Бұл туралы Шымкент қаласына қарасты Абай ауданының әкімі Бұқарбай Парманов ақпараттық-коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтып өтті. Қазіргі таңда қаладағы карантинге жабылған «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында әлеуметтік жағдайы төмен, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасылар мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетілуде. «Nur Otan» партиясы ұйымдастырған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында жағдайы төмен 107 отбасыға (616 адам) азық-түлік себеттері тегін таратылды.
- «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы коронавирус инфекциясына байланысты 14 күнге карантинге жабылғаны белгілі. Біз осы қиын кезеңде әлеуметтік тұрғыда әлжуаз отбасыларға барынша қолдау көрсетіп жатырмыз. Елбасы тарсырмасымен ұйымдастырылған «Біз біргеміз!» республикалық акциясының аясында жағдайы төмен 107 отбасыға азық-түлік себеттері тегін таратылды. Сонымен қатар 716 отбасыға 40-50 пайыз жеңілдікпен картоп, пияз, сәбіз, май, ұн ұсынылды, дейді Бұқарбай Рысқұлұлы.
Бұқарбай Парманов тұрғын алабына арзандатылған бағамен бірінші сұрыпты ұн жеткізілгенін, қазір нан бағасы тұрақты екенін айтты. Нан Жаңаталап тұрғын алабындағы (500 метр қашықтағы) наубайханада жабылып, жеткізілуде. Тұрғындарға 75 теңгеден сатылып жатыр.
LTD Тұрмыс ұйымы елдімекенге күніне 2 мезгіл таза ауыз су жеткізіп беруде. Аудан әкімінің айтуынша, елдімекендегі барлық тұрғындар қауіпсіздік талаптарын мұқият орындап, үй карантинінде отыр.
Барлық 2 856 тұрғынға тұрақты түрде тегін медициналық бетперде таратылуда.
Айта кетерлігі, «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабында 132 аз қамтамасыз етілген, 96 көп балалы отбасы тұрады.