• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
30 Тамыз, 2013

Моноқалалар мәселесі қалай шешімін табуда?

910 рет
көрсетілді

«Заман озған, ой тозған». Қазір еліміздегі көптеген шағын қалалардың күйреген кейпіне қарасаң осы тәмсіл ойға оралады. Әлемдегі білімді елдердің алдыңғы легінде жүрсек те, кең байтақ жеріміздің асты мен үсті қазына-байлыққа толы болса да, шағын қалаларды тым құрығанда күйретпей, өз қалпында ұстап тұра алмадық. Оның өзіндік себеп-салдары көп, әрине.

«Заман озған, ой тозған». Қазір еліміздегі көптеген шағын қалалардың күйреген кейпіне қарасаң осы тәмсіл ойға оралады. Әлемдегі білімді елдердің алдыңғы легінде жүрсек те, кең байтақ жеріміздің асты мен үсті қазына-байлыққа толы болса да, шағын қалаларды тым құрығанда күйретпей, өз қалпында ұстап тұра алмадық. Оның өзіндік себеп-салдары көп, әрине.

Елімізде 87 қала бар. Оның 60-сы шағын шаһарлар екен. Яғни олардағы тұрғындардың саны 50 мыңнан әрі аспайды. Бүгінде осы моноқалалардың 19-ы ғана Үкіметтің 2012-2020 жылдарға арналған дамыту бағдарламасына енген. Қалғандары жетім қозының күйіне енгендей болған. Әйткенмен, Мемлекет бас­шысының «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалып­тасқан мем­­лекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жол­дауын­да беріл­ген тапсырмаға орай, қалған 41 шағын қала да аталған бағдарламада қамтылатын болды. Ол бо­йынша қазір жаңа бағдарлама әзірленіп жатыр.

Кішкентай кенттердің көбісі Кеңес заманында темір жол салу, кен орындарын игеру, рекреациялық нысандарды ашу және т.б. жағдайларға байланысты ірге көтерген-ді. Келешек тағдыры бір ғана кәсіпорынға байланған осындай шағын қалалардың жағдайы Одақ ыдырағанда ылдиға қарай құлдилағаны рас. Өйткені, ірі кәсіпорындардың дені бұрын-соңды болмаған дағдарысқа тап келді. Әредік ес жиғанша заулаған замана озды да кетті. Бүгінде ел Үкіметі соның орнын толтыруға қамданып-ақ жатыр. Аталған бағдарлама осы игіліктің бір дәлелі.

Таяуда Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Өңірлік даму министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі болып өткені мәлім. Сонда Б.Сағынтаев моноқалаларды дамыту бағдарламасының жүзеге асырылу барысын сынға алған еді. Осы сынның негізінде аталған министрлікке сауал салдық. Онда шағын шаһарлардың басты мәселелерін білгіміз келген.

Қазіргі уақытта шағын қалалардың негізгі проблемаларының бірі, білікті мамандар мен инвестицияларды тартудағы экономикалық базаның шектеулілігі мен тиімсіз бәсекелестік ұстанымдары болып отыр. Көптеген өндіріс орындарының технологиясы артта қалған. Негізгі қорлардың тозу дәрежесі де тым жоғары. Бұлармен қатар, еңбек күші де тапшы болып тұр. Өйткені, шағын қалалардағы кәсіпорындар тоқыраған соң, тұрғындар үлкен қалаларға көше бастады, деген вице-министр Қайырбек Өскенбаев бізге қайтарған жауабында. Мұнымен бірге, халықтың табиғи аз­аюы, қартаюы, денсаулық сақтау деңгейі төмендеген. Әлеуметтік-мәдени саланың да оңып тұрғаны шамалы. Инженерлік инфрақұрылым нысандарының дамуы өте баяу көрінеді. Мұның бәрі өндірістің бір ғана саласы дамыған қаланың, қала құрушы кәсіпорындарға толық тәуелділігін білдіреді.

Шағын қалаларды дамыту бағдарламасын сапалы әзірлеу мақсатында министрлік республикамыздағы шағын қалалардың кешенді дамуын зерттеп жатыр. Тіпті, бұған дейін мамандар шетелдердегі кіші кенттерді дамыту үрдістерімен де арнайы танысып келген болатын. Қазіргі уақытта министрлік мамандары барлық көрген-білгені мен зерттеулерін жұптап, Үкіметке нақты ұсыныстарын әзірлеу үстінде екен. Айта кетелік, зерттеудің нәтижесінде еліміздегі шағын қалалардың қаншасы бәсекеге қабілетті әрі экономикалық әлеуеті жоғары екені, ал нешеуінің даму мүмкіндігі шектеулі әрі төмен екендігі анықталатын болады.

Бұйыртса, шағын қалаларды дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жыл соңына дейін қабылданып қалады.

Моноқалалардағы шағын және орта биз­нес­ті екінші деңгейдегі банктер арқылы не­сие­леудің сыйақы ставкасын субсидиялау атал­ған бағдарламада нақтыланған. Сондай-ақ, микро­несиелеу, индустриялық инфрақұрылымды жеткізу және кәсіпкерлерге гранттар ұсыну шаралары да бағдарламаға енгізілген. Министрліктің мәліметіне қарағанда, кәсіпкерлікке қолдау көрсету бойынша сыйақы ставкасы 14 пайыздан көп емес, ақша көлемі 750 млн. теңгеден аспайтын банктердің несиелері бойынша субсидиялау жүзеге асырылады. Олардың 10%-ын мемлекет төлесе, қалған бөлігін бағдарламаға қатысушысы қазынаға қа йтаруы тиіс. Микронесие өзін өзі жұмыспен қамтыған, жұмыссыз және аз қамтамасыз етілген адамдар арасында жаңа жұмыс орындарын ұйымдастырғысы келетін немесе шағын бизнесін кеңейтуді қалайтын моноқала тұрғындары мен оралмандарға беріледі. Бұл несиені кәсіпкер 5 жылдық мерзімге алады. Ал кредиттің ең жоғарғы сомасы 3,0 млн. теңгеден аспауы қажет деп белгілеген, Өңірлік даму министрлігі.

Бағдарламаның өндірістік инфрақұрылымды дамыту туралы бөлімінде де жергілікті кәсіпкерлерге нақты көрсетілетін көмектер айқындалған. Онда жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғырту және кеңейтуге бағытталған іс-шаралар жеткілікті. Ең бастысы, кәсіпкерлердің нысандарына жетіспейтін инфрақұрылымды жеткізіп беру көзделген. Оның ішінде, жолдар мен су желілерін тарту, сондай-ақ, газдандыру, су құбырларын жасау, жылумен жабдықтау, өнеркәсіп алаңдарына арналған қазандықтардың құрылысы мен реконструкциясы, темір жол тұйықтары, телефон орнату, кіші электр стансалары бар. Бұдан өзге, жаңа өндірістер құруға 1,5-3 млн. теңге мөлшерінде гранттар да беріледі. Осы шараларды іске асыру үшін биылғы жылға 4,6 млрд. теңге бөлінген екен. Оның 1,8 млрд. теңгесі сыйақы ставкасын субсидиялауға, 1,75 млрд. теңгесі микронесилеуге, 711 млн. теңгесі индустриялық инфрақұрылымға, ал 300 млн. теңгесі гранттарды ұсынуға ажыратылған.

Тіпті, бағдарлама аясында шағын қалаларда шаруа дөңгелеткен кәсіпкерлерге несиелердің сыйақы ставкасын субсидиялау бойынша екінші деңгейдегі 17 банкпен ынтымақтастық келісімдері жасалып, қол да қойылған. Оған қоса, ірі компаниялардың, мемлекеттің және қаржы институттарының күш-жігерін біріктіру арқылы өңірлердегі ірі компаниялардың айналасындағы тауар және қызмет көрсету жүйелерін жетілдіріп, олардың маңындағы шағын және орта бизнесті дамыту мен қолдау мақсатында серіктестік бағдарламасы әзірленген. Бұл бағдарламаны «Атамекен» одағы, облыс әкімдіктері, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «ӨзенМұнайГаз» АҚ, «Қазцинк» ЖШС, «Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС және «Теңізшевройл» ЖШС бәрі ынтымақтаса отырып, тығыз байланыста жүзеге асырады.

Шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды құру және дамытуды қолдау мақсатымен кәсіпкер­лерге қызмет көрсету орталықтары ашылады. Орталықтар ақпараттық-кеңестік қызметтерді «бір терезе» қағидасымен көрсетеді. Онда даму институттарының, мамандандырылған компа­ниялардың және екінші деңгейдегі банктердің өкілдері кәсіпкерге ақыл-кеңес беріп отырады. Мұндай орталықтар бүгінгі күнде Алматы, Шым­кент, Павлодар, Қызылорда және Тараз қалала­рында қызмет етіп жатыр. Ал ағымдағы жылы олар барлық облыс орталығында ашылады. Былтырдан бастап 27 моноқалада халыққа қызмет көрсету орталықтары негізінде кәсіпкерлікті қолдау орталықтары құрылды. Мұнымен қатар, кәсіпкерлікті қолдаудың жұмылғыш орталықтары іске қосылған. Енді осының шеңберінде кәсіпкерлерге көмек-кеңестер және тренингтер өткізеді. Қазірдің өзінде осындай 14 орталық жұмыс істеп тұр.

Кәсіпкерлікті қолдау құралдарының бірі бизнес-инкубаторлар. Бүгінде 20 бизнес-инкубатор жұмыс істейді. Ол бойынша кәсіпкерлерге қызмет бөлмелері жеңілдік шарттарымен жалға беріледі. Сондай-ақ, бизнесін жүргізуі және дамытуы үшін ақпарат, ақыл-кеңеспен көмек көрсетіледі. Мәселен, Жаңаөзен қаласында жаңа үлгідегі қанатқақты бизнес-инкубатор ашылған. Оның шеңберінде жергілікті нарықты дамыту үшін өсу әлеуеті бар және жұмыс орындарын құрайтын, екі жылдан аспайтын жаңа құрылған компанияларға қызметтер көрсетілуде. Осы кезде бизнес-инкубаторда бизнес-жоспарларды және жобаларды дайындау орталығы, бухгалтерлік және заң қызметтерін ұсынатын 50 кәсіпкер орналасқан.

Аталған бағдарлама биылдан бастап толық іске асырыла бастады. Айтқандай, өткен жы­лы 27 моноқалаға қанатқақты жобамен 6,0 млрд. теңге бөлінген-ді. Шүкір етерлігі, оның иге­рілуі 99 пайызды құрады. Жобада негізінен инже­нерлік инфрақұрылымды дамытуға баса көңіл бөлінген. Өйткені, моноқалалардың дамуын те­жей­тін негізгі проблемалардың бірі – өндірістік инфрақұрылым жағдайының нашарлығы. Әсіресе, көлік тасымалының алыстығы мен автокөлік жолдарының жарамсыздығы өткір мәселе болып тұр. Мысалы, ірі өткізу нарықтарынан, қала агломерацияларынан алыс орналасқан, оған қоса көлік жолының тұйығында тұрған Арқалық, Жезқазған қалаларының дамуы қиындық туғызуда. Инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымның мүшкіл жағдайы шағын шаһарлардың ең маңызды мәселесі. Су құбыры, кәріздер, жылу және электр жүйелерінің тозуы мол қаржылық салымдарды қажет етеді. Тіптен, моноқалалардың жартысындағ ы электр жүйелерінің тозуы 70 пайызды құрап отыр, дейді білетін мамандар.

Дәтке қуат, осы мақсатқа жыл сайын қаражат бөлу бағдарламада қарастырылған. Ағымдағы жылы республикалық бюджеттен 18,7 млрд. теңге, оның ішінде инфрақұрылымның дамуына 7 млрд. теңгеден астам қаражат бөлінген. Бағдарлама қабыл­данған кезден бастап әлеуметтік сала объектілерінің жөнделуіне, моноқалаларды жылумен қамту жүйелерінің күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына көңіл бөлінуде. Былтыр 12 жобаны іске асыруға 142, 2 млн. теңге жұмсалған екен. Ал биыл 9 облыста жылумен қамтуға 33 жоба іске асырылып жатыр. Оларға 1, 9 млрд. теңге бөлінген.

Осы жылдың 25 сәуірінде министрлік Шы­ғыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірге Кур­ча­тов қаласында 27 моноқаланың, мемле­кеттік органдардың, ұлттық компаниялардың, республиканың қала құрушы кәсіпорындары өкілдерінің қатысуымен «Моноқалалар – даму жолдары» тақырыбында халықаралық форум өткізді. Мұндай шараның өткізілу мақсаты алдағы уақытта моноқалалардың индустриялық дамуын және экономикасын әртараптандыру, шағын, орта бизнесті аяқтандыру болды. Сондай-ақ, форумда шетелдік және Қазақстан моноқалалары арасында тәжірибе алмасу да көзделді. Министрлік мұндай форум елімізде алғаш рет өткізілгенін айтады. Келешекте бұл шара жылда ұйымдастырылып, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасу, жаңа технологиялармен ақпарат алмасу үшін диалог алаңына айналады екен.

Иә, бағдарламаның бағдарын бақсақ, шағын шаһарлардың шаруасын түзеуге деген Үкіметтің ниеті де, ықыласы да бар. Енді оны жүзеге асыруда жергілікті мамандар барды ұқсата білсе болғаны.

Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар