Каталониялық «Барселона» клубы футболшыларының жалақысы коронавирустың пандемиясына байланысты азайды. Бұл туралы команда капитаны Лионель Месси Instagram желісіндегі парақшасына жазды.
Л.Мессидің айтуынша, жалақы мөлшері 70 пайызға азайған. Бұған қоса, ойыншылар клубтың басқа қызметкерлері еңбек ақысын толық мөлшерде алуы үшін қосымша қаржы бөлмек.
«Дағдарыс жағдайына байланысты жалақының 70 пайызға азайғанынан бөлек, футболшылар клуб қызметкерлері еңбек ақысын 100 пайыз алуы үшін қаржы жинайтынын айтатын уақыт келді.
Бұған дейін бұл туралы хабарлауымыздың себебі – клубқа көмектесіп, нақты шешім іздеп, осы ахуалдан зардап шеккендерге көмек қолын созу» делінген блауграна капитанының парақшасында.
Мессидің мәлімдемесін іле-шала команда шабуылшылары Луис Суарес пен Антуан Гризманн да өз парақшаларында бөлісті.
Бұған дейін испаниялық бірқатар бұқаралық ақпарат құралы «Барселона» клубының ойыншылары жалақысын азайтуға келіспегені туралы хабарлаған еді. Алайда Л.Мессидің мәлімдемесі ондағы жаңалықтардың жалған екенін көрсетіп отыр.
Айта кету керек, Испанияда коронавирус індетінің тарауына байланысты Ла Лига белгісіз мерзімге кейінге шегерілді. Осы елде қазірге дейін 85 мыңнан астам адам науқасқа шалдығып, 7340 адам қаза тапты.