• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 31 Наурыз, 2020

Құбылыс

1384 рет
көрсетілді

Әнуар дегенде – ізденумен өткен ғұмыр-ай дегің келеді... Театр сыншысы Әшірбек Сығайдың жүрек түкпірінен ерекше толғаныспен шыққан осы бір сағыныш тұнған сөзі Әнуар әлеміне бойласақ деп қолға қалам алған біздің де ойымызға оралып, санамыздан көлбеңдеп өте берді... Өйткені, Әнуар Молдабеков нәпақасын өнерден тапсам, күнімді көріп, отбасымды асырасам деген көп орындаушының бірі емес еді. Ол – актер дейтін аяулы мамандықтың шын мәніндегі синониміндей әсер береді әр көңілге... 

Шеге – шеберлік

Режиссер Сұлтан Қожықовтың әйгілі «Қыз Жібек» фильмінде Әнуар Молдабеков Шеге рөлімен жарқырай көрінеді. Күні бүгінге дейін Әнуар десе, ең бірінші көз алдына бірде бала мінезді, қуақы да ақкөңіл, бірде жолбарыс жүректі, жомарт пейілді сал Шеге, сері Шеге елестей беретіндігінің де негізгі себебі осы болар. Иә, «Қыз Жібектен» кейін халқы оны Әнуар емес, Шеге деп атап кетті. Демек, бұл – образдың шынайылығы, рөлдің жүрекке жеткендігі. Кино корифейінің сомдауындағы Шеге бейнесі – шоқтықты образ, шеберліктің шыңы. «Қыз Жібектің» түсірілу жұмыстары кезінде Әнуар Молдабековті алдымен Төлегеннің, іле Бекежан рөліне бекітеді. Кейін Шегеге лайық актер табылмаған соң, таңдау ақынжанды, жаны нәзік, жүрегі кең Әнуарға түседі. Актер Әнуар аталмыш рөлді шеберлік шыңына шығарып, режиссер таңдауының мүлт кетпегенін дәлелдеп берді. Жары Баян Имашеваның айтуынша, Әнуар ағамыз Шегенің кейпіне енгені соншалық, дайындық барысында домбыра үйренемін деп сабалап, төрт бірдей домбыраны сындырыпты. Түк шығара алмаған соң, дайындыққа Нұрғиса Тілендиев араласып, домбыралардың «жаны қалған» көрінеді.   Әкім ТАРАЗИ, жазушы, драматург:

– ...«Қыз Жібекті» қайта-қайта көрсеңіз, Әнуардың темпераменті Шегеге сыймай жүргені байқалады. Шеге – образ ретінде батырдың қасында жүрген жай ғана жыршысы. Ал кинодағы Шеге Төлегенді, Бекежанды ойнап жүрген артис­термен бәсекелес. Әр сөзінің өзінде күйініп кетіп, ыза боп кетіп, оқиғадағы басты кейіпкер сол сияқты алға түсіп кетіп, өзін-өзі ауыздықтай алмай қалып, беріле ойнайды. Көрерменнің есінде болса, Төлеген әкесінің рұқсатын ала алмай, Базарба­й бата бермей қойған кездегі Шегені Әнуар соншалықты ғажап сомдайды. Оның артист екенін ұмытып кетесің. Шеге боп халықтың атынан, жыршының, ақынның атынан күйінесің. Себебі бұл жерде Шеге мыңдаған көрерменнің өкіліне айналады. 

«Өтелмеген парыз» һәм Әнуар

Әнуар Молдабековтің актерлік мүмкіндігін мүлдем жаңа қырынан көрсететін келесі рөлі – Серік Жармұхамедовтың «Өтелмеген парыз» фильміндегі Қожабек қария бейнесі. Алпыстан асқан ақсақалдың нанымды қимылы мен шынайы шешімдерін көріп, рөлді бар болғаны 46 жастағы жігіт ағасы ойнап жатыр деп, тіпті де ойламайсыз. Актер табиғатының қария болмысымен астасып, біте қайнасып кеткені соншалық, көз алдыңыздағы Әнуарыңыз бір-ақ сәтте Қожабек ақсақалға айналып жүре береді. Мұны енді шеберлік демей көріңіз! Фильм режиссері Серік Жармұхамедовтың айтуынша, «Өтелмеген парызда» Әнуар Молдабековтің тапқырлық танытып, өзіндік шешімдер қосқан тұсы өте көп. Мәселен, режиссердің ең сәтті шыққан көрініс деп бағалайтын эпизоды – Қожабек қарияның дастарқандағы нанның қиқымын асықпай қолымен сыпырып алып, аузына салатын тұсы. Осы көрініс  Әнуар ағамыздың өз шешімі көрінеді. «Әнуармен жұмыс істеу өте қызық болатын. Өйткені Әнуар экраннан өзіне лайықты детальдар тауып отыратын. Ол деталь қуғыш, анықтағыш, деталь сезгіш актер болатын» – дейді режиссер. Ал жары Баян апайдың әңгімесінен түйгеніміз, Әнуар ағамыз аталмыш фильмде қайын атасын сомдап шығыпты. Түсірілім жұмысы кезінде ауылға бірнеше күнге кетіп қалып, әкесінің табиғатын жіті зерттеп, Қожабек рөлін тың детальдар мен тосын штрихтарға байытқан екен. Әсіресе, ауылдан келіп, қаланың қытымыр тірлігіне тосырқай қараған қарияның балконға шығып, төменге үрейлене қарайтын жері ауыл адамдарының табиғатын дөп басатын аса сәтті көрінісі еді дейді. Бірақ, өкінішке қарай, ол эпизод фильмге енбей қалыпты.

Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстан халық әртісі:

– Әнуарбек ағаның бір ерекшелігі – кез келген рөлді бірден өзіне өлшеп-пішіп алатын табиғатынан алғырлығы. Ойша образын жасап алған актер дайындық барысында одан әрі жетілдіріп, кем-кетігін толтырып, кейіптемек кейіпкерінің жықпыл-жықпылының бәріне жетеді. «Өтелмеген парызды» түсіру кезінде Әнуарбек ағаның осы қасиетіне ерекше тәнті болдым. Мәселен, ұлының өмірге тым жеңіл қарағанына күйзелген қария сол ішкі жан дүние арпалысын жүрісімен-ақ  қалай шебер жеткізеді. Әр қимылына үлкен мағына сыйдыруға жанын сала ізденген актердің қасына еріп жүрудің өзі – біріншіден, жауапкершілік жүктесе, екіншіден, үлкен мектеп. Шыңдалып шыққандай болдым. Бұл кісінің жанында жүріп артық сөз қосу, орынсыз әсірелеп, жасандылыққа бару, қисынсыз қимыл жасау, болмаса ойнап тұрып, басқа бір нәрсеге көңіл аудару мүмкін емес. Өзінің сахналық серігімен кәдімгі адами тілдесіп тұрғанымен, ар жағында өңменіңді суырып алатындай бір өткірлік, жан баласы түсініп болмас бір құпия қатқылдық жатады. Сол күштің әсері болса керек, жанында тұрған сен де жыланға арбалған торғайдай, серігіңнің сөзіне сеніп, өзің де сол деңгейде көрінуге тырысасың. Сол жолда ізденесің.  

«Қан мен тер»

Қайталанбас өзіндік бояу нақышымен көңілге берік орныққан Шеге – Әнуар енді бірде Еламан болып экраннан жалт бергенде, бір-біріне мүлдем кереғар, контрасты бейнелердің қалайша бір актердің бойынан нөпірдей төгіліп жатқанына таң қаласыз. Алапат сезім мен шектеуі жоқ шеберлікке еріксіз бас иесіз. Қай жанрға салса да мұқалмайтын актерлік мол қуатты, кез келген рөлде запырандай ақтарылып түсетін ішкі құнардың молдығына тәнті болып,  таным мен талғам тереңдігін мойындайсыз. Жалпы, өнерге келгенде өзін-өзі аямау, жанын салып еңбектену – Әнуар Молдабековтің табиғатына тән даралық. Әріптестерінің пікіріне сүйенсек, Әнуар Молдабеков қандай рөлге бекітілсе де, соны жеріне жеткізбей қойматын көрінеді. Әрбір кейіпкеріне жүрегінің бір бөлшегін үзіп берер актердің кейіпкер болмысын ашудағы жанын аямауымен қатар, тәнін де аямауы ол кісінің өмірден ерте кетуіне әсер еткені де айтылып қалады сөз арасында. Әсіресе, біз тілге тиек етіп отырған «Қан мен тер» фильміндегі Еламан рөліне дайындық кезінде Әнуар ағамыздың денсаулығы күрт төмендеп кетеді. Рөлге әуелде басқа актер бекітіледі де, түсірілімге екі күн қалғанда мәскеулік режиссер Мастюгин «Молдабековті шақырыңдар» деп, арнайы шақыртып алыпты. Бұл кезді Баян апай былайша еске алады: «Сақылдаған сары аязда Қапшағай жағасында түні бойы байқаудан өтті де, ертеңінде рөлге бекітілді. Бұл жаңалықты өзге актерлер қазақ киносындағы төңкеріске бағалады. Әнуар фильм аяқталғанда құр сүлдері ғана қалып, қатты жүдеді. Денсаулығы да содан кейін сыр бере бастады».

«Қан мен терден» кейін де актер денсаулығына қауіп төндірер талай тәуекелге барады. Мәселен, ресейлік бір фильмде ханның рөлін ойнау үшін 10 келі салмақ қосса, іле бекітілген келесі рөлге дайындық бірден бірнеше келіге арықтауды міндеттеген. Соның салдары денсаулығында сыр береді. Өмірінің соңғы он жылында сусамыр дертіне шалдыққан актер, ақтық күшін де кино алаңында сарп етеді. Дертіне өнер әлемінің небір әділетсіздіктері қосылып, ақыры алапат актерді небары 47 жасында алып тынды. Тазалықпен тұмшаланып, мөлдірлікпен маталған нәзік жүрек оған шыдамады. Сөйтіп, өнерді өмірінен жоғары қойған сахнаның саңлағы Әнуар М­олдабеков өз отына өзі өртеніп, қапияда күйіп кетті... Есіл жүрек солай тоқтады...

Түйін

 «Мәмбетовтік масштабтан Аймановтық аренаға көтерілген» Молдабековтің өнердегі жолы, сахналық тағдыры, актерлік қолтаңбасы ешкімге ұқсамайды, өзінше оқшау, өзінше дара. «Қыз Жібектегі» – Шеге, «Қан мен тердегі» – Еламан, «Ән қанатындағы» – Мұса, «Өтелмеген парыздағы» – Қожабек қария бейнелері ойымызға дәлел. «...Жылдар жылжи берер. Сан буын өзгерер, ұрпақтар орын алмасар. Бірақ ұлы актер Әнуар Молдабеков, сенің орныңның  толар-толмасы екіталай. Әлбетте, талай жастар көрінер, өнер жарыстырар, дегенмен, дәл соның өзі дейтіндей, әй қайдам... Өйткені, Молдабеков – ұлттық сахна өнеріміздегі сирек құбылыс, жарқын да дара тұлға» – дейді әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов. Иә, ол шын мәніндегі, қазақ өнеріндегі құбылыс еді...