Кешелі бері Сыр бойында тағы 3 адамға вирус жұққаны белгілі болды. Төртінші сәуір күні кешке Шиелі ауданынан 2 адамның, бүгін Қармақшы ауданынан бір тұрғынның бойынан дерт белгісі байқалғаны анықталып отыр. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар алаңында облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жақсылық Әбдісәметов хабарлады.
- Шиелі ауданында індет Петропавл қаласынан келген студенттің бойынан табылған. Оның дертті құрбысына да жұқтырғаны анықталып отыр. Ал үшінші науқас 50 жастағы азамат, – дейді бас дәрігер.
Жақсылық Әбілқасымұлы дертті таратпаудың басты шарты оқшаулану тәртібін сақтау екендігін тағы бір еске салып өтті. Бүгінгі күні қарапайым ғана ережені сақтамағандықтан ел ішін вирус кеулеп барады. Мысалы, алғашқы анықталған науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар арасынан 21 адамның бойынан инфекция табылған.
Бүгінде облыста жалпы саны 31 науқас осы індеттен ем алып жатыр.
Қызылорда облысы