• RUB:
    5.4
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    518.99
Басты сайтқа өту
Қазақстан 02 Сәуір, 2020

26 турагенттік клиенттеріне 3,8 млрд теңгені қайтаруы керек - министр

295 рет
көрсетілді

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова еліміздің туристік салаға жасап жатқан және жасайтын қолдауы жайында айтып берді.

Мемлекет басшысы еліміздегі төтенше жағдайға және мемлекеттің дағдарысқа қарсы іс-шараларына байланысты жасаған арнайы мәлімдемесінде бизнес қауымдастыққа экономикалық соққы болатынын атап өтті. Бұл ретте туристік саланың да әжептәуір шығын көретіні белгілі.

«Сарапшылардың есебінше, туризм индустриясына коронавирус індетінен келетін шығын 11-ші қыркүйектегі теракттен де бірнеше есе ауыр болатынға ұқсайды.  Десе де, біздің еліміз осы бір қысылтаяң шақтан кейін туристік саланың еңсе тіктеп кетуіне ықпал ету үшін шағын және орта бизнеске қолдау көрсетудің бұрын-соңды болмаған шараларын қолға алып отыр. Нақтырақ айтсам, шағын және орта бизнес өкілдері биылғы бірінші қазанға дейін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылмақ. «Бизнестің Жол Картасы – 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары аясында экономиканың барлық саласы үшін (6 % өсіммен көмек-қаржы) берілмек», деді А. Райымқұлова.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы мен Үкіметтің дәл осы бизнес өкілдеріне жасап жатқан қамқорлығын, яғни салықтан босату шарасын қонақ үй бизнесі мен туризм саласындағы кәсіпкерлерге дағдарыстан кейінгі кезеңге дайындалу үшін берілген мүмкіндік деп қарастырған жөн.

«Мәселеге тереңірек үңілсек, елдегі туристік саланың дамуына дәл осы туристік операторлардың қосар үлесі қомақты. Өз ақшасымен қоса әр туристен алған қаражаттың қомақты сомасын қонақ үйлер мен әуе тасымалдаушыларына аударып қояды. Ал әлемде мынандай ахуал орнап, тұтастай сала тоқырап қалғанда, сол салған ақшаны кері қайтару механизмі өзге салаларға қарағанда ерекше», деді министр.

Қазіргі таңда 26 турагенттік өз клиенттеріне 3,8 млрд теңгені қайтаруы керек екен.

«Олар бүгінде осы қаражатты қайтару үшін өз серіктестерімен келіссөздер жүргізуге. Ал заң тұрғысынан рәсімдерді шешуге тиісті уақыт қажет. Осыған байланысты, азаматтардан жағдайға түсінушілікпен қарауды және күте тұруды сұраймыз.«Туристік қызмет туралы» Заңның 17-бабына сәйкес туристердің қаражатын туроператорлар iс жүзiнде шығарған шығындарын шегере отырып қайтарады және туроператорлар да өз тарапынан туындаған жағдайдан шығудың түрлі жолдарын ұсынады. Олардың арасында демалыс күндерін ауыстыру мүмкіндігі бар. Яғни, сапарды басқа мерзімге кейінге қалдыруға болады. Осыған ұқсас мысалдар көп», - деді министр. 

Оның айтуынша, министрлік тарапынан мәселені оңтайлы шешу мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігімен бірлесіп, отандық және шетелдік әуе-тасымалдаушылардың қатысуымен кеңес өтті. Онда билеттерді айыппұлсыз қайтару жөнінде шешім қабылданды.Министрлік бүгінде турагенттіктермен төтенше жағдайдан кейінгі кезеңді, ішкі туризмді дамытуға екпін салу мәселелерін пысықтауда.