• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Әдебиет 01 Сәуір, 2020

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ. Коронавирус

935 рет
көрсетілді

(әңгіме)

Академик Қалтай Қарабалин аяқ астынан ауырып қалды. Ол көп шәкірт тәрбиелеген белгілі микробиолог еді. Дене қызуы көтеріліп, бойы ауыр тартты. Тамақ жұтуы қиындады. Тоқсанға келген жасы бар.

Кемпірі жедел-жәрдем шақырды. Дәрігерлер келді де Қалтайдың ыстығын өлшеді.  Ыстығы 38-ден асты. Бұл дәрігерлерді аяқ астынан әбігерге түсірді. 5-10 минут өтпей Төтенше жағдай қызметкерлері де келіп жетті. Дезинфекция жасалды. Бәрінің беттерінде маска бар. Шұғыл түрде қан алып, «тергей» бастады.

- Үйге кім келді, кім кетті? Шетелге барып келген ешкім жоқ па?

 Сұрақ үстіне сұрақ қойылып жатыр.

- Шырақтарым, қорықпаңдар, менің өзім де дәрігермін, ангинам бар еді. Сол ғой ыстығымды көтерген, - деді Қалтай дәрігер мен Төтенше жағдай қызметкерлеріне. – Неменеге қару асынып жүрсіңдер? Бұл сендер ойлаған коронавирус емес...

- Сонда не?

-Бұл іріңді ангина. Кемпірдің айғайына қарамай тоңазытқыштан алып айран ішіп едім. Өзіме де обал жоқ. Басқа түк те емес.

- Жоқ, академик болсаңыз, академик шығарсыз. Сіздің заманыңыз да, ғылымыңыз да өткен. Міне, біздің қолымызда жаңа індеттің белгілері туралы ақпарат тұр. Сол бойынша сіздің індет – коронавирус. Карантинге жабамыз.

- Енді не істейін? Жуынып шайынатын заттарымды алайын...

Қалтай орнынан тұрып сөмкесін ыңғайлай бастады.

- Ештеңе алмайсыздар. Бәрі ауруханада беріледі.

- Айналайындар-ау, мен микробиологпын. Енді айтуға да болар. Баяғыда Аралдағы «Барсакелместе» бактериологиялық зертхананы басқарғанмын.

- Біз ондайды білмейміз. Естіген жоқпыз, - деді беті жылт-жылт еткен, көзілдірікті, инеліктей, қатпа қара жігіт. - Үйіңіз күзетке алынады, қорықпаңыз. Қақпаңызға  ешкім екі метр де жақындай алмайды.

- Әуелі тексеріп алып, ауруға диагноз қоймайсыңдар ма? Осылай апарып қойдай тоғыта бересіңдер ме?

- Қатал болмасақ ешкім бағынбай жатыр. Індет тарап кетсе, халқымыз опатқа ұшырайды. Осыны да білмейсіз бе?

- Білем ғой, содан соң айтып жатырмын.  Шұғыл анализ жасамайсыңдар ма? Сонда бәрі белгілі болып шыға келеді.

- Ондай жедел-зерттеу құралдары жоқ болып тұр.

Кемпір мен шал жедел-жәрдемге отырғызылды. Екеуін қала сыртындағы жедел  жасақталған ауруханаға алды да кетті.

«Айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отау» дегендей оқшау жердегі ескі бала бақша үйі аурухана екен. Гүлжахан кемпірі екеуі бір бөлмеде болармыз деп ойлаған. Бірақ олай болмады.

- Тәртіптің аты  - тәртіп, - деді дәрігер. – Бөлек-бөлек жатасыздар.

- Кемпірімсіз...

- Оған қам жемеңіз, арнайы киімі бар медбике болады.

Жұпыны аурухана болғанымен жағдайы ойластырылған екен. Тамақ та, сусын да беріліп жатыр. Енді тек шыдам керек.

Ертесіне түс ауа тест қорытындысы шығарылды. Қаны таза, кемпірі де дін аман.

Екпе жасалып, таңқурай салынған шәй ішкеннен кейін Қалтайдың жағдайы күрт түзелді. Қиналғаны кемпірінсіз уақыт өтпейді. Теледидарға шұқшиып, күні бойы ақпарат көреді де отырады, арасында концерт тыңдайды.

- Тестілерің сәтті болды, енді үйге апармайсыңдар ма? Тым болмаса маска тағып үйімнің ауласында жүремін ғой.

- Қалтай Қарабалинович, - деді қатпа қара жігіт. – Жөн сұраспаппыз да. Аты жөнім – Нұрлан Қайратұлы. – Бәрі сіздер үшін жасалынып жатыр ғой. Жасы келген адамдарға өте қауіпті көрінеді. Атақты адам екенсіз, түсінерсіз. Ешқандай көмек жасай алмаймыз.

- Неге?

- Тәртіп бойынша, карантин жарияланған кезде сізді үйіңізге қайтара алмаймыз. Неде болса он төрт күн карантинде боласыз. Үш күн сайын тест тапсырасыз. Бәрі дұрыс болса үйлеріңізге жеткізіп саламыз.

Академик Қалтай Қарабалин бұл жағдайды түсінеді. Сондықтан да алғашқыдай реніш танытпайды. Оның үстіне теледидардан Президенттің сөзін тыңдады. Жасалып жатқан шараларға көңілі толды. «Есімі әлемге танылған саясаткер ғой. Індеттің алдын алып жатыр.  Көп жұрт түсінбегендіктен пендешілік сөз айтады. Әйтпесе халық қойдай қырылмай ма? Әр заманның өз ауруы болады. Жолы болсын азаматтың. Баяғыда әкесін танушы едім. Орнықты, тау қозғалса қозғалмайтын мінезі бар, салмақты, салиқалы жігіт еді. Бұл да әкесіне тарта туыпты. Оза да туған. Өйтпесе халық қолдап дауыс берер ме еді?!».

Осындай ойлармен жатқанда тағы да Алланың бір күні атты. Жақсы ұйықтады, тынығып тұрды. Түс әлетінде дәрігермен бірге Нұрлан Қайратұлы келді. Екеуі де скафандр кигендей. Дезинфекция киімдері, үлкен көзілдіріктері бар. Олар әлдебір ғарыштан келген адам секілді көрінеді.

Қалтай екеуіне қарап жымия күлді.

- Маған да осындай комбинезон кигізіп қоймайсыңдар ма? Сонда бап келісетін едік.

- Қалтай аға, күлкі өмір витамині деседі. Бұған қуанбасақ ренжімейміз. Бәрі сақтық шаралары. Сізге өтініш айта келдік. Халықтың біразы бұл індеттің ауырлығын әлі де сезінбей отыр. «Қайтер дейсің, үйренген тұмау емес пе» деп, бейжай қарайды. Сіз секілді аузы дуалы адамдардың сөзі керек-ақ.

Қалам мен қағаз әкеліп береміз. Халыққа тоқтау сөз айтуыңызды сұраймыз. Газетке жариялаймыз. Әлеуметтік желіге қоямыз.

Бұл сөздерді академик жылы қабылдады. Тәртіп болмаса індет індеп кетеді. Халыққа оның зардаптары жөнінде маман ретінде, ақсақал аға ретінде сөз арнағаны дұрыс та  болар.

Қалам мен қағазға біраз шұқшиып, сөзін неден бастарын білмей отырды. «Бисмилләһ», деп бастады. Сонан соң, ақ қағазға өз ойын маржандай етіп жазды. Жас кезінде мектепте «көркем жазу» деген сабақ болған. Сондықтан да жазуы каллиграфиялық деңгейде, әрі әріптері маржандай тізіліп жазылып жатты.

«Өмір сүргім келеді»  деп бастады академик. - Адамзат, адамзат болғалы ұзақ өмір сүргісі келеді. «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» заманды іздеді.

Адам ата мен Хауа анадан жаралған ұрпақтар бәріне де қол жеткізді. Ғылым мен техниканы дамытты.

Өмір жақсарған сайын адамның ниеті өзгерді, әлемді жаулап алуды аңсады. Адамзатқа үстемдік құрғысы келді. Бірақ, соғыстың өз заңы бар, өмірдің де өз заңы бар.

Адамзат сонау көне дәуірлерден бері қанша ма қырғынды көрді, «оба», «сүзек», «тырысқақ» тарады. Халық қырылып жатты. Біздің  халқымыз да, сол қырғыннан өтті, тарихтан көшіп кете жаздады.

Екінші дүниежүзілік соғыс адамзатты ойсыратты, фашизм обадан да ауыр індет екен. Жиырма миллион адам опат болды. Бұл қазіргі Қазақстанның халқынан да көп. Тұтас бір ел жоғалды дей бер. Ойланыңыздар...

Жапонияның Хиросима мен Нагасаки қалаларына ядролық бомба тасталды. Орасан, ғаламат күш адам үшін емес, адамзатты құрту үшін жасалды.

Ядролық атом бомбасының астында қалған екі қаланы да көрдім. Тас балқыған, адамның денесі тасқа сүрет болып түсіп қалғанын көрдім.

Садока деген қыз бала туралы әңгіме естідім. Ол ядролық сынаққа қарсы үндеу айтып, өзенге қағаздан қайық жасап жіберіпті. Онда «ядролық сынақты тоқтатыңыздар» деген жазулар болған. Бірақ қаршадай қыздың жүрек лүпілін Адам естімеді.

Менің өмір сүргім келеді. Кеңестер одағы тұсында Семейіміз ядролық сынақ алаңына айналды. Тірі табиғат, тірі қазақ сынақ нышаны болды.

Бұл нәубет салдарлары ұмытыла ма? Кеңестер одағы қырық жыл ішінде ата-жұрт Семейде 473 ядролық сынақ жүргізді. Оның 90-ны ауада, 26-сы жер үстінде, 374-і жер астында жарылды. Біліп қойыңыздар. Осы жерде химиялық қоспалары бар 175 жарылыс жасалды. Олардың 44-нің он тоннадан астам заряды болды.

1964-1989 жылдары Семей полигонында жер астында қосымша 352 ядролық сынақ жасалды. Олардың ортақ қуаты - 50 мегатоннаны құрады.

Радиоактивті қалдықтар 304 мың шаршы шақырым жерге жайылды. Сонда сынақ астында  1,7 миллион адам қалды.

Радиоактивті сәулелердің кесірінен балалардың өлімі он есеге дейін өсті. Мутант балалар өмірге келді. Жер жарамсыз болып қалды. Ол ұлттық қасіретке ұласты. Ойланыңыздар...

Менің өмір сүргім келеді. Кеңестер одағы мен АҚШ әлемдік билік үшін тайталасты. Ол аз болғандай адамды жаппай қырып-жоятын бактериологиялық қару жасала бастады. Оған миллиардтаған қаржы бөлінді. Әлемде мыңдаған бактериологиялық, микробиологиялық ғылыми-зерттеу институттары мен зертханалары жұмыс істейді.

Мен де сондай зертханалардың бірінде жұмыс істедім. Бұл қорғану үшін қажет деген саяси догма санаға сіңді. Сондықтан да бактериологиялық қаруға қарсы вакцина жасау қолға алынды. Ол үшін бактерия қолдан өсірілді. Біз мұны адамзат үшін қажет деп ұқтық. Бұл біздің елімізде де бар.

Менің өмір сүргім келеді. Қытайда пайда болған коронавирус та жай жарғанаттардан тарамағанын сеземін. Ухан қаласында екі ірі бактериологиялық зерттеу орталығы бар деседі. Сынақ кезінде  вирус кездейсоқ «бостандыққа» шыққан болар. Штамм вирустарын жарғанаттар іліп әкеткен шығар. Біз санасыз жарғанаттар емеспіз ғой. А-д-а-м-д-а-р-м-ы-з!

Коронавирус – жай тұмау емес. Ол – індет. Сондықтан да мемлекетіміздің басшылары, Үкіметіміз айтып жатқан шараларды зердеде ұстайық. Бұл еріккеннің ермегі емес, бәрі халық қамы. Коронавирус адамзатты жұтып қойғысы келеді...

Менің өмір сүргім келеді. Жыландар табиғатты тілімен сезеді, жемтігін тілімен сезінеді. Оның бәрін иіс арқылы қабылдайды. Кейде олар иіс сезу қабілетінен айырылып қалады екен. Онда жылан өз құйрығын өзі жеп, тұншығып өлетін көрінеді. Біз сондай күйге тап болмайық. Қауіпті індетті бірігіп қана жеңе аламыз.Үйде отыру қамалу емес. Санаң бос, қолың бос, оқы, жаз, біліміңді жетілдір, балаңды, немерелеріңді тәрбиеле, ата-анаңды күт.

Менің өмір сүргім келеді.

Академик Қалтай Қарабалин».

Нұрлан Қайратұлы жүректен шыққан сөзді ерекше сезіммен оқыды.

- Қалтай ата, осындай сөз жетпей тұр еді, - деді Нұрлан.- Құшақтайын десем, жағдайымыз мынау. Сөзіңіз халыққа жетер, компьютерге тергізіп, пікіріңізді ұлттық газетке жіберуге рұқсат етіңіз, әлеуметтік желіге салайық.

Академик Қалтай Қарабалин бір үлкен іс бітіргендей керуетіне жатты. Смартфонын қосып кемпірімен, Нұр-Сұлтан қаласындағы қызымен, ұлымен  сөйлесті. Немересі мен шөбересінің аталаған дауысын естіді. Бір рахат күйге бөленді.

Он төрт күн де өте шықты. Қалтай Қарабалин кемпірі екеуі үйіне келді. Бірақ қақпа алдына келгенде құлағына түрпідей тиген сөз естіді. Көршілер маска тағып алып, қақпа алдында айғайлап тұр.

- Карантин уақыты біткен жоқ, неге әкелдіңдер? Індеті жұғады.

- Академик қой, таныстары көп, солар көмектескен шығар?

- Ертең бірдеңеге ұшырасақ осы шал кінәлі.

- Баласы Астанада үлкен қызмет істейді деседі. Оларға бәрі бір. Күзетті алмаңдар. Дүкен аралап кетер. Шал әлі тың, жүрісі ширақ...

Академик Қалтай Қарабалиннің өңі қарайып кетті. Құлағын жапты.

- Адамның сөзі коронавирустен де ауыр екен ғой,- деп күбірлей берді.

Қалтай өмірге ғашық. Оның өмір сүргісі келеді...

Ал Сіздің ше?...

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ