• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
29 Тамыз, 2013

Ашық аспан астындағы әуен

424 рет
көрсетілді

Үш күнге созылған «Далалық ырғақ-2013» екінші туристік және авторлық ән байқауы «Ақтөбе теңізі» су қоймасындағы «Саяхат» қалалық жағажайында ұйымдастырылды.

 

Үш күнге созылған «Далалық ырғақ-2013» екінші туристік және авторлық ән байқауы «Ақтөбе теңізі» су қоймасындағы «Саяхат» қалалық жағажайында ұйымдастырылды.

Туристік және авторлық әндер фестивалін өткізудегі мақсат автор­­лық ән жанрын дамыту, орындаушы та­ланттарды тауып, олардың шығар­ма­шылық өсуіне көмектесу, туризм мен спорттың белсенді түрлерін наси­хаттау болып табылады. Байқауға отан­дық өнерпаздармен бірге Ресейден өкіл­дер қатысты. Биылғы шараға қаты­су­шылардың құрамы өткен жылмен салыстырғанда анағұрлым көп болды.

Ән байқауын туризм бөлімі облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инно­вациялық даму басқармасымен бірле­­­сіп ұйымдастырды. Ақтөбелік қол­өнер шеберлерінің қолынан шыққан бұйым­­дар үш күн бойы көрме-саудада тұрды.

Алғашқы күні ән-би, этномәдени бірлестіктер ұжымдары, у-шу және капоэйра, бодибилдер командалары өнерлерін көрсетті. Балалар сурет бай­қауына қатысты және құмнан көне ғасырлық ғимараттардың құрылысын салды. Шахмат пен тоғызқұмалақ ұлт­тық ойынынан жарыстар өтті. Мұнымен бірге, қалалық техникалық шығар­машылық орталығының кеме үлгілері үйірмесіне қатысушы жасөспірім­дер өз шеберліктерін көрсетті. Бұл кезде ересек­тер «4х4 Х-терра» жолсыз туризм клубының ретромашиналары мен мотоциклдердің көрмесін тамаша­лап, жағажай волейболынан сынға түсті. Авторлық және туристік жаңа әндер жағажай аспанын әдемі әуенге бөледі. Фестивальдың ашылу салтанатында облыс әкімінің бірін­ші орынбасары Нұрмұхамбет Әбді­бековтің сахнаға шыққан бетте Булат Окуджаваның өлеңін оқып, гитарамен Олег Митяевтің «Біздердің бәріміздің бүгін осы жерге жиналғанымыз қандай жақсы!..» деген әнін шырқауы да салтанатты сәттің бәсін арттырды.

– Адамның көңіл күйі авторлық әндерде мейлінше ашық көрінеді. Сон­­дық­тан мұндай ән мерекелері керек. Мұн­да достық, өмірдің қымбат сәттері, нәзік­тік пен мейірім әуен қанатымен өрі­­­­леді. Менің тұстастарым осындай әсем әндерді естіп есейді, – деді Н.Әбді­бе­ков.

Ресей Федерациясының еңбек сіңір­ген мәдениет қайраткері, Қуандық қалалық мәдениет бөлімінің басшысы және «Қуандық» фестивалінің жетекшісі Виктор Калачев:

– Мұндағы өнер топтарын, оның ішін­де ақтөбелік әншілерді Ресейде де жақ­сы біледі. Мен осы күндері Орскіде өтіп жатқан «Бабье лето» ән байқауынан бас тартып, арнайы осында келдім. Бұл ән байқауында жас әншілерді көріп, та­лантына сүйсіндім. Фестивальдың ұйым­­дастырылуы маған қатты ұнады, – деді.

Біз фестивальды ұйымдастыруға атсалысып жүрген Орынбор облысындағы «АП» шығармашылық бірлестігінің жетекшісі Иван Макашовты әңгімеге тарттық. Ол мұндай туристік және авторлық ән байқауы Орынбор облы­сында үшінші рет өткізілгенін, Самарада өтетін фестивальда өздерінің алаңы бар екенін жеткізді.

– Фестивальды ұйымдастыру арқы­­лы 100 жастың біреуінің қолына сыра­ның орнына гитара ұстатсақ, соның өзі пайда. Мақсат – бард әндерін насихат­тау арқылы жастарды саламатты өмірге жақындату. Міне, фестивальден ұтарымыз осы. Биыл Ақ­төбеде екінші рет өткізіліп отыр. Өткен жы­лы «Сазды» су қоймасында ұйым­дас­тырылды. Туризмді дамы­­­тудың бір тетігі осындай ән байқаулары екенін айтқан жөн, деді ол. Ән байқауының ұйымдастырылуына Орск қаласы­ның «Апрель» авторлық әндер театр-студиясының жетекшісі Лилия Солодова да ризашылығын білдір­ді. Осындағы қолөнер шеберлері көрме-шеберханасында қолөнер тігу­мен айналысатын алматылық Нұ­р­гүл Дәлелхан қарындасымызды кез­дес­тірдік. Нұргүл облыста өткен бір көрмеге қатысып, сонда танысудың сәті түскен. Ол мұндай шаралардан қалмай­тынын айтып, туризмді дамы­туға халқы­­­мыздың қолөнер бұйым­­­дарын насихаттау алғышарт жасайтынын жеткізді. Осы фестивальдің ұйымдас­­тырылуында ерлі-зайыпты ақтөбелік Акчуриндердің еңбегі зор екенін атап өту жөн.

Фестиваль бағдарламасында жарқы­рай көрінген өнерпаздарға арнайы бағалы сыйлықтар мен дипломдар та­быс­талды. «Саяхат» жағажайында ги­тарамен ән шырқағандардың дауысы түннің бір уағына дейін қалықтады.

Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар