• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 03 Сәуір, 2020

Су тасу қаупі бар аумақтарды әуеден бақылады

202 рет
көрсетілді

Ішкі министрінің орынбасары Юрий Ильин бастаған топ Ақмола облысында су тасу қаупі бар аумақтарды әуеден бақылады. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.

Әуеге көтерілген топтың құрамында Ішкі министрінің орынбасары Юрий Ильинмен бірге ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының орынбасары Барат Дұзақбаев, Ақмола облысы әкімінің орынбасары Асқар Мұратұлы және Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Алексей Советов болды.

Олар Аршалы, Целиноград, Атбасар, Астрахань аудандарының аумағын бақылады, сондай-ақ Нұра, Есіл, Колутон, Жабай, Шағалалы өзендерінің арнасы мен Астана, Бесуат, Шағалалы су қоймаларын, Астана контрреттегішін, Преображен су торабын, Диманды суару жүйесін, Айдабол бөгетін тексеріп көрді.

«Ақмола облысында біз Нұр-Сұлтан қаласынан Атбасар қаласына дейінгі су тасқынының қаупін бақылап көрдік. Бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Өзендердің басым бөлігі мұз астында жатыр. Сонымен қатар осы аптада ауа температурасы көтеріліп, мұз қарқынды ериді. Жалпы Атбасар, Талапкер және басқа да елдімекендер бойынша қазіргі уақытта су басу қаупі жоқ деп айтуға болады. Ақмола облысының ТЖД күштері мен құралдары карантиндік режимдегі Талапкер және Жібек жолы елді мекендеріне бағытталып отыр. Сонымен қатар оңтүстік өңірлерден қосымша күштерді тарту жоспарда бар. Апта соңында шешім қабылдаймыз», деді Юрий Ильин.

Атбасар, Целиноград, Астрахан және Аршалы аудандарында су тасқынына қарсы жұмыстарға 150-ден аса адам, 62 бірлік техника мен 15 мотопомпа жұмылдырылды. Жағдай күрделеніп жатса, қосымша 2 500-ден аса адам және 1000-нан аса техника дайын тұр.