Жұқпалы аурулар дәрігері Ақбота Әбішбаеваның дамылдамай, әріптестері тәрізді атышулы індетпен күрестің алғы шебінде тәулік бойы пациенттерінің қасынан табылып жүргеніне қаншама күн болды.
Ақбота Мәжитқызымен телефон арқылы сөйлесудің өзі оңайға түспей, әзер дегенде қысқа ғана қайырып әңгімелестік. Өйткені дәрігердің әр уақыты қымбат. Жоғары оқу орнын бітірген 10 жылдың ішінде дәрігер-инфекционист ретінде еңбек етіп келе жатқан Ақбота қазір дәрігерлердің ғана емес, бүкіл отандастарының сын сағатта отырғанын айқын сезінеді. Өйтпегенде ше, күн-түн қатып жұмыста жүрген жолдасы, әскери қызметтегі майор Нұрболат Қаймақбаевты айтпағанда, сонау Қызылорданың Қармақшы ауданындағы енесі, зейнеткер Алтын Сыздықова бұлардың ең үлкені 10, ал ең кішісі 2 жастағы 3 баласын бағып-қағып, елге көмегін тигізіп отыр. «Екеуміздің де жұмысымызға байланысты балаларды ауылға апарып тастадық. Онда интернет бірде бар, бірде жоқ, қосылған уақытында апам балалардың суретін салады, дауысын да ести алмай, сағынып жүрміз, әйтеуір мына қиындықтан аман-есен шығып, отбасымен қауышуды армандаймыз», дейді ол. Айтуынша, алғашқы кезде шетелге шығып келген отандастарымыз карантинге түссе, қазіргі уақытта шекара аспай, елде жүріп-ақ вирусты жұқтырғандар бар. Сосын ауру белгілері білінісімен дәрігерге жүгінбестен, уақыт оздырып, апта аралатып, 10 күн, тіпті одан да асырып келіп жатқандар да жетерлік. Кәдімгі тұмауға ұқсайтын болғандықтан, сырқатының коронавирус екенін ажырату қиын. Нақты анықтау үшін екі түрлі сараптама – бірі, ауыз бен мұрын қуысынан, екіншісі, қанға ПТР әдісімен зерттеу жасалғанда ғана вирустың бар-жоғы белгілі болады. Сондықтан кәдуілгі тұмау тәрізді ауыра бастаса дереу дәрігер шақырған жөн.
– Біз осы аурухананың ішінде, пациенттерімізбен бір қабатта болғанымызбен, бөлек блокта тұрамыз. Тәулік бойы осындамыз, сондықтан пациент жағдайына қарай әрқашан қасынан табыламыз. Ауруларға медициналық көмекпен қатар психологиялық тұрғыда да жәрдем керек болып жатады, сол себепті психолог мамандар да жұмыс істейді. Әйтеуір ел болып жұмылатын уақыт болып тұр, – деп жұмысының ара-арасында әріптестерінің де сұрақтарына жауап беріп үлгеріп жатқан дәрігерге «сіздің уақытыңызды алмайын, ел білуі тиіс нәрселерді өзіңіз айта беріңіз» – дедік.
– Ауру жас талғап жатқан жоқ, кәдімгі қылшылдап тұрған, қайратты адамның өзі індет тырнағына ілінуде, созылмалы дерттері, жүрек-қан, өкпе, сусамыр тәрізді бұрыннан ілесіп жүрген аурулары бар адамдарға қаттырақ тиеді. Сосын өкпеге зияны өте ауқымды. Ал вирус жұқтырғанымен пәлендей денсаулығына салмақ салмай жеңіл түрде өтіп жатқандар да бар. Біріншіден, жеке бастың гигиенасын сақтау, сабындап, дұрыс жуыну, сосын аралас-құраластықты мейлінше шектеу қажет. Тамақ алуға да үйден аптасына бір рет шыққан дұрыс, – деді дәрігер.
Ақбота Мәжитқызынан «осы уақыт ішінде 120 медицина қызметкеріне вирус жұғыпты, сізбен бірге еңбек етіп жатқандар арасынан осы тәрізді оқиға кездесті ме?» деп сұрадық, «Әрине біз пациентке барарда алдымен обаға қарсы арнайы жан-жағы тұйықталған қорғаныш киімін киеміз. Одан кейін екінші қабат тағы киеріміз бар. Бас-аяғымыз тегіс тұмшаланып, шаш тегіс орамал астына жіберіліп, оның сыртынан тағы жабындымен оранып, сыртынан күләпараны киеміз. Аяғымызда арнайы обаға қарсы резеңке етік, соған қарамастан жұққыш пәле жұғып қалып жатыр. Шетелдер де қаншама дәрігер көз жұмды. Бізде шүкір олай емес, болмай-ақ та қойсын, бірақ «сақтансаң – сақтаймын» дегендей, бәрімізге де сақтану керек. Халықтың ішінде осы індеттің қауіпті екеніне сенбей жатқандар бар дегенді естігенде күйіп кете жаздаймыз. Бірақ қазір көпшілік те ұғынған тәрізді, алайда ел ішінде әлі де көршілерге барып шай ішіп, туыстармен қалай араласпай отырамыз дейтіндер болуы мүмкін, сондай жандарға: «Әзірге, араласудан уақытша тыйыла тұрыңыздаршы, мына ауруды еңсерейік, сосын-ақ бір-бірімізбен қуана қауышып, туыстығымызды, көршілігімізді, ағайын-бауырлығымызды бекіте түсеміз дегім келеді. Ауру таралмау үшін үйде отыру маңызды. Індетпен күнделікті арпалысып, отбасын сағынып, жанын шүберекке түйген дәрігер ретінде жұртшылыққа осыны жеткізгім келеді», дейді Ақбота Мәжитқызы.
Дәрігерден сұрап білгеніміздей, аурудан айыққан және 14 күн карантинде болған адамның ПТР талдауында вирус жоғы анықталған соң жергілікті емхана бойынша үйдегі бақылауға жіберіледі.