• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Сәуір, 2020

Төтенше жағдай: Кәсіпкерлердің күйі нешік?

301 рет
көрсетілді

Елімізде төтенше жағдай жарияланғалы айға жуықтап қалды. Инфекцияның өршуінен бірқатар аймақта карантин жарияланып, шектеулер күшейді. Солардың қатарында Қызылорда қаласы да да бар. Жан-жақпен барыс-келіс тыйылып, алыс-беріс азайып тұрған осы мезетте аймақ кәсіпкерлері қандай күй кешіп жатыр?

Облыстық кәсіпкерлік палатасының баспасөз қызметі біздің бұл сауалымызға бірден жауап қатты. Палатада күн сайын мониторинг жасалып, саланың жай-күйі ұдайы бақыланып отырады. Бұлар да қашықтықтан жұмыс істеу тәртібіне көшкен. Бірақ, іскерлерге қолдау көрсету, дағдарыс зардаптарын болдырмау үшін мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды насихаттау бір сәт те үзілген емес.

Төтенше жағдай басталғалы бері теңгенің құнсыздануы мен инфекцияның өршуіне байланысты жасалып жатқан шектеуден жұмысы кідірген 233 кәсіп иесі хабарласыпты. Қазір осылардың 52-сі оң шешім тапты. Қалғандары бойынша да жұмыстар жасалуда.

Шешілген шаруалардың қатарында «Сүйеніш Сағи Қомшабай» ЖК мен «Абзал және К» компаниясының өтініштерін айтуға болады. Алғашқысы несиенің үшінші траншын алу жайлы хабарласса,  «Абзал және К» серіктестігі Ресей Федерациясынан сатып алған ауылшаруашылығы техникасын жеткізу жөнінде көмек сұраған.

Кәсіп иелеріне төтенше жағдайға байланысты несиенің негізгі қарызы мен сыйақы мөлшерлемесін шегеру мүмкіндігі жайлы түсіндірме жасалды. Осы бағытта түрлі қаржы ұйымдары мен екінші деңгейлі банктерге 664 кәсіпкер хабарласқан. Қазір олардың 553-інің өтініші қанағаттандырылды.  

Палата өкілдері сауалдама өткізіп, оған шағын және орта кәсіпкерлік саласындағы 301 кәсіпорында жұмыс істейтін 9219 адам қатысты. Сауалдама облыста осы саладағы 1415 адам ақысыз еңбек демалысына шыққандығын, 48 жұмыс орнының қысқарып кеткендігін анықтады.

Сауда орындары мен базарларды жалға алып отырған кәсіпкерлер үшін жалдау ақысын арзандату осы қиын кезеңде үлкен көмек болмақ. Осы бағытта палата мен жергілікті билік өкілдері бірігіп, кәсіпкерлермен кездесулер өткізді. Оның нәтижесінде «Сыбаға» ЖШС басшылығы «Қорқыт» сауда үйінің жалдық ақысын 50 пайызға қысқартса, «Жібек жолы» кешені кәсіпкерлерден жалдау құнын алуды уақытша тоқтатты.

Палатаға хабарласып, қазіргі қалыптасқан жағдайға байланысты елге көмектесуге дайын екенін білдіріп жатқан кәсіпкерлер де бар. Мысалы, өңірге белгілі іскер азамат Қайрат Боранбаев  өзінің иелігіндегі «Қызылорда»  қонақ үйін уақытша медициналық нысан ретінде тегін беруге бел байлапты. Күріш өсіретін «Абай Дәулет» ЖШС басшысы, бизнесмен Мұрат Сәрсенбаев та палата басшылығына осындай ұсыныс  айтып отыр. Бұл азаматтардың бастамасын қолдап жатқан кәсіп иелері аз емес.