Ол алғашқы операторлық жұмысымен әлемнің ең ірі кинофестивальдарының бірі – Каннға жолдама алды. Кино кеңістігіндегі аса беделді марапат «Азияның Оскары» аталымындағы жүлдеге үміткер болып үлгерді. Онымен бірлесе жұмыс жасауға отандық режиссерлерді айтпағанда, шетелдік киногерлердің де қызығушылығы басым. Жас та болса есімін кино кеңістігіне жазып үлгерген талантты кинооператор Еркінбек ПІТІРӘЛИЕВПЕН әңгімеміз операторлық өнердің құпиясын ашуға бағытталды.
– Әдетте актер, режиссер, жалпы кино түсіруге қатысты шығармашылық топ Канн фестиваліне қатысуды жылдар, тіпті өмір бойы армандап күтеді. Бұл жағынан сізді жолы болғыш адам деуге келетін шығар. Дебюттік жұмысыңызбен Канн фестивалінің төрінен бір-ақ шықтыңыз...
– Иә, бұл енді күтпеген бір тосын жағдай болды. Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің магистратурасында оқып жүрген кезім еді. Диссертация қорғайтын уақыт жақындап қалған. Қорғауға дайындықпен қызу қарбаласта жүрміз. Бір күні телефоныма продюсер Серік Әбішев хабарласып, режиссер Әділхан Ержановтың фильм түсіргелі жатқанын айтып, мені оператор болуға шақырды. Кино түсірген жақсы ғой. Бірақ алдымда диссертация қорғау жауапкершілігі тұр. Ал мен қазір кетсем, бірнеше ай университет бетін көрмеуім анық. Бірақ сонда да бұл ұсыныстан бас тарта алмай, магистратурадағы ұстазым Әубәкір Қалиұлымен ақылдастым. Ол кісі бастамамды қуана құптап, екеуміз бірге диссертацияның алдын ала қорғауын қабылдайтын комиссия мүшелерінің алдынан өттік. Ол кезде Әшірбек Сығай, Бауыржан Нөгербек ағаларымыздың көзі тірі еді. Қызу пікірталас болды. Соңында Әшірбек аға сөз алып: «Кино түсіретін жастар аудиторияның маңайында емес, түсірілім алаңында жүргені дұрыс. Өнер үшін сол пайдалы» деп батасын берді. Сөйтіп ағалардың ақ батасымен, алғашқы фильмімді түсіруге Алматыға жол тарттым. Сапар сәтті болып, «Қожайындар» картинасын түсіріп қайттық. Арада біраз уақыт өткен соң режиссер хабарласып, жұмысымыздың Канн кинофестивалінің іріктеуінен өткенін сүйіншіледі. Басында аса сеніңкіремей, салқын ғана алғыс айтып, тұтқаны қоя салдым. Ал кинофестивальдың өзіне қатысып, қызыл кілемінен жүріп өткен сәттің әсері тіпті бөлек екен. Сөйтіп жұмысымыз халықаралық деңгейдегі айтулы фестивальға қатысып қана қоймай, ағылшын сарапшыларының шешімімен 10 үздік фильмнің қатарына енді. Қазылар алқасының жоғары бағасын алды. Ол кездегі қуанышты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл фильмнен кейін Аустралияға бардық. 2014 жылғы Азия құрлығының 5 үздік операторын таңдады. Сол фестивальда «Қожайындар» фильмі операторлық өнер бойынша «Азияның Оскары» жүлдесіне үміткер болды. Жалпы, бұл картина біздің шығармашылық топ үшін табысты болды. Айтулы фестивальдар биігінен көрініп, шет мемлекеттерде еліміздің абыройын асқақтатып қайттық. Өз командасына қосып, осындай ауқымды жобаны сеніп тапсырған режиссер Әділхан Ержанов пен фильм продюсері Серік Әбішевке алғысым зор.
– Байқаймыз, артхаус бағытында түсірілген, яғни фестивальдық фильмдердің көбі әлемді таңғалдырып жүргенімен, өз елімізге келгенде көрсетілім шекарасы тарылып, кинотеатрлардың өзінде көп көрсетілмей жатады. Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Әлде бізде көрермен дайын емес пе?
– Кино көретін адамдардың барлығының талғамына бірдей жауап беру мүмкін емес қой. Мәселен, үйге қонақ келгенде, кинотеатрға апарайық десек, ол кісілердің таңдауы көбінесе комедия жанрындағы жеңіл фильмдерге түседі. Ол барлық отбасында бар жағдай деп ойлаймын. Мүмкін бұл бүгінгі заманның талап-талғамына байланысты болар. Көрермендердің көпшілігі ойланғысы келмейді. Сондықтан да ойлантатын, философиялық ойға жетелейтін ауыр фильмдерден алыс жүреді. Мәселен, өткенде шетелдік фестивальдардан жүлделі оралып жүрген Әмір Байғазиннің «Өзен», Әділхан Ержановтың «Қап-қара адамдарын» көру үшін студенттерімді ертіп кинотеатрға бардым. Зал бос. Бізден басқа 2-3 бөтен адам бар. Қалған орындар бос тұрды. Сол сияқты биыл бірнеше аталым бойынша «Оскар» сыйлығын иеленген корейлердің «Паразиттерін» де кинотеатрда тамашаладық. Онда да сол жағдай. Керісінше, комедиялық фильмдердің сеансына орын жоқ. Бірақ бір қызығы, біздің елде көрермен жинай алмаған «Паразиттер» өз елінде, яғни Оңтүстік Кореяда ең жоғары көрсетілім жинапты деген дерек оқыдым. Осының өзі көрермен талғамы, мәдениеті деңгейінің арасындағы айырмашылықты бағамдауға жақсы мысал деп ойлаймын. Жалпы, фестивальға қатысуға жолдама алған фильмдердің дені сол елдің әлеуметтік мәселелерін өнер тілінде шынайы ашып көрсетуімен құнды. Мәселен, сіз шетелден небір танымал жұлдыздарды шақырып, Қазақстанның әдемі жерлерін түсіріп, фестивальға жіберсеңіз, ол жұмысыңыз іріктеуден өтпейді. Өйткені шетелдіктер әдемі кадрдан бұрын, ол фильмде кино түсірілген мемлекеттің иісі, әлеуметтік жағдайы ашық көрсетілгенін, сол жайынан сыр қозғалғанын қалайды. Соны күтеді. Осы себепті де фестивальдық фильмдер көруге де, қабылдауға да ауыр келеді. Мәселен, Канн кинофестивалінде «Үздік актриса» аталымында жүлдегер болған Сергей Дворцевойдың «Айка» немесе күні кеше «Оскардың» бірнеше аталымын еншілеген сол «Паразиттерді» алып қарайық. Барлығында елдің әлеуметтік түйткілдері терең қозғалған. Артхаус бағытында түсірілген фильмдердің жүгі де, талабы да басқа. Оған көрерменнің үлкен дайындығы керек. Жалпы, фестивальдық фильмдердің прокаттық өмірі солай өтетін сияқты. Мен бұл сұраққа нақты жауап бере алмаймын. Оны режиссерлер мен кинотанушылардың зерттеуіне қалдыру керек шығар.
– Сіз – отандық режиссерлер ғана емес, шетелдік кино мамандарымен де жиі шығармашылық бірлікте жұмыс істейтін кинооператорлар қатарындасыз. Әсіресе Түркия елі киногерлерімен тандеміңіз жемісті жүзеге асуда. Айтыңызшы, шетелдік режиссерлер мен Қазақстан кино мамандарының жұмыс істеу тәсілінде қандай да бір айырмашылықтар бар ма екен?
– Бұл да өте қызық жағдай болды. Мен 2015 жылы сериал түсірдім де, бір жылдай ештеңе түсірмей тыныштықта жүріп қалдым. Сол уақытта университетте оқитын бір студентім Түркияға шығармашылық тәжірибе алмасуға барды. Сонда Мессу Джейлан деген түрік режиссері мемлекеттің қолдауымен фильм түсіргелі жатыр екен. Содан біздің студенттен: «Қазақстанда қандай жақсы операторлар бар?» деп сұрайды. Ол кісі отандық бірнеше оператордың аты-жөнін ұсынады. Бұған дейін режиссер біздің «Қожайындар» фильмін You Tube желісінен көрген екен. Содан маған хабарласып, шығармашылық жұмыс басталып кетті. Түсірілім өте қызық өтті. Сценарий де тартысқа құрылған екен. Маған ұнады. Одан кейін араға жыл салып Назиф Тунч деген режиссердің жұмысына оператор болдым. Ол картина да бірнеше халықаралық фестивальда жүлдегер атанды. Байқағаным, Түркияда кино мамандары негізінен жасы үлкен адамдар екен. Менімен жұмыс істеген режиссердің өзі – 50-ден асқан кісі. 28 жастағы мені көріп олар қатты таңғалды. Бірақ еш қиындықсыз бірден тіл табысып кеттік. Оператор үшін әр кино үлкен тәжірибе ғой. Түріктермен бірлесе түсірілген бұл фильмдер мен үшін тәжірибе тұрғысынан өте жемісті болды деп ойлаймын.
– Еркінбек, бір сұхбатыңызда: «Оператор режиссер таңдамайды. Керісінше, режиссердің өзін таңдауын күтеді» депсіз. Құпия болмаса, дәл қазір өзіңізге қай режиссерден бірлесе жұмыс істеуге шақыру түскенін қалар едіңіз?
– Иә, бұл мені операторлық өнерге алғаш алып келіп, тәрбиелеген ұстазым Болат Сүлеевтің сөзі болатын. Ол кісі үнемі бізге: «Операторлық өнер келін сияқты. Сендер режиссер таңдамайсыңдар, керісінше режиссер сендерді таңдайды» деп үнемі айтып отырушы еді. Жұмысың көрген жанның жанарын жаулап, назарын аударарлық сапалы болсын дегені. Өйткені операторлық өнер – Қазақстанда аса бір қатты дамыған сала емес. Кәсіби кино мамандары болмаса, көрермендер арасында оператор еңбегіне көп мән берілмейді. Фильмдегі барлық еңбек актерлер мен режиссерлерге телінеді. Ал Түркияда олай емес екен. Ол жақта көрерменнің өзі онлайн конференцияларда операторға сұрақ қойып, түсірілім жұмыстарының ерекшеліктерін талдап айтып отырады. Бұл жағынан келгенде түрік көрермендері біздің киносүйер қауымнан көп ерекшеленеді. Ал енді режиссер таңдауына келсек, шүкір, осы күнге дейін Әділхан Ержанов, Асқар Ұзабаев, Серік Әбішев, Айдын Сахаманов сынды кілең мықты режиссерлермен тандемде жұмыс істедім. Талай нәрсе үйрендім. Бірлесе жұмыс істегім келетін ондай жақсы режиссерлер қазір де көп, әрине. Олардың атын атап, түсін түстегім келмейді. Өйткені олар шынымен көп. Алдағы уақытта да осындай үндескен шығармашылық тандеміміз жалғаса берсе деген тілегім бар. Жалпы, мен кез келген ұсынысқа ашықпын. Бастысы сценарийі қызықты болса болды.
– Сіздің операторлық жұмыстарды сыншылар, режиссерлер, жалпы аға буын әріптестеріңіз: «Жарық пен көлеңкені ұтымды ойната алуымен ерекшеленеді» деп жоғары бағалайды. Рас, жарықты көре білу, түсті сезіну – суретші, оператор мамандар үшін үлкен қасиет. Бұл қабілет сізге қалай келді? Бала кезіңізде кәсіби түрде сурет салумен айналыстыңыз ба?
– Шынымды айтайын, дәл қазір сіз маған сурет салып бер десеңіз, қанша тырысқаныммен тілегіңізді орындай алмас едім. Өйткені сурет салуға келгенде аса шебермін деп айта алмаймын. Фотоға түсірумен де бала күнімнен жүйелі айналысқан жоқпын. Бірақ киноны көп көрдім. Академияда оқып жүргенде шетелдік бір режиссердің сұхбатын тыңдадым. Сонда ол кісі айтады: «Біздің барлық жақсы сәттеріміз – ол балалық шағымыз. Мен әлі күнге дейін бір кадр түсіру үшін міндетті түрде балалық шағыма ойша барып келемін» дейді. Сол сөзден кейін мен де ойланып қалдым. Шынымен де біздің барлық әдемі, әсерлі сәттеріміз, көркем көріністеріміз балалық шағымызда, туған жеріміздің таңғажайып табиғатында жатыр екен. Сол жас күнімізден бойымызға сіңіп, түпсанамызда мәңгілік өшпестей болып сақталып қалған шығар. Сол сұлулық кадр арқылы көркем көрініске ұласса керек. Ал кәсіби түрде жарықпен жұмыс істеуді негізінен ұстазымыз Болат Сүлеевтен үйрендік. Сол кісінің айтқаны мен қолмен ұстатып көрсеткені бүгінде біздің жұмысымызға көп көмегін тигізіп жатады. Жалпы, операторлық өнерде мен қандай да бір жетістікке жетіп, қолтаңбам ерекшеленіп тұрса, ол – ұстазым Болат Қалиұлының ұстаздық еңбегінің жемісі деп білемін. Егер ол кісі емес, басқа ұстазға түссек, білмедім, бүгінде біздің қандай маман боларымызды. Бірақ жалғыз-ақ нәрсені анық білемін – Болат Сүлеевке кездесу арқылы біз өмірде де, кәсібімізде де үлкен лотерея ұтып алдық. Бүгінде Болат ағадан бітірген шәкірттерінің бәрі операторлық өнерді тастаған жоқ. Барлығы осы салада жемісті қызмет етіп келеді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Egemen Qazaqstan»