Биыл қазақ әдебиетінің классигі, академик-жазушы Сәбит Мұқановтың туғанына 110 жыл толмақ. Осыған орай Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде “Аса көрнекті жазушы, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Сәбит Мұқановтың шығармашылығы және қазақ әдебиетін оқыту мен зерттеудің мәселелері” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференцияның пленарлық мәжілісінде Сәбит Мұқановтың өмірі мен шығармашылығы хақында, кешегі кеңестік кезең мен бүгінгі тәуелсіздік дәуіріндегі оның шығармаларына деген көзқарастар жөнінде, халық жүрегінен берік орын алған туындыларының көркемдік қырлары туралы, ұрпақ игілігіне айналатын рухани қазынаның маңызы мен мәні, жазушылық шеберліктің құпиялары жайында белгілі әдебиет зерттеушілері Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Темірхан Тебегенов, Төкен Жұмажанов, Серік Мақпырұлы, тарихшы Мәмбет Қойгелді, түркиялық ғалым Шабан Айдоғды, С.Мұқанов пен Ғ.Мүсіреповтің мемлекеттік әдеби-мемориалдық музей кешенінің директоры Әділғазы Қайырбеков және тағы басқалар ғылыми ой-тұжырымдарын ортаға салып, пікір бөлісті. “С.Мұқановтың көркемдік әлемі”, “Академик С.Мұқанов – көрнекті сыншы, әдебиет зерттеушісі”, “Сәбит Мұқанов шығармашылығын, кеңес және қазіргі дәуір шығармаларын орта және жоғары мектептерде оқыту мәселелері” деген тақырыптар бойынша секциялық мәжілістерде елуге жуық баяндамалар қамтылған. Конференция материалдары алдағы уақытта жеке жинақ болып жарық көрмек.
Рашида ОТАРОВА.