Бүгіннен бастап Қызылорда қаласында такси қызметі уақытша тоқтады. Бұл туралы облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев хабарлады.
-Облыстың бас санитарлық дәрігерінің 30 наурыз күні қабылдаған № 4 қаулысына өзгеріс енгізіліп отыр. Осыған сәйкес, бүгіннен бастап Қызылорда қаласы аумағында такси қызметі тоқтайды. Көліктердің қаладан шығуына да тыйым салынады. Өмірлік қажеттілікті қамтамасыз ететін, азық-түлік, дәрі-дәрмек тасымалдайтын, жедел жәрдем, өрт сөндіру көліктеріне кедергі жоқ. Сонымен қатар, қоғамдық көлік 6:00-20:00 аралығында қатынайды, – деді басқарма басшысы.
Аудан әкімдері бұл мәселе бойынша өз бетінше шешім қабылдайды. Басқарма басшысы такси қызметіне салынған тоқтам 14 күнге созылатынын айтып өтті.