• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Коронавирус 01 Сәуір, 2020

Инфекционист-профессор: Зертханалар қорытындысына күмәнмен қараймын

599 рет
көрсетілді

Қазіргі жағадайда инфекционист-дәрігерлердің әрбір ойы, пікірі қоғам үшін маңызды болып тұр. Жұқпалы ауруханалардағы жұмысы қауырт қызметкерлердің телефонмен тілдесуге де мұршасы жоқ екен. Десе де біраз ізденісімізден соң 40 жыл бойы еліміздегі жұқпалы ауруларды емдеген, зерттеген және қаншама инфекционист-дәрігерлерді тәрбиелеп шығарған ғалым, дәрігер, Медицина ғылымдарының докторы, профессор Ғалия Ғабдуллақызымен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Бүгінде ғалымдардың күні туып тұрғандай. Әсіресе медицина ғылымының қауһары сынға түсіп жатқан секілді. Біз не нәрсені назардан тыс қалдырдық?

– Бұл түйткілдің тамыры тереңде жатыр. Медицина ғылымы өздігінен бағыт алып, даңғыл жолға түсіп, дамып кете алмайды. Оған қалайда елдің жалпы ғылымға деген көзқарасы, саяси шешімдері мен дамыту стратегиялары тікелей әсер етеді. Мәселен, бұрын Ғылым академиясы ғалымдарды орталықтандырып, үлкен іс тындырды. Кейін оны жауып тастады. Бұл – ғылымға деген немқұрайдылықтың анық көрінісі. Әрине, жең ұшынан жалғасқан жемқорлықтың кесірі көп болғандықтан жабылғанын түсінеміз. Бірақ оның орнын басатын ештеңе жоқ. Ешқандай ғылыми зерттеу жүргізетін, не оны басқаратын адам жоқ. Назардан тыс қалған нәрсені білмеймін, енді көңіл бөлініп жатқандай. Өйткені бізде ғана емес, бүкіәлемдік қоғам ғылымның адам өміріне қаншалықты қажет екенін қауіп келгенде терең түсініп жатыр

– Инфекционист-ғалымды көп іздеп, өзіңізді әзер таптық. Бұл сала шынымен зерттеусіз қалған ба?

– Біздің саладағы зерттеу жайын сұрап отырсың ғой. «Неге әлсіз?», болмаса «Осындай уақытта нәтиже неге көрінбейді?» деген сұрақ та көкейіңде тұрған шығар. Себебі бізде зертханалар көп болғанымен, бәрі жекенің меншігінде кеткен. Оған ешкім көңіл бөлмейді. Мен қазір қабылдауыма іздеп келген науқастың анализдерін жолдаған зертхана қорытындысына күмәнмен қараймын. 50 пайыз ғана сенемін, қалғанын өз тәжірибеме қалдырамын. Дәрігер-ғалым жұқпалы ауруларды зерттеп, медицина ғылымының нақ сол саласын дамытып, ғылыми дәреже алайын десе, шетелдік журналдаға мақала жазу керек. Бұл саладағы мақалаларды қабылдай бермейді, себебі біздің зертханаларға сенбейді. Сенбегені де дұрыс, өйткені сапасы сын көтермейді. Ақшаңыз болса, лицензия аласыз. Осыдан кейін зертхана ашыңыз да жұмыс істей беріңіз. Зертханаларға деген сенім болу үшін сапасын анықтайтын тәуелсіз бақылау қызметі керек. Мұндай қызмет тек өз мамандарымыздан (әйтпесе тағы жемқорлық жайлап кетеді) емес, шетелдік сарапшылардан да құралуы тиіс. Ғалымның зертханалардағы зерттеу қорытындысы, ғылыми жұмысының іс жүзіндегі  нәтижесі көңіл көншітпеген соң, шетелдік ғылыми журналдар мақаласын баспайды. Одан кейін қандай ғылым жасалсын?.

– Гранттық қаржыландыру арқылы зерттеу жүргізуге болады ғой?

– Иә, бірақ жобаларды гранттық қаржыландыру арқылы ғылым жасауға болады дегенге өз басып сенбеймін. Бұл – айлығы шайлығына жетпейтін ғалымдардың күнкөріс қамы ғана. Ғылым кандидаты дәрежесін алуды тоқтатты ғой. Осы атақты алу үшін белгілі бір тақырыпты түбіне дейін зерттеп, нәтижеге қол жеткізесің. Тақырыбыңды жұмыс істеп жүріп зерттей аласың. Ал қазіргі шәкірттерімнен көріп жүргенімдей, докторантурада не оқып, не зерттеп жарытпайды. Ақша табу үшін ғылыми зерттеуіне түк қатысы жоқ жұмыстарға жегіледі. Кандидаттықты қайтаруға болады немесе оның орнын толтыратын бірдеңе болуы керек.

– Өзіңіз С.Асфендияров атындағы Үлттық медицина университетінде болашақ дәрегерлерге дәріс оқисыз. Жастарды ғылымға тарту үшін не істеу керек?

– Жастарды ғылымға қызықтыру үшін олардың алдындағы аға толқын – біздер барлық жағынан үлгі болуымыз керек. Мысалы, мен профессор, доктормын. Ал несі бар? Менде жастар қызығатындай қоғамдық бедел, балалардың бәрі футболист пен әнші болғысы келетініндей жоғары жалақы, атағымды өзімнен бұрын өзгелер, жоғарыдағы мен төмендегісі бағалайтындай ықпал бар ма? Жоқ! Бүгінгі толқынды профессор, доктор, 40 жылдық еңбек өтілі бар деген дүниелермен қызықтыра алмайсың. Оларға көз алдында көрініп тұратын дәлел, «Мен ғылым жолына түссем, осы профессордай адамзатқа қажет адам боламын!» деп ұмтылдыратындай мотивация керек.

– Қазіргі коронавирустың ақуалын кәсіби маман ретінде қалай бағалайсыз?

– Бұл сұрақты қоймаса да болады. Қазір ақпарат деген онсыз да ернеуден асып, адам миындағы қоқыс шелекті толтырып тастады ғой. Сондықтан соның аса пайдасы жоқ.

– Онда мынаны айтыңызшы. Осындай жағдайдың алдын алу үшін қайтпек керек?

– Жұқпалы ауруларды зерттейтін ғалымдар қатарын әрдайым көбейтіп отыру керек. Сонда қауіпті алдын ала болжап, тым болмағанда бұрыннан бар вирустарды жоюды жолға қоюға болады. Жұқпалы аурулар жөнінде бір нәрсе анық, 1 вирусты жойсаң, оның орнына 5-10 вирус пайда болады. Сондықтан үздіксіз даму, дамыту қажет. Жалпы медицина ғылымы дамымаса, медицина дамымайтынын түсінуге тиіспіз.

Бірақ бұл да жеткіліксіз. Өткенді аңсасаң, болашаққа бет алмайтындай, бүгінмен өмір сүруден қашатын адамдай қабылдайтындар көп. Бірақ тарих бізге сабақ алып отыру үшін қажет. Айталық, Кеңес өкіметі кезінде учаскелік дәрігерлердің ең басты міндеті – сау адамдардың денсаулық сауаттылығын ашу, аурулардың алдын алу бойынша жұмыс жүргізу болатын. «Мынау тізімдегі жұқпалы аурулардың алдын алу шараларын қанша адамға түсіндірдің?» деп есеп алынатын. Қазір қалай? Учаскелік дәрігерлердің көбі тек қанша адамды қабылдағаны, жазып берген дәрілері туралы есеп беруден қолы босамайды. Ал өз учаскесіндегі сау адамдардың ауырып қалмауы үшін қандай үлес қосты? Не істеді? Бұл тіпті ұмыт қалған.

Содан соң салауатты өмір салтын сақтауды үйрететін пән мектептерде барлық сыныпты қамтуы қажет. Волеология сабағының белгілі бір сыныптарда ғана өтетінін қоспағанда, оны биология, медицинаның иісі мұрнына да бармайтын адамдар оқытады. Оған қоса «халықтың көзі һәм құлағы» саналатын медиа ресурстары да кешке дейін концерт бере бермей, бір уақыт халықтың салауатты салты туралы сауатын ашуға үлес қосуы қажет.

Бәрін айт та бірін айт, «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөздің қадірін кеш түсінбей, әрдайым санаға сіңіріп тұратындай жұмыс атқарылғаны абзал.

P.s. Сұхбаттан соңғы «сұхбат»:

– Ғалия Ғабдуллақызы, өзекті ойларыңыз бен салмақты сұхбатыңызға рақмет! Суретіңізді қалай алсақ болады?

– Суретке түсуді мүлде жаратпаймын. Сол суретсіз-ақ шығара берші, қарағым.