеді, әсіресе әйелдерді. Бүгінгі таңда еліміздегі шағын және орта бизнестегі барлық белсенді субъектілердің 44%-ын әйелдер басқарады. Осы сектордағы жұмыс орындарының 31%-ы соларға тиесілі. Жеңіл өнеркәсіптегі стартаптардың негізгі үлесі де дәл осы әйелдердің еншісінде. Солардың белсенділігінің арқасында ғана сала жанданып келеді.
Бізде бұл саланың тарихы қандай?
Қазақстан үшін жеңіл өнеркәсіп – дәстүрлі сала. Қазақ КСР-і кезінде ол 14 саланы, 69 өнеркәсіптік кәсіпорын мен бірлестікті қамтыды.
Бұл салада 1985 жылы 202,8 мың адам жұмыс істеді, 2000-нан астам өнім түрі шығарылды, республика өндірісінің жалпы көлеміндегі сала өнімінің үлесі – 15,2%-ды, ал КСРО жеңіл өнеркәсібіндегі үлесі 4%-ды құрады.
1985 жылы сала кәсіпорындары 130 миллион шаршы метр мақта-мата өнімдерін (2019 жылы 14 миллион шаршы метр); 22,6 миллион бірлік тоқыма сырт киім, 68 миллион бірлік тоқыма жабдығын (қазір шығарылатын өнім көлемінен 90 есе көп); 30,6 миллион аяқ киім (2019 жылы 1 миллион 270 мың); 74,7 миллион жұп шұлық (қазір 15-16 миллион) шығарды.
Біз 90-жылдары ұлттық жеңіл өнеркәсібімізді іс жүзінде жоғалтып алдық. КСРО республикаларының экономикалық байланыстары үзілді, өнеркәсіптің шикізат базасы бұзылды, ашық шекаралар арқылы әкелінетін арзан тауарлар қаптап кетті, сондықтан бұл сала түбегейлі тоқырады.
Қазақстанда қазіргі уақытта 1071 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорыны жұмыс істейді, олардың небәрі 40-ы ірі және орта санатқа жатады (12 ірі және 28 орта). Яғни жеңіл өнеркәсіптің салалық кәсіпорны – тігін және аяқ киім фабрикасы емес, ателье немесе артель.
Жеңіл өнеркәсіптің кейбір ішкі салаларында бір ғана ірі немесе орта кәсіпорын бар.
Бұл ретте барлық кәсіпорындар қуаттылығының орташа жүктемесі 26 пайыздан сәл ғана асады.
Саладағы қызметкерлер тізім бойынша 12 700 адам болса, ол шындығында – 9 300 адамды (бұл көрсеткіш кеңес уақытында 200 000 болған) құрайды.
Біз жеңіл өнеркәсіп өнімдерін экспортқа сатқаннан гөрі, 17 есе көп импорттаймыз.
Ал басқа елдерде қалай?
КСРО ыдырағаннан кейін көп елдердің жеңіл өнеркәсібі қиын жағдайда қалды, олардың әрқайсысы бұл проблеманы өз бетінше шешті. Мәселен, Ресей ауқымды ішкі нарықтың артықшылығы мен протекционизм саясатын пайдаланды. Көлемді мемлекеттік тапсырыстың болуы шетелдік инвесторларды өндірісті тасымалдауға ынталандырды және бірен-саран кеңестік өндіріс күштерін сақтап қалуға мүмкіндік берді.
Қырғызстанда бұл сала көптеген жыл бойы көлеңкеде – салықсыз, кедендік төлемдерсіз жұмыс істеп, аман қалды.
Теңдесі жоқ мемлекеттік қолдау мен өз шикізатының болуы, сондай-ақ жабық ішкі нарық Белоруссия мен Өзбекстанның өндіріс саласын аман алып шықты.
Дегенмен әлемде жеңіл өнеркәсіп ең белсенді дамып келе жатқан салалардың бірі болып табылады.
Киім мен аяқ киім нарығының әлемдік көлемі 1,7 триллион АҚШ долларын құрайды, бұл – Канаданың ішкі жалпы өнімінің көлемімен бірдей. Жыл сайын тауарларды қайта өндіру көлемі 210 миллиард долларды құрайды.
2019 жылы әлемдік тігін өнеркәсібі нарығының көлемі 961,5 миллиард АҚШ долларына бағаланды.
Дүние жүзінде бір жылда 150 миллиард киім-кешек түрі өндіріледі, яғни адам басына 20 киімнен келеді. Бұл ретте шығарылған киімнің 30%-ы мүлдем сатылмайды.
460 миллиард доллар – киюге жарамды болса да лақтырып тастайтын киімнің көлемі.
«Тұтыну философиясы» мен «жылдам өзгеретін сән» жүйесі саланың дамуын ынталандырып келеді. Бәсекелестік деңгейін бағалау үшін оған технологиялардың даму қарқыны мен цифрлық коммерцияның дамуын қосыңыз.
Саланы дамытуға не кедергі?
Ең алдымен, өндірістің қымбаттығы. Біздің отандық кәсіпорындар заманауи жабдықтар мен арзан жұмыс күшін пайдаланып отырған азиялық өндірушілермен бәсекелес болуға мәжбүр. Сол себепті бізде өнім қымбат және қажетті мөлшерден әлдеқайда аз.
Қажетті жабдықтың жоқтығы. Кеңестік жабдықтардан басқасының бәрі импорттық және олардың көбісінің тозығы жеткен. Отандық кәсіпорындардағы жабдықтарды жаңарту коэффициенті жылына 3-4 пайызды құрайды және кредит қаражаты мен кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады, ал шетелдік фирмаларда бұл көрсеткіш 15-17 пайызды құрайды және біразы мемлекеттің инвестициялық қолдауына байланысты.
Шикізат тапшылығы. Елде іс жүзінде синтетикалық материалдар өндірілмейді, отандық табиғи шикізат тапшылығы да сезіліп отыр.
Мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігі төмен. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары айналым қаражатының жетіспеушілігінен және өндірісті жаңғырту мен қайта құрылымдауға арналған инвестиция деңгейінің төмендігінен зардап шегіп отыр. Кәсіпорындар көбінесе банктерден кредит ала алмайды. Екінші деңгейдегі банктер бизнестен түскен өтінімдерді қараған кезде кепіл мүлкін өте төмен мөлшерлеме бойынша бағалайды, келешектегі келісімшарттарды кепіл мүлкі ретінде қарастырмайды. Кредит алғаннан кейін кәсіпорындар ғимаратты салып бітірмей, жабдықтарды алып келмей тұрып төлем төлеуді бастауға мәжбүр.
Көлеңкелі импорттың болуы кәсіпкерлердің барлық күш-жігерін жоққа шығарады. Сапасының төмендігінен, салық пен баж төлемдерінің жоқтығынан контрафакт заттар арзанырақ.
Қазіргі кезде Қазақстанда жеңіл өнеркәсіпке көбінесе ведомстволық мемлекеттік тапсырыстар арқылы қолдау жасалып отыр, солардың есебінен кәсіпорындар ептеп жұмысын жалғастыруда. Бірақ түрлі себептерге байланысты кәсіпорындарға бұл технологиялық тұрғыдан дамуға, ассортиментті кеңейтуге және т.б. мүмкіндік бермейді.
Мемлекеттік сатып алуға алыпсатарлар көп қатысады. Тапсырыс беруші төмен бағаға қызығып, сапасыз импорттық тауар алады. Нәтижесінде, бюджет қаражаты елден шығарылып, басқа елдердің экономикасын дамытуға демеуші болады.
Бүгінгі күні жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарының көпшілігі үлкен тапсырыстарды орындауға дайын емес және тауарлардың көп түрлерін шығаруға көше алмайды, өнім түрлерінің қатарын жылына бірнеше рет маусым сайын өзгертуге қауқарсыз.
Кәсіпорындар ірі көлемде шикізат (маталар, фурнитура және т.б.) сатып ала алмайды, себебі оларда үлкен тапсырыстар жоқ. Осыдан келіп жоғары баға пайда болады, өйткені тапсырыс көлемі шағын, ал жеңілдіктер аз. Осы тұйықталған шеңберді жарып шығу керек.
Өткізу мәселелері. Сату көлемі бойынша шағын кәсіпорындар басымдыққа ие, олар бөлшек сауданың 72,7 пайызын қамтиды. Жеңіл өнеркәсіп өнімдері монобрендтік желілік дүкендерде немесе желілік емес шағын дүкендерде сатылады. Өндірушіге көптеген ұсақ тауар сатушылармен келісуге тура келеді, ал бұл басқаруға, маркетинг пен жарнамаға көп шығын кетеді деген сөз.
Тауар өткізушілер жарнамаға көп қаржы жұмсайтын және сапасына кепілдік беретін белгілі шетелдік брендтерді таңдайды. Сонымен бірге олар сауда алаңдарын жалға алу үшін шетелден мемлекеттік қолдау алады.
Жол картасы осыдан тура бір жыл бұрын қабылданды. Үкіметтің есебінде көрсетілгендей барлық іс-шаралар атқарылған. Алайда бұл құжат жеңіл өнеркәсіптің алдында тұрған проблемаларды кешенді түрде шешпейді.
Ол өрт қызметін атқаратын сияқты. Бір жердің өртін басса, басқа жерде өршітіп жібереді. Мәселен, БАҚ ақпараттарына сәйкес, Қазақстан Республикасының аумағынан автомобиль көлігімен ірі қара мал терісін шығаруға 5 жылға дейінгі уақытқа тыйым салу тері жинаумен айналысатын кейбір кәсіпкерлердің кедейленуіне және малшылардың шығындалуына алып келген. Бұл ретте шикізатты сатып алатын және осы шараның енгізілуіне мүдделі кәсіпорындар үшін талаптар нақты жазылмаған. Нәтижесінде, өнім берушілердің тығырыққа тірелген жағдайын пайдаланып, олар сатып алу бағасын төмендетіп жіберген.
Біздің осы саланың өкілдерімен өткізген кездесулеріміз проблемалардың өте көп екендігін көрсетеді және олардың көпшілігі стратегиялық сипатқа ие.
Сонда біз нәтижесін көрмесек те әртүрлі бағдарламалар мен жол карталарын жаңадан қабылдай береміз, бірақ саланы дамытудың ұзақ мерзімді келешегі туралы ешқандай көзқарасымыз жоқ.
Бүгінгі таңда ұлттық жеңіл өнеркәсіпті дамытудың маңыздылығы мен импортқа тәуелділіктің үлкен қауіптері туралы сұрақтар күмән тудырмайды.
Барлық нарықтар мен секторлардағы бәсекелестікке қарамастан, бізде бар артықшылықтарды пайдалану қажет:
Біріншіден, Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің өсу әлеуеті жоғары, ол тұтыну тауарларының нарығынан тұратын жеңіл өнеркәсіп өнімдері ішкі нарығының сыйымдылығымен айқындалады. Ол тұтыну тауарлары нарығынан тұрады (адам басына орташа жылдық шығын 350 мың теңге және халық саны 18,3 млн адам болса нарық сыйымдылығы 6,4 трлн теңгені құрайды). Сонымен қатар бюджет қаражаты есебінен сатып алынатын өнімдердің ауқымды нарығы бар.
Екіншіден, біз соңғы жылдары көп айтып жүрген әртараптандыру бұлтартпас шындыққа айналды. Қазақстан үшін өңдеу салаларын дамыту – баламасыз құрал. Бұл жеңіл өнеркәсіпке де қатысты. Салаға белсенді күш салуды неғұрлым кеш бастасақ, кейін қуып жету соғұрлым қиынға соғады.
Үшіншіден, жеңіл өнеркәсіп еңбек ресурстарына деген ұзақ мерзімді және дұрыс болжанған сұранысты қалыптастырады. Сонымен қатар жұмыспен қамтуды арттыру тұрғысынан алғанда оның дамуына байланысты басқа да бірқатар салаларға қосымша мультипликативті әсер береді. Әсіресе бұл әйелдер мен жастарды жұмыспен қамтуға қатысты.
Төртіншіден, Қазақстанда отандық шикізат базасын аграрлық кешенге, әсіресе мал шаруашылығына сүйене отырып ілгері дамыту үшін жағдай бар. Себебі тек жайылымдардың көлемі бойынша біз әлемде 5-орындамыз.
Стратегияға көзқарас
Сенаторлар атқарған жұмыстар, индустриядағы және аралас салалардың жағдайына жүргізілген талдау, өнім өндірушілер, кәсіпкерлермен өткізілген кездесулер нәтижесінде саланы дамытудың ұзақ мерзімді мемлекеттік бағдарламасы қажет екеніне көз жеткізіп отырмын.
Ол саладағы жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізіп, макроэкономикалық есептеулердің негізінде қабылданып, ауыл шаруашылығын және химия өнеркәсібін дамыту бағдарламаларымен тығыз байланыста үйлестірілуі тиіс, сондай-ақ заңдармен, орнықты қағидалармен және қаржымен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл стратегиялық құжат келесі шараларды қарастыру керек.
1. Шикізат базасын дамыту
Бастапқы даму үшін шетелдік шикізатты сатып алмай, өндіріске технологиялық қайта өңдеуден өткен өзіміздің өнімдерді пайдалану үшін мақта, тазаланған және өңделген жүн мен иленген дайын теріні өндіруді ұйымдастыру қажет. Былғары өндірісіне ерекше назар аудару керек.
Бұл үшін мемлекет жеңіл өнеркәсіптің өңдеуші қуаттарын іске қосу мақсатында тері мен жүнді фермерлерден кәсіпорындарға дейін жеткізу үшін жинау, сатып алу жүйесін субсидиялауға немесе ұзақ мерзімді жеңілдетілген кредиттермен қамтамасыз етуге тиіс. Кәсіпорындардың отандық шикізатты алуы өнімнің өзіндік құнының төмендеуіне алып келеді. Өз кезегінде бұл мал шаруашылығының өсуіне ықпал жасайды (жеке субсидиялар болуы тиіс, әсіресе меринос қойын өсіру үшін).
Мемлекеттік тапсырыс алуға мүмкіндігі бар кәсіпорындардың бірігуін, кластерлердің, консорциумдардың құрылуын ынталандыру керек. Тиімді салааралық байланыстар орнатып, жергілікті банктер мен қаржы құрылымдарын тарта отырып, өңірлік сауда палаталарын құру қажет. Өндіріс пен сән әлемін шоғырландыруға, тауарлы тұжырымдамаға өтуге тұтынушылардың жеке сұранысына қарай бағдарлануға қажетті жағдай тудыру керек. Логистикалық шығындарды төмендету бойынша шаралар қабылдау қажет.
Бірлескен кәсіпорындардың пайда болуы үшін қолайлы жағдай жасау керек.
Ұлттық брендтердің елімізде және шетелдерде таралуына қолдау көрсеткен жөн.
2. Кадр даярлау
Жаңа жұмыс орындарын құруды субсидиялау. Кәсіби біліктілік деңгейін арттыруға, мақсатты қайта оқытуға көмектесу қажет. «Болашақ» бағдарламасы жеңіл өнеркәсіп мамандарын даярлау үшін квота қарастыру керек. Мемлекеттік гранттар есебінен оқыған және аграрлық сектор мен жеңіл өнеркәсіп мамандықтарын алған институт пен колледж түлектері үшін үш жыл бойы жұмыспен өтеу жүйесін нормативті түрде бекіту қажет.
Сала қазіргі заманғы кәсіби стандарттарға, жаңа оқу әдебиеттеріне және оқыту әдістемесіне мұқтаж болып отыр. Ғылыми-зерттеу институттарының, ЖОО-ның, колледждердің, кәсіпорындардың кооперациялануын ынталандыру, оларды заманауи материалдық-техникалық қамтамасыз ету керек. Оқу орындарының жанында практикалық дағдыларды тиімді оқыту үшін өз кәсіпорындары болуы тиіс.
3. Маркетинг және ғылыми зерттеулер
Тауарларды ілгерілету мен сату үшін жүйелі маркетингтік және ғылыми зерттеулерді қолдау, маркетингтік құралдарды ендіру қажет. Ақпараттық технологияны дамытуға және оларды өндіріске енгізуге бағытталған ғылыми-зерттемелерге инвестиция салып, кәсіпорындардың инновациялық қызметін көтермелеу керек. Қалдықтарды тазалап, оларды кәдеге жаратудың жаңа технологияларын ендіруді субсидиялау, энергия үнемдейтін технология құру, қалыпқа келтірілетін энергия көздерін пайдалану қажет.
4. Сапаны бақылау
Ішкі нарыққа сапасы төмен, декларацияланбаған, сертификатталмаған, тауарлардың төмен бағамен келіп түсуі де импорттың үлес салмағының жоғары болуына әкеліп отыр. Тауардың бір түрінің орнына басқасын әкелуі мүмкін.
Тауар сапасын бақылау функцияларын күшейту, санитарлық-гигиеналық нормативтерге, техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін өнімді сатқаны үшін жауапкершілікті қатаңдату қажет.
Импортталатын тауарды міндетті түрде таңбалау, тауарларды шығарғанға дейін де, одан кейін де лабораториялық зерттеулер жүргізу үшін өнімді іріктеуді жүзеге асыру керек (кедендік бақылау аумақтарында), техникалық регламенттерге сәйкес келмейтін тауарларды алып, жою қажет.
Жеңіл өнеркәсіп өнімінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, импортталатын, заңсыз және адам денсаулығы үшін қауіпті өнімді шектеу мақсатында толық сынай отырып, өнімнің сәйкестігін анықтау үшін аккредиттелген сынақ зертханаларын көбейту керек.
Отандық өнімнің сапасын жақсарту мәселесі ерекше назар аударуды талап етеді. Бұл үшін қысқа мерзімде халықаралық сапа стандарттарын қабылдап, ережелердің сақталуына қатаң бақылау орнату қажет. Саладағы мемлекеттік саясат біздің кәсіпорындарға қазіргі заманғы сапа стандарттарына қиналмай көшуіне көмектесуге бағытталған болуы керек. Бұл өз кезегінде біздің өнімдеріміздің сыртқы нарыққа шығуын айтарлықтай жеңілдетеді. Кәсіпорын тарапынан түскен шағымдар сапа сертификатын беру функциясын мемлекетке қайтару қажеттігін көрсетеді. Техникалық реттеу мен техникалық регламент мәселелері мемлекеттің ерекше назарында болуы тиіс.
Ұлттық аккредиттелген зертханалар желісін құруды қолдау қажет. Зертханалар кеден бекеттерінде де болуы керек.
5. Мемлекеттік қолдау. Мемлекеттік тапсырыс
Салықтық, қаржы-несиелік, кедендік саясатты жетілдіру қажет. Экспортты тиімді қолдап, жаңа өткізу нарықтарын игеру керек.
Үй жағдайында жұмыс істейтіндер мен қолөнершілерге қолдау көрсету үшін жеңілдетілген кредиттер мен салық арқылы кәсіпорындарды жаңғыртуды, кластерлер құруды қолдау керек. Инновациялық кәсіпорындардың құрылуы мен жаңа технологияларды сатып алу көтермеленуі тиіс. Әкімшілендіру рәсімдері жеңілдетіліп, жаңа технологиялар мен тауарларды өндіріске ендіру мерзімі қысқартылуы қажет. Инвестицияларды қорғау саясатын әзірлеу керек.
Шикізат жеткізушілерге қатысты ақша саясаты өңдеу кәсіпорындарын қамтамасыз етуге, кәсіпорындарды отандық шикізатпен жұмыс жасауға ынталандыруға, бұйымдардың сапасына талаптарды күшейтуге бағытталуы тиіс.
Кәсіпорындар ұзақмерзімді мемлекеттік тапсырыс пен тұрақты жұмыс ережелеріне мұқтаж. Конкурс кезінде төменгі баға мен басқа да өлшемшарттар қағидаларын жою керек. Барлық әлеуетті құрылымдарды шоғырландырған мемлекеттік тапсырыс жүйесіне көшіріп, бұл үшін бірыңғай уәкілетті органды белгілеу керек. ИИДМ басқа да орталық және жергілікті ведомстволардың тапсырысты орналастыру қағидаларын бақылауы тиіс. Мемлекеттік тапсырысқа қол жеткізген кәсіпорындардың инвестициялық міндеттемелеріне қойылатын талаптарды жетілдіру қажет.
Сонымен қатар тапсырыс орналастыру мен конкурс өткізудің күнтізбелік мерзімдері де қайта қарауды талап етеді. Мемлекеттік органдарға өнімдерге қойылатын талаптар мен ережелерді қайта қараудың бітпейтін тәжірибесіне тыйым салған жөн. Ережелер мен салық-несие саясатының тұрақтылығы экономиканың барлық салаларының өсуінің негізгі факторы болып табылады.
МИИДБ аясында салынған кәсіпорындардың тұрып қалуы мен банкроттығын анықтап, талдау үшін Мемлекеттік комиссия құру қажет. Дәл жасалған диагностика келешекте қателіктерді болдырмауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда мүмкіндігі шектеулі 600 мыңға жуық азамат бар. Мемлекет оларға жабдықтар мен ортопедиялық аяқ киім сатып алу үшін қыруар қаржы жұмсайды. Тәуелсіздік жылдарында осы құралдарды сатып алуға жұмсалған қаржы бұл салада тұтастай индустрия құруға жетер еді. Бұл салаға да назар аудару керек.
6. Өткізу және контрабандаға қарсы әрекет
Ішкі және сыртқы сауданы дамыту, нарықты қорғау, экспортты жан-жақты қолдау, контрабандаға қарсы жалған емес шынайы күрес үлкен маңызға ие.
Сату және өткізуді қолдаудың тиімді құралы – елімізде және шетелдерде бөлшек сауда алаңын жалға алуды субсидиялау. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, құбылмалы нарыққа толықтай сенуге болмайды. ЭЫДҰ-ның дамыған елдері ішкі нарықты қорғау және өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігін қолдау үшін реттеу тетіктерін жасауға және оған белсенді түрде араласуға мәжбүр. Бізге отандық тауарлардың үстеме бағасын реттеуді енгізу керек. Бүгінгі таңда ол 30% деңгейіне жеткен.
Контрабандамен күрес – мемлекеттік саясаттың салаға қолдау көрсету және ішкі нарықты қорғау жөніндегі маңызды міндеті.
Контрабанда мен контрафакт бірінші кезекте шағын және орта бизнеске жасалатын соққы болып табылады, оларды бәсекеге қабілетсіз етеді. Жасанды және сапасыз өнімнен тұтынушыларымыз зардап шегеді. Әсіресе контрабанда арқылы елімізге сапасыз, кей жағдайда балалардың денсаулығына өте зиянды тауарлардың келетіні алаңдатады.
Өз кезегінде, мемлекеттік қазынаға қомақты қаражат түспейді, ал саланы қолдау үшін бөлінетін субсидиялар іс жүзінде құнсызданып кетеді. Осылайша үш рет зиян шегеміз.
Бізге кедендік заңнамаға, нормативтер мен кедендік ресімдерге терең талдау жасау керек, шикізатқа, құрал-жабдыққа, фурнитураға, әрлеу материалдарына алынатын баж көлеміне сараптама жүргізілуі тиіс. Қолданыстағы реттеуші актілерден жемқор мемлекеттік қызметкерлер мен контрабандашыларға пайда әкеліп жүрген олқылықтарды табу және түпкілікті жою қажет.
Кеденде тәртіп орнатпайынша, айқын, ашық кедендік ресімдер болмайынша ұлттық жеңіл өнеркәсібімізді өркендете алмаймыз. Бұған менің еш күмәнім жоқ.
7. Шағын және орта бизнесті дамыту тұрғысында мемлекеттік саясатты әсіресе өңдеу салаларында қайта ретке келтіру.
Бәсекелестікті белсенді түрде қолдау, монополия мен әкімшілік кедергілерді жою, қаржыға қолжетімділікті жақсарту, фискалдық саясат, өзін өзі реттейтін ұйымдарға көмектесу – шағын және орта бизнесті қолдаудың маңызды құралдары.
Жағдайға тұрақты мониторинг жасау, Үкімет пен салалық кәсіпкерлер бірлестіктері арасындағы тұрақты өзара диалог проблемаларды уақтылы және тез анықтап, жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.
Мемлекеттік сатып алудың жылдық бюджетінің кемінде 30%-ы шағын және орта кәсіпорындарға берілуі керек.
Мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізуге құқығы бар кәсіпорындар үшін нақты өлшемшарттар әзірленуі керек, мысалы:
кәсіпорынның құрылған мерзімі (мысалы, кем дегенде 5 жыл), кәсіпорынның да, оның құрылтайшыларының да мінсіз іскерлік беделі, кадрлардың біліктілік деңгейі, заманауи технологияларды енгізу, цифрландыру, құрылтайшылар құрамына қойылатын талаптар.
Шағын және орта кәсіпорындар бірқатар әкімшілік алымдардан тұрақты немесе уақытша негізде босатылуы тиіс. Осындай алымдардың тізбесін толық зерделеу қажет. Соның ішінде жердің құжаттарын ресімдеу, сертификаттар алу және т.б. бар.
Біз жеңіл және химия өнеркәсіптерін дамыту бағдарламасымен тығыз байланысты жаңа «Агроөнеркәсіптік кешен» бағдарламасын жасау жөніндегі бірлескен комиссия құруды Ұлттық экономика министрлігіне, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне ұсынамыз.
Осы ойдың жалғасы ретінде сенаторлар Сенаттың жанынан құрылатын Агроөнеркәсіпті кешенді дамыту жөніндегі кеңестің жеңіл және химия өнеркәсібіндегі функционалын бірден кеңейтіп, оны «Агроөнеркәсіптік кешенді, жеңіл және химия өнеркәсібін дамыту жөніндегі кеңес» деп атауға шешім қабылдады.
Парламенттің жоғарғы палатасында өткізілген тыңдаулар біздің әлі жол басында екенімізді көрсетті. Қысқамерзімді перспективада отандық жеңіл өнеркәсіптің ішкі нарықтағы үлесінің нысаналы көрсеткішін 30%, тіпті 50 пайыз деңгейінде белгілеу туралы ұсыныстар да айтылды. Ең алдымен, мықты құқықтық іргетас қалау, салалық ішкі кооперацияны жолға қою, жоспарлауда аралас салалардың бір-бірімен байланысын қамтамасыз ету, масылдықты туғызбайтын дұрыс мемлекеттік қолдауды айқындау керек деп ойлаймын.
Салаға бүгінде бірінші кезекте сындарлы мемлекеттік стратегия мен соған негізделген саясат қажет. Оған қоса, өз күшімізге деген сенім болу керек.
Сонда осы мақаланың тақырыбындағы «Қазақстанның жеңіл өнеркәсібін жандандыруға бола ма?» деген сұраққа, сөзсіз, иә деген айқын жауап беріледі.
Сонымен...
Коронавирус пандемиясының салдары әлемдік және отандық экономикаға да ауыр тиюі мүмкін. Бұл жақсы емес. Салалардағы үйреншікті байланыстар бұзылды.
Экономиканың барлық секторында жұмылдыру резервтерінің болуы елдің қауіпсіздігі мен дағдарыс жағдайында өмір сүрудің өзекті мәселесіне айналды. Нарыққа бәрін бере салуға болмайды. Өнеркәсіптік саясатты түбегейлі қайта қарау қажет. Күтпеген жағдайларға жауап беру үшін жұмылдыру қуаты мен мемлекеттік резервті қалпына келтіру – өмірлік маңызы бар мәселелер.
Сонымен бірге аймақтар да өз ерекшеліктеріне қарай шұғыл жағдайларға жауап қайтарудың арнайы тетіктерін қарастыруы тиіс.
Біздің экономикамыз икемді болмай шықты.
Соңғы уақытта пандемия мен мұнайға байланысты энергия қорына сұраныстың төмендеуі Қазақстан экономикасы үшін бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер тудырды. Енді барлық институттың беріктігі сыналады.
Бар ресурстарды мүмкіндігінше өңдеу өнеркәсібін дамытуға жұмсау керек деген пікір күмән тудыра қоймас. Бұл әлбетте жеңіл өнеркәсіпке қатысты. Бәрінен бұрын елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ауыл шаруашылығына қатысты.
Қиын кезең келді. Біз көп нәрседен бас тарта аламыз. Бірақ тамақ, киім, аяқ киім әрқашан жеткілікті болуы тиіс.
Агроөнеркәсіп кешені елдің азық-түлік тәуелсіздігін қамтамасыз ететін және халықтың күнделікті тұтыну тауарларына деген негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыратын экономика салалары үшін тәуелсіз шикізат көзі болуы тиіс.
Барлық даму бағдарламасына орын алуы мүмкін дағдарыстарға байланысты түзетулер енгізуге тиіспіз. Бұл – пандемия, климаттың өзгеруі, дұшпандық әрекеттер, шикізат немесе қаржы нарықтарындағы құрылымдық құлдыраулар және еліміз үшін қаламайтын басқа да жағдайлар болуы мүмкін. Алайда біз барлығына дайын болуымыз керек.
Көріп отырғанымыздай, індет адамдарға ғана емес, сонымен қатар әлемдік экономикаға да жұқпалы әсер етті. Ел басшылығының вирустың таралуын болдырмауға бағытталған іс-әрекеттері, халқымыздың табандылығы мен сабырлылығы, шыдамдылығы мен даналығы таяу уақытта бұл індетті жеңуге көмектеседі деп сенемін. Осы қиын сәтте бір-бірімізге барынша қамқорлық жасап, бірге болуымыз керек.
Шын жүректен Қазақстанның гүлденуі мен күш-қуатының артуын, ал халқымызға мықты денсаулық пен амандық, сәттілік пен игілік тілеймін.
Дариға НАЗАРБАЕВА,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы