• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 02 Сәуір, 2020

Басқа мемлекеттерде ұрыс қимылдарына қатысқандарға салықтық жеңілдіктер қарастырылады

179 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінде арнайы заң жобасы әзірленіп, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарына қатысқан ардагерлер үшін салықтық жеңілдіктер беру қарастырылып отыр.

«Ардагерлер туралы» Заң жобасында әлеуметтік қолдау шараларымен қамтылатын ардагерлер санатына басқа мемлекеттердің аумақтарында болған ұрыс қимылдарына қатысушыларды  қосу көзделген. Осыған орай Парламент Мәжілісінің депутаты Кәрібай Мұсырман бір топ депутаттың бастамашылығымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы әзірленін мәлімдеді.

Бұл заң жобасы бойынша алдағы уақытта Ұлы Отан соғысына қатысушылар мен оларға теңестірілген адамдармен қатар, басқа мемлекеттердің аумақтарындағы ұрыс қимылдарының ардагерлерін де салықтар мен мемлекеттік баждан босату ұсынылып отыр. Атап айтқанда, көлік салығынан, мүлік салығынан, соттарда мемлекеттік баж төлеуден, азаматтық хал актілерін тіркеу кезінде төлеуден, нотариаттық іс-әрекеттер жасау кезінде баждан, өзге де әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж төлеуден босату, сондай-ақ күнтізбелік жыл үшін 882 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі стандартты шегерімді қолдану қарастырылады.

Ұсынылып отырған нормалар Тәжік-Ауған учаскесінде жауынгерлік міндет атқарған Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерін; 1968 жылы Чехословакиядағы жанжалды реттеуге қатысқан  әскери қызметшілерді, сондай-ақ ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарын; Ирактағы халықаралық бітімгершілік операцияларына бітімгерші ретінде қатысқан Қазақстан Республикасының әскери қызметшілерін; Таулы Қарабақтағы этносаралық жанжалды реттеуге қатысқан  әскери қызметшілерді, сондай-ақ ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамдарында болған адамдарды қосымша әлеуметтік жеңілдіктермен қамтамасыз етуге бағытталған.