Қазағым көршісін құдайдай сыйлаған. Сыйлай да береді. «Көрші хақысы – Тәңір ақысы», «Алыстағы туысыңнан жақындағы көршің артық» деп бекер айтпаған. Небір зұлмат кезеңдерде халқымыз мойымай бір түйір нанымен, бір уыс тарысын көршісімен бөле жеген. Қазақтың кеңдігі осында жатыр емес пе?!
Ал бүгінгі көршілер бір-бірінің үйіне бас сұқпақ түгілі, амандасуға, хал-жағдай сұрасуға уақыт таба бермейді. Осылайша ата-дәстүріміз аяқ асты болып, көпшіл болуды ұмытып барамыз. Бұдан жүрек қатаяды. Үлкенге құрмет, кішіге ізет түсінігі жоғалады.
Міне, осы орайда Қазақстан Суретшілер одағы және ArtCom-ның ұйымдастырумен көптеген іс-шара жүзеге асырылуда. Мәселен, «Korshiler», «Там, где хорошо», «Aul picnic», «Аттракцион Плэйхаус», «Космос Взаимодейстие», тағы да басқа жобалар қолға алынғаны қуантады. Бұл шаралардың мақсаты қала өміріне үйренген жергілікті тұрғындардың күнделікті тіршілігіне өзгеріс енгізу. Қоғамға керек «New progress»-ті жаңғырту. Соның ішінде «Менің көршілерім!» «Korshiler», «Там, где хорошо» жобаларының негізін қалаушы Әйгерім Оспанмен аз-кем тілдесудің сәті туды.
«Бұл жобалардың мақсаты – қала тұрғындарының, көршілердің тығыз қарым-қатынаста болуына әсер ету. Ата-аналардың уақыттары шектеулі болғандықтан, екі жақты тез тіл табыстыру мақсатында балаларын араластырдық. Біз балалармен сурет салып, ойындар ойнадық. Үлкендер бауырсақ пісіріп, дәмін татқаннан кейін барлығының көңілдері көтеріліп, кезекті іс-шарамыз қуанышты леппен аяқталды», дейді суретші А.Оспан. Ата-салтымыздың түп-негізін сақтап, бүгінгі ұрпақтар сабақтастығын әсте дәріптеп жүруіміз тиіс. Өз ауламыздан басталған игі істердің жалғасы баршаға үлгі болуы қажет.
Айым БОЛАТҚЫЗЫ