Елімізде төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 64 259 адам 42 500 теңге көлемінде көмек алды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі хабарлады.
Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 64 259 адам жаңа әлеуметтік төлемді алды. 2 сәуір сағат 18:00-дегі жағдай бойынша eGov.kz арқылы табысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем тағайындау бойынша 22 928 адам жүгінді, оның ішінде 3 438 адам төлемін алды.
Сонымен қатар Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры төтенше жағдайға байланысты табысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлемдерді бірыңғай жиынтық төлемді төлеуші болып табылатын 60 821 адамға тағайындады және аударды. Олардың ішінде, Нұр-Сұлтан қаласынан - 1 521, Алматы қаласынан - 3 500, Шымкент қаласынан – 8 037, Түркістан облысынан – 6 321 және Алматы облысынан – 13 548 адам алған.
Төлемді тағайындау проактивті форматта, яғни азаматтардың өтінішінсіз жүзеге асырылды. Төлемді соңғы 12 айда кемінде 1 рет БЖТ төлеген адамдар алды.
Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдайлар кезінде табысынан айырылу жағдайына байланысты МӘСҚ-тан әлеуметтік төлем мөлшері бір адамға айына 42,5 мың теңгені (ең төменгі жалақы) құрайды, ол келесі санаттағы азаматтарға тағайындалады: - орта, шағын және микробизнес субъектілерінің қызметкерлері; жеке кәсіпкерлер; жеке практикамен айналысатын адамдар (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор); бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер; нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдар; карантин енгізілген елді мекендердегі ірі бизнес субъектілерінің қызметкерлері.
Еске сала етсек, бүгін Шымкенттегі ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік жәрдемақы алудың тетігі жеңілдетілгенін атап өткен болатын.
- Президент Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде табысынан айырылуына байланысты 42 500 теңге жәрдемақы алатын азаматтардың тізімі кеңейтілетінін мәлімдегені белгілі. Осыған орай аталған жәрдемақыны төлеудің тәртібі барынша жеңілдетілді, - деді Мақсұт Пернебайұлы.
Шымкент