• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Әдебиет 07 Сәуір, 2020

Айнаға қарауға қорқамын (әлеуметтік әфсана)

836 рет
көрсетілді

Қым-қуыт тіршіліктің қамытын киген мына қоғамда «есі дұрыс» адамдардан (Сіз бен Біз) бөлектене оқшау өмір сүретіндер бар. Олардың да аты – адам. Өзіміз сияқты ақыл-санаға ие, екі аяқты пенде болғанымен адам құрлы көрмейтініміз қызық. Әсілі, қызық емес, қорқынышты. Ол адамдардан тым алыс жүруге, лажы болса, көрсек те көрмегендей кейіп танытуға дайынбыз. Әлгі жерде менсінбейміз. Өзімізді олигарх, оларды қара кедей санайтынымыз адамның тәуір күлкісін келтіреді. Әлқисса. Әсте ойға орала бермейтін бұл әңгімені қозғауыма жүрегімді жұлып түсірген бір көрініс себеп болды. Құдай жазудан басқа ештеңеге қыр бермеген соң, қадари-халімізше сұрапыл ойды сұмдық сөздерге салуға тырыстық. Мен айтайын һәм сіз тыңдаңыз.

Беймәлім бақытсыздың көзімен көзім кездескенде Алматының алаңғасар даласы мазасыздануын бастап кеткен еді. Ел-жұрттың үйге қайтар уақыты болған соң әрлі-берлі сабылған машиналар мен қара жаяу халық қала тыныштығын бағана-ақ қашырып жіберген. Қыстың қара суығы аялдамадан үйге жеткенше құшақтап үлгерді. Ауаға үрлеген демім түтінге айналып, көзіме көрініп-ақ тұр.  

Түйенің үш өркешіндей қоқыс астауынан кешкілік нәпақасын іздеген адамдарды бүгін бірінші рет көруім емес. Үй жағымнан ара-тұра кезіктіріп тұрамын. Әсіресе, қол арбасын сүйрей келетін орыс апа (осы маңның тұрақты «қоқыс тазалаушысы») жүзтаныс адамыма айналған. Ал бүгін... мұң арқалаған «мұңсыз» адамды көрдім. Бәлкім, көруге тиіс емес пе едім. Көрген көзге кінә қоймаңыз.

Оның жанарында бір қараған адамды күйдірер от бар. Қара күртешедегі жігіт (шамамен, 25-26 жаста) ұсқынсыз емес, өңді. Бажайлап қарасаңыз, болмысынан «қоқыс ақтарып тұрмын-ау» дегеннің сызы білінбейді. Көзқарасы құлатып, сұлататындай-ақ. Егер жұрт айтатын «адамның қандай екені бір көргеннен білінедісі» рас болса, көз алдымдағы бейтаныс тәуір адамға ұқсайтындай. Мұны дуалдың бұрышынан сығалап тұрған мен анық байқадым. Жақындап бара жатып, тағы ойладым: қоқыстан сәттік «қуанышын» іздегеннің жақсы адам болуы мүмкін бе өзі?..

  

Болады екен кішкентай адамдарда

үлкен арман...

 

          –Сәлем!

          –...

          –Оу, сәлем!

          –...

          –... (әлде мақау ма екен...). Естисің бе, мені?

          –...

          –(әрекетін доғарып, маған қарады. Не істерімді білмей, жымия салдым). «Сәлем!» дедім ғой...

          –Қоқыс тіміскілегеннің бәрі керең деп кім айтты?

          –Ешкім. Өзің үндемегенге...

          –Мені үндетіп қайтесің?

          –Танысуға болмай ма?..

          –(күлді). Бомжбен танысуға келген сенің денің сау емес-ау.

          –Мен бомж демедім.

          –Оны ешкім айтпайды. Тек, бәрі солай ойлайды.

          –Мен бәрі емеспін.

          – Імм...

          –Кәсіпке айналдырдың ба?

          –Иә.

          –Басқа амалың жоқ па, сонда?

          –Балшыққа бір батқан соң шығу қиын.

          –Тырыстың ба?

          –Иә, талпынып көрдім, болмады.

          –Імм...Ұялмайсың ба? Мысалы, менен.

          –Ондай сезім жоқ. Ұятым өліп қалған-ау шамасы (күліп). 

          –Әке-шешең бар ма?

          –Әке-шешем болса, қоқыс «тазалап» жүрмес едім.

          –Тұл жетімдер де дұрыс өмір сүріп жүр ғой.

          –Әркімнің тағдыр-желі әртүрлі соғады.

          –Иә...десек те ұры-қарылардың жанында сенікі адал жұмыс.

          –Жалғыз қуанышым сол.

          –Алдағы өмірің не болмақ?

          –Білмеймін. Бір Құдайдың қолында. Бір күнмен өмір сүріп үйренгенмін. Ертеңіме жоспар құрып, ойлаған емеспін.

          –Өкінішің көп шығар...

          –Жер әлемнің бүткіл қайғы-мұңын басыма үйіп, төккенім ұят шығар.

          –Кімнен ұят?

          –Құдайдан.

          –Ааа... (күлдім)

          – Айнаға қарауға қорқамын.

          –Неге?

          –Өзімді көріп, тіршілігім есіме түседі. Оны ойлаған соң тағдырға лағынет айтасың. Санаңда «неге?» деген жауапсыз сұрақтар көбейіп, осы жаман өміріңнен де түңіліп кетесің. Елдің мендей баласы қызға гүл апарып, отау құрып жатыр. Дос жоқ, туған жоқ, жалғыздан жалғыз...

          –Саған ақыл айтайын десем, ол өзімде жоқ.

          –Ақыл айтпайтындарды жақсы көремін (күліп).

          –Імм...

          –Өзіңнің қандай арманың бар?

          –... (мен күтпеген сұрақ. Арманым көп сияқты еді...бірақ, оның алдында айтатындай арман таппадым) Ондай бір үлкен арман жоқ. Сол ел-жұрттың тыныштығы (күбірлеп).

          –Бақыттысың ба?

          –...Імм...енді, былай, болады, әйтеу (бақытсыздың алдында «бақыттымын» деудің мұндай қиын екенін білсемші).

          –Мен кеше ойладым...

          –Імх?

          –Адамның ең таза кезі – бала кезі екен. Есейген сайын ойың да, өмірің де өзгереді. Қиындықтар көбейеді. Жақсы өмір сүремін деп түрлі амалдарға барасың. Қысқасы, үлкендерден таза адамды (ар тазалығы) іздеудің өзі күнә сияқты.

          – Кітаптың сөзін айттың ғой.

          –Ееее, мен деген, қоқыс ақтарып жүргенім болмаса, мектепте жақсы оқығанмын (күліп).

          –Жассың ғой. Тау құлатар күшің бар. Бәлкім, өмірің өзгерер.

          –Сен ақылдың сөзін айтып тұрсың. Менің өмірімді бір күн сүріп көрші. Қоғамға керексіз кішкентай адамға айналасың. Арман, мақсат дегендерің былай тұрсын...таңертең тірі оянғаныңа қуанасың. Бала кезімде 10-15 жылдан кейін бір жапырақ нанға зар боламын деп ойлады дейсің бе?!

          –Енді бұл жүрісіңе ешкімді кінәлай алмайсың ғой.

          –Иә, кінәлі өзім. Мойындаймын.

          –Кішкентай адамдардың арманы қандай болады екен?    

          –Ыстық тамақ пен жатар орын болса, жер бетінде менен бақытты адам жоқ шығар (жымиып). Таңғалма. Мен сияқтылардың ең үлкен арманы осы.

          –... (мен де жымидым. Жасым булығып, зорлана езу тарттым. Және бұдан әрі жанында тұра алмасымды сездім). Жарайды онда. Мен қайтайын.

          –Ааа...жақсы! Аяқасты... Әлде, дұрыс емес бірдеңе айтып қойдым ба?

          –Ондай ештеңе жоқ. Тек, күн суытып барады ғой.

          –Імм. Мейлі... Жылы киін!

          «Жылы киін!» деген сөз естілгенде мен бұрылып үлгергенмін. Көзімнен төмен қарай ызғытып, бірімен-бірі жарыса екі жолақ сырғанап барады.      

 

Іште қалған сөз

 

          –Жап-жас балаға обал-ақ.

          –Жаның ашымасын. Адам тағдырын өз қолымен жасайды. Бәрі өзінен.

          –Қой, олай деме. Басынан нендей жағдайлар өткенін кім біліпті?! Көрмейсің бе...басқалар сияқты ішкілікке салынған біреу емес: сөзі түзу.

Бірі жылаған, бірі мұңайған, бірі ашулы ойлар өз сөздерін айтып, санамда шулап жатыр. Қоғамда болашақты былай қойғанда ертеңіне сенімсіз, өзге жұрттар бақытқа кенеліп жатқан қалада сүреңсіз өмірінен күдері үзіліп, әйтеу, бір өлмеудің амалымен жүрген адамдарға сырттай жанымыз ашығанмен, бетпе-бет келгенде көмейге келген бірауыз сөзді айтудың қандай қиын һәм жүрекке ауыр екенін байыптай бермейміз. Ол сезімді сезінуге дәтіміз бармайтындықтан, көбіне әлгіндей адамдарға жоламаймыз. Бұл да дұрыс шығар. Сөйлескеніңмен қолыңнан не келеді?.. Жүрегің елжіреп, жаның ашиды. Көңілің құлазиды. Лажы болса, көп ақылыңның біреуін айтарсың. Ал оған ақыл керек пе?..

Әйтеу, біреуге ішімнен ұрсып келемін. Кімге өкпелейсің: тұрмыстың әуресін кешкен қоғамға ма, өмірге әкелген ата-анасына ма, халқының әлеуметтік жағдайын жақсарта алмаған билікке ме, әлде ес білгелі сеніп келген (сене де береміз) Құдайға ма?.. Бәлкім, оның орнына күнде көретін орыс апаны немесе кез келген жасы үлкен біреуді кезіктірсем, бұлай қиналмас па едім... Өзіңмен түйдей құрдас жігітті ондай кейіпте көрудің әсерін құр «аянышты, ауыр, қиын» деген сөздермен жеткіземін деу – бос әуре. Және бұл – журналистің қоқыс ақтарып тұрған адамға жаны ашудан туған әңгімесі емес. Бұл – халықтың мейірімін ояту үшін жазылған мақала емес. Немесе мұнда билікке үміт артылып, қандай да бір әрекетке баруын талап етіп отырған жоқ. Бұл – әлеуметтік трагедия.   

P.S.: «Құдай басқа салмасын!» Осы сөзді апам жиі айтатын. Кәрі адамның үйреншікті сөзі болған соң мағынасына үңілмеппін. Ал қазір аузыма осыдан басқа сөз түспей, күбірлеп келе жатқаным.