(Атақты композитор Еркеғали Рахмадиевпен сыр-сұхбат)
Автор: Ераға, биылғы 2 сәуірде халқымыздың біртуар перзенті, сүйікті композиторы, қазақ операсының негізін қалаушылардың бірі Мұқан Төлебаевтың қайтыс болғанына елу жыл толғалы отыр. Сіз ол кісіні мектептегі бала кезіңізден көріп өстіңіз. Кейінірек те көп араластыңыз. Ол кісінің қазақ өнеріне, музыкасына сіңірген еңбегін, шығармаларын да сізден артық білетін адамды табу қиын. Сіз ол кісіні өмірде – аға, өнерде ұстаз тұтқаныңыздан хабарымыз бар. Сондықтан бүгін сізден Мұқаң туралы өзіңіздің білетіндеріңізді жинақтап, өз алдына жеке әңгіме етіп айтып беруіңізді сұрағалы отырмын.
Еркеғали: Сенің мұның дұрыс болды. Екеуміз көптен бері әңгімелесіп келеміз ғой. Осыдан бұрын Мұқаң туралы саған реті келген бірді-екілі жерде ғана тиіп-қашып айтқан едім. Оларды да қамти отырып, толықтырып, кеңейтіп айтып көрейін. Кешегі Кеңес өкіметінің тұсында Мәскеуде білім, тәрбие алып, қазақ музыкасын бүкіл еуропалық мәдениеттің биік сатысына көтеруге атсалысқан азаматтың бірі – сол Мұқан Төлебаев. Екеуміз бір ауданнанбыз, бір ауылданбыз. Мұқан ағам 47 жасында дүниеден озды. Ол кісінің ерекшелігі – өзіне өзі сенімді, абыржымайтын, асықпайтын, баппен жүретін, арсыл-гүрсілі жоқ адам еді. Істеген ісіне нық, мықты болатын.
Автор: Ол кісіні алғаш қалай көргеніңіз есіңізде ме?
Еркеғали: Ол кісіні алғаш анықтап, жақыннан көруім былай болды. Ауылдың сыртында ақшағыл құм бар еді. Сабақ біткеннен кейін сол жаққа қарасам, шоқайып бір адам отыр. “Кім екен, не істеп отыр?” деп қызық көріп, қасына бардым. Жаңағы кісінің қолында Абай домбырасы бар, бірдемені тыңқылдатып-тыңқылдатып тартады да, еңкейіп қағазға бірнәрсе жазады. Сөйтсем, Мұқаң “Біржан-Сара” операсының алғашқы ноталарын біздің ауылда жазып, қағазға түсіріп жүр екен ғой. Басында солай домбыраның, артынан біздер арбамен жеткізіп берген пианиноның көмегімен жазды. 1944 жылы “операның бір актісін бітіріп кетіпті” деп мұғалімдер айтып жүрді. Сол кезде Нығмет Баймағамбетов Мұқан ағамен бірге келіп, қасында жүрген екен. Ақыры, 1946 жылы “Біржан-Сара” қойылды. Елдегілер шуылдап жүрді: “Алматыда “Біржан сал” операсы қойылыпты, жақсы болып шығыпты” деп. Мұқан ағамыз ол кезде елге келген жоқ. Осы жерде айта кеткеннің артықтығы жоқ, операның әуелгі аты “Біржан сал” болатын. Күләш Байсейітова апамыз Сараның бейнесін ең алғаш сомдады ғой. Сол кісінің ұсынысы, сұрауы бойынша 1947 жылы операның аты “Біржан-Сара” болып өзгертілді де, сахнада сол атымен біржолата тұрақтап қалды.
“Біржан-Сара” операсының қалай болып шыққанын өздерің естіп, көріп жүрсіңдер. Мен “мына опера ана операдан артық немесе кем” деп айтпаймын. Әрқайсысының халыққа жеткізер ойы, ләззатқа бөлер музыкасы болады. Опера 1946 жылы сахнаға шықты дедім ғой, қазір оның қойылғанына 60 жылдан асып кетті. Ондаған жылдар бойына опера театрының сахнасынан түспей келе жатқан төрт опера бар, олар: “Қыз Жібек”, “Абай”, “Біржан-Сара”, “Қамар сұлу”. Қалғандары бірде түсіп қалады, бірде қайтып оралады. Осы төрт опера қазақтың өнерінде берекелі, қайырлы болып халыққа жеткен, жұғымды болып жүрген туындылар.
Автор: “Біржан-Сараны” алғаш сахнаға шығарған кімдер еді?
Еркеғали: Оны ең алғаш сахнаға қойған режиссер Құрманбек Жандарбеков болатын. Қазақтың сол кездегі аса дарынды ұлдары мен қыздары Әнуарбек Үмбетбаев, Байғали Досымжанов, Күләш Байсейітова, Шабал Бейсекова жұп-жұп болып ойнап, басты кейіпкерлердің бейнесін жасап, операны алғаш рет жұрт алдына, жарыққа шығарды. Столяров деген азамат оркестрге дирижерлік етті. Ненашев деген керемет талантты суретші болған еді, сол сахнаны безендірді. Опера бірден-ақ халыққа да, мамандарға да ұнап, жұрттың көзайымына айналды. Шамасы сол 1948 жылдар болса керек, Мәскеуден бір топ комиссия келіп, операны тамашалап, оны Сталиндік сыйлықтың лауреаттығына лайықты деп бағалап кеткені. Содан қазақтың музыка өнерінің бағы жанып, “Біржан-Сара” операсы келесі 1949 жылы Сталиндік сыйлықтың лауреаты болды. Ол уақытта Сталиндік сыйлықтың өзі үш сатылы болатын. Бірінші сатысына – алтын медаль, екінші сатысына – күміс медаль, үшінші сатысына қола медаль берілетін. Мұқан ағамыз күміс медальға ие болды. Кейін, Сталин өлгеннен кейін оның атын КСРО мемлекеттік сыйлығы деп өзгертті ғой. Осы жөнінде мен ойлаймын, қоғамдық жүйедегі өзгерістерге байланысты бұрынғы орын алған тарихи атауларды өзгертіп айту қажет пе, жоқ па деп. Кезінде “Сталиндік сыйлық” дедік пе, солай қалсын. “Сталинград майданы” дедік пе, солай қалсын. Мұның өзі қоғамымыздың тарихы да ғой. Біреуге ұнар, біреуге ұнамас. Бұл жөніндегі өз пікірім осындай.
Ал енді қазақ өнерінің шаңырағының биіктеуі, шыққан белесінің жұрт назарын аудара бастауы, өрлеу дәуірі сол тұстан басталды. Сол кезеңде Брусиловский “Жаса, Қазақстан!” деген кантатасына, Афанасьев скрипкаға арнап жазған концертіне Сталиндік сыйлықтың лауреаттары атанды. Мұқаңнан соң екі жылдан кейін, 1951 жылы Құдыс Қожамияровтың “Ризвангүл” деген симфониялық поэмасы да сондай атаққа ие болды.
Автор: “Біржан-Сара” операсының либреттосын Қажым Жұмалиев жазды ғой.
Еркеғали: Иә, талантты әдебиетші, ғалым, жазушы болатын. Қазақтың педагогикалық институтында ұзақ жылдар ұстаз болып, дәріс берді. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі.
Автор: Ераға, Мұқаң “Біржан-Сараға” кіріскенге дейін де біраз шығармалар жазған ғой?
Еркеғали: Мұқаң күрделі, үлкен жанрларға көшпес бұрын алғашқыда ән жазумен айналысады. Мысалы, оның соғыстың бастапқы кезеңінде жазған “Бесік жыры” деген әні бар. Осы әнде ананың балаға деген махаббаты, мейірі, жүрегінің жылуы анық аңғарылады. Бұл ән өзінің шынайылығымен баурайды. Соғыс бастала салысымен ол “Соқ, барабан!”, “Жорық”, “Семсер”, “Таня туралы жыр” сияқты әндерін жазды. Бұл шығармалар халықтың рухын көтеру, оларға жігер беру үшін жазылған ғой. Олардың кейбіреуі 1942 жылы шыққан “Көтеріл, ер халық!” атты жинаққа кірген. Оның сол жылдарда жазған “Кестелі орамал”, “Тос мені, тос” сияқты әндері майданда жүрген азаматтардың ауылда қалған қаракөз қарындастарына жазған хаты тәрізді, берген уәдесі секілді, солардың махаббаттарының шырқырап шыққан дауысы сияқты болып естілетін. Бұл әндерде күйректік, жылап-сықтау жоқ, бірақ майданда жүрген жауынгердің сүйген жарына деген құштарлық сезімі, әрі қайта ораламын ба, оралмаймын ба, бұл дүниеде қайта кездесеміз бе, жоқ па деген сағыныш сазы бар. Олардың сол кездерде жалпы жұртшылықтың ең сүйікті әндеріне айналып, махаббат гимні сияқты болып кеткенін біздер білеміз. Ал енді қазір “Тос мені, тосты” да, “Кестелі орамалды” да осы күнгі әншілердің көбі айта алмайды, айта білмейді, айтып та жүрген жоқ. Мұқаңның жаңағы аталған екі әні, соғыстан кейінгі жылдарда жазған “Мен көрдім ұзын қайың құлағанын”, “Ақмарал, сұлу еркем-ай”, “Жастар вальсі” сияқты әндері қуаттылығы, әсерлілігі жағынан ән деп аталатын үлкен кәсіби өнердің шоқтығы биік шығармалары екені сөзсіз. Өзінің осы туындылары арқылы ол ән мәдениетімізді жоғары сатыға көтеріп тастаған еді деп айта аламыз.
Мәскеуде оқып жүрген кезінде Мұқан ағам “романс” деп атап, Сұлтанмахмұттың:
Көп жүрдім, шыдайын деп іштен жанып,
Кейде олай, кейде былай ойға қалып, – деп басталатын өлеңіне әдемі әуен жазған. Ол кісінің бір ерекшелігі бұрынғы бір жазғанын кейде басқа жерде де қолдана салатын. Соны кейін “Біржан-Сарадағы” Жанботаның ариясы етіп қайта пайдаланды ғой. Ал ол әуел баста Сұлтанмахмұттың өлеңіне жазылған романс еді. Италияның Доницетти деген композиторы болған, 17 ғасырдың аяғы 18 ғасырдың басында. Алпыстан артық опера жазып кеткен.
Автор: Алпыс опера деген масқара көп қой.
Еркеғали: Тіпті 68 болуы керек шындығында. Сонда сол кісінің әуендері бір операдан екінші операға көшіп жүре береді екен. “Мынау ана операда болып еді ғой” десе, “онда тұрған не бар, музыка менікі ғой, қайда қойсам өз еркім”, – дейтін көрінеді. Мұқан ағам да солай болатын. Жалпы, өте талантты адам ғой. Содан кейін апыр-топыр даңғырлатып, рояльде ойнап, көпіртіп жаза бермеген. Алдымен бірнәрсені жазып қойып, ертеңіне, не бір-екі күннен кейін қайтадан қарап, иін қандырып, былайша айтқанда кәдімгі зергер сияқты жұмыс істейтін. Ол жағынан Мұқан ағамыз Ғабитке ұқсайтын. Ғабең де солай ғой. Ол кісі де көпіртіп жазбайтын, ал жазған дүниесіне өте тиянақты еді. Сөздердің орнын ауыстыруға, иә болмаса бір сөзді алып тастауға болмайды ол кісіде. Шеберлігі керемет. Көп жазбайды, бірақ көп ойланып барып жазатын. Екеуінде бір ұқсастық бар еді. Талғампаздықтары да келетін. Өздеріне биік талап қоя білетін. Апыр-топыр жазып, сиясы кеппей жатып, бір жаққа апарып өткізіп, содан шыға салып алған гонорарына арағын ішіп жүретіндер де бар ғой. Мұқан ағамыз сабырлы кісі еді, күлгенде де біз сияқты қарқылдап күлмейтін еді. Ол кісінің қарқылдап, не саңқылдап күлгенін бір рет те естіген емеспін. Оң жақ езуін ақырын ғана тартып, жымиып қана қоятын. Сырын шашпайтын адам еді. Ғабең де ашуланса да, рақаттанып қуанса да артық бір сөз айтпайтын еді ғой. “Пәлен екенсің, түген екенсің” деп біреуді балағаттап, даттап жатқанын естіген емеспін. Ашуланса, әрине, қатты ашуланатын.
Автор: Ераға, сіз консерваторияны бітірген соң Мәскеуде аспирантурада оқыдыңыз. Сол жылдарда үйлендіңіз. Алматыға қайтып келген соң 1958 жылы консерваторияның фольклор кабинетінің меңгерушісі болып қызмет істей бастадыңыз. Сол жылдарда Мұқаңмен кездескен, араласқан кездеріңіз болған шығар?
Еркеғали: Болды ғой. Сол 1958 жылдың қысына қарай Мұқаң: “Маған келіп жолығып кетсін”, деп сәлем айтыпты. Шақырған соң бардым. Абылайхан мен Құрманғазының жоғарғы жағында мемориалды тақтасы тұр ғой, сол үйде тұратын. Келіп едім, сәлемімді алды да:
– Әй, сен елге барып қайтпайсың ба? – деп сұрады.
– Мұқан аға, қыстың көзі қырауда не бар? – дедім.
– Оның мәнісі бар. Мені депутат етіп сайлайын деп жатыр. Сен маған еріп жүресің. Басқа да алып баратын жігіттер болса айтарсың, – деді.
– Депутат болатын сізсіз, мен не бітіремін? – дедім.
– Сен депутаттың атқосшысы боласың, – деді Мұқан ағам миығынан жымиып.
– Ал, болайық. Сонда менің не істеуім керек? – деп сұрадым.
– Депутаттың атқосшысы былай болады, – деп ол кісі сөзін жалғады. – Мен ұйықтасам, сен ұйықтамай отырасың. Мен тамақ ішкенде, сен тамаққа қарамайсың. Сөз сөйлеуге келгенде мен сөйлемеймін, сен сөйлейсің. Трибунаға шығу керек болса, трибунаға шығасың. Халықтың алдында сөйлеу керек болса, халықтың алдында сөйлейсің. Отырған жерде айту керек болса, отырған жерде айтасың. Ертеден қара кешке дейін мені мадақтап, мақтай бересің, мақтай бересің. Міне, сенің негізгі жұмысың осы, – деді. Қалжыңбас кісі болатын, маған қалжыңдап отыр ғой.
Содан пойызға мініп, жүріп кеттік. Бөрілітөбеге келдік, Лепсіге. Ол уақытта аудан кезі. Ауданның бірінші хатшысы Нүсіпбеков деген кісі бізді күтіп тұр екен. Боран деген ұлып тұр. Лепсінің бораны қиын болады. Қиыршық қар мен топырақ екеуі қосылып ұшқанда кәдімгі наждак қағаз секілді бет-аузыңды осып жібереді.
Автор: Соны қазақша зімпара қағаз деп жүрміз.
Еркеғали: Иә, сол зімпара қағаз секілді.
Содан келдік. Расында да, барлығы Мұқаңның айтқанындай болды. Ауданның орталығында құлайын деп тұрған, нашар бір мәдениет үйі бар екен. Сонда жиналыс өтті. Мен Мұқаңның сенім артқан адамы ретінде Төлебаев деген кім, қай жерде туды, не бітірді, не жазды дегенді салдырлатып ұрып жатырмын. Ол кісі бірінші рет Жамбыл облысынан депутат болған еді. Енді екінші рет өз елінен депутат болғалы тұр...
Сөйтіп ағамды қолпаштап барып қайтқанмын сол жолы. Сол кезде жантайып жата беретін көбіне. Тілеуке деген аталас ағасы бар еді, соның үйінде болдық, басқа үйлерде болдық. Қыстың күні Балқаштың бауырында, өзендердің жағасында отырған ел соғымға көбіне сиыр сояды, сиырдың еті көже-қатыққа жақсы болады деп. Сол жолы анық байқағаным, ол кісі кейбіреулерге ұқсап артық сөйлеп, артық уәде бергенді ұнатпайды екен. Өзінің ауылы “Үлгі” колхозында сөйлеген сөзі есімде.
– Алдын ала айтып қояйын, сендерге депутат болған соң осы “Үлгінің” құмын көшіріп жіберемін, үй салып беремін, осы араны гүлстанға айналдырамын деп айта алмаймын. Егер сайлаған депутатымыз “Үлгінің” белес құмдарын көшіріп тастауға тиіс десеңдер, онда сайламай-ақ қойыңдар, – деп күліп, өзгелерді де күлдірген еді, жарықтық.
Содан тағы біраз уақыт өткенде, келесі 1959 жылы Мұқан ағам мені қайта шақырды. Қанша дегенмен ауданымыз бір, ауылымыз бір, іш тартатын болса керек. Оның үстіне менің ана жерде, мына жерде ептеп атағым шыға бастаған. 1955 жылы Москвада өткен студент композиторлардың конкурсына қатысып, “На зов Абая” деп атап, фортепьяноға жазған поэмама бірінші орын алғанмын. Одан кейін “Амангелді” деген поэмамды жаздым. Солар да есінде болса керек. Шақырған соң бардым. “Сен не істеп жүрсің?” деп сұрады. Ол уақытта консерваторияда оркестрлеуден сабақ беретінмін. Содан айтты:
– Сен ертең министрлікке бар, Бектембай Қосымов деген министрдің орынбасарына жолық. Сен мына Жамбыл атындағы филармонияға көркемдік жетекші боласың, – деді. Шошып кеттім.
– Мұқан аға, менің шамам келмейді оған, – деп ойбай салдым. Ол уақытта бәлен ансамбль, түген ансамбль дегендер жоқ. Құрманғазы атындағы оркестр де, симфониялық оркестр де, хор капелласы да, Лидия Григорьевна Чернышева деген әйел құрған ән және би ансамблі де, барлығы бір филармонияда болатын. Жүзден артық солистері бар. Белгілі әншілер Жүсіпбек Елебеков, Қали Байжанов, Қосымжан Бабақов, А. Әбішев (толық аты қазір есіме түспей тұр), Әли Нұғыманов, Жамал Омарова, Рәбиға Есімжанова, Роза Бағланова, бишілер Шара Жандарбекова апам, кешегі Нұрсұлу Тапалова апам, тағы басқалар, қобызшылар, бәрі сонда бір-ақ жерде. 300-ден аса адам жұмыс істейді.
Мұқан ағам оң жақ миығымен ғана ақырындап “иһ” деп күлетін еді, жарықтық. Сол әдетімен “иһ” деді.
– Онда жүргендердің тоқсан пайызының сенің біліміңнің жартысындай білімдері жоқ. Басқарып кетесің, барасың, – деді. – Олардың ішіндегілердің қайсысы консерваторияны бітіріпті, қайсысы аспирантураны бітіріпті? – деді. Одан әрі қарсыласып үндемедім. Кетіп қалдым. Ертең пәлен уақытта бар деді. Бардым.
Осы мына Гоголь мен қазіргі 8 наурыз көшесінің бұрышында екі қабатты кірпіш үй болды ғой, бер жағындағы ағаш үй кейін қосылды. Ол кезде сол ағаш үй ауыл шаруашылығы институтының жатақханасы болатын-ды. Келдім. Министрдің орынбасарының шағындау ғана қабылдау бөлмесі бар екен. Кірдім. Отырдым. Біреу кіріп жатыр, біреу шығып жатыр. Қабылдау бөлмесінде отырған әйелге: “Мен Бектембай ағаға келіп едім, Рахмадиев келді деп айтыңызшы”, дедім. Рахмадиевті кім біледі ол уақытта. Содан бір уақытта “кірсін” депті. Кірдім. “Салаумәлейкүм” деп сәлем бердім. Өзі шағындау ғана, арықтау келген, ықшамды, қолтоқпақтай қараторы азамат екен. Мінезі шақарлау болса керек. Сәлеміме жауап берместен:
– Немене, сен бесіктен белің шықпай жатып ел басқарып, художественный руководитель болғың келетін көрінеді ғой, – деп дүрсе қоя берді.
Өзім де жүрексіне-жүрексіне келген едім. Шошып қалдым.
– Мұқан аға жіберіп еді, онда мен кеттім. Беке, менің ондай ойым жоқ еді. Мұқан сізге бар деген соң келіп едім, – деп, айналып кетіп бара жатыр едім, “әй, тоқта” деді. “Мінезің шапшаң екен ғой”, – деді. Үндеген жоқпын. “Отыр” деді. Отырдым.
– Мұқан екеуіміз келіскенбіз, ертең өзім алып барамын, ұжыммен таныстырамын. Бірақ шапшаңдықты қой, ол арада кімдер бар екенін білесің бе? Олармен шапшаңдық көрсетуге болмайды, – деді. Байқасаңыз, бір ауыз сөзбенен маған үлкен үлгі көрсетіп отыр ғой, кім болуым керек, қалай сөйлеуім керектігін. Сөйтіп, филармонияға көркемдік жетекші болып кеткенмін.
Автор: Өткенде, бір әңгімеңізде Мұқан ағамыз өзінің кейбір қатар-құрбыларымен әзілдесіп жүретінін айтқан едіңіз. Әсіресе Шәкен Айманов екеуі көбірек әзілдесетін дегенсіз. Бойы биіктеу, денесі де, аяқкиімі де үлкенірек Шәкен кездесіп қалған жерде көбінесе Мұқаңды иықпен қағып: “Бойды қара, түрді қара, аяқтағы киімді қара”, деп тиісіп ойнайтынын айтқансыз. Ол екеуі жөнінде Қанабек Байсейітов марқұм күлдіргі әңгіме айтатын еді дегенсіз. Сол әңгімені осы жерде айтып беріңізші.
Еркеғали: Жалпы, Мұқан ағам жайшылықта, әдетте қарқылдап күліп, жарқылдап жүрмеуші еді дедім ғой. Өзі де, сөзі де сабырлы болатын. Оң жақ езуімен жайлап қана “иһ” деп күлетінін айтқанмын. Бар күлкісі сол. Қазақша айтқанда, шарасынан аспайды, таспайды. Біреулерге жаратпай қарап, көкірегін кермейтін еді. Бойы биік емес, орташалау болатын. Шәкен екеуі құрдастау еді. Шәкен 1914 жылғы да, Мұқан ағам 1913 жылғы ғой. Екеуі кездескен жерде көбіне алдымен Шәкен тиісіп, ойнайтын.
Қанабек Байсейітов марқұм Мұқан мен Шәкен туралы күлдіргі әңгіме айтатын. Жамбыл туралы кино қойғанда бәріміз Ленинградта бірге болып, “Астория” деген қонақ үйде жаттық дейтін. Сонда Қанекеңе үлкен бір люкс бөлме тисе керек, өзінің айтуынша кеңдігі – атшаптырым. Сол бөлмеде Қанекеңе келген жігіттер, ішінде Мұқан мен Шәкен де бар, шәй-пай ішіп, тамақ ішіп, басқасын ішіп, дуылдасып отырады ғой. Біраздан кейін жігіттердің қайсыбірі қыза бастайды. Бір уақытта әдетінше Шәкен Мұқанға соқтығыңқырап, қаттырақ қалжыңдап, кейде тіпті жанына бататындай да сөз айтып отырды дейді. Бірақ Мұқан оларды шыбын шаққан құрлы көрмей, жайбарақат, сабырлы қалпынан өзгермепті. Содан басыма осыларды бір күрестіріп көрейінші деген ой келді. “Әй, Шәкен, мына Мұқанмен күресесің бе?” – деп сұрадым дейді. Мұқан ағам ақырындап, оң жақ езуімен жымиыпты да қойыпты. Ал Шәкен “күресемін” деп жұлқынып шықты дейді. Шәкен енді бойы биіктеу, ақсарылау келген, үлкен, сүйекті адам ғой. Мұқан оған қарағанда шағындау денелі. Сол түріне қарамастан, ол да тартына қоймапты. Содан екеуі ортаға шығып, күресіп кетіпті. Бір уақытта Мұқан ағамыз ананың бауырына кіріп кетіп, шалып жіберіп, кілемнің үстіне сарт еткізіп жығады да, үстіне шығып, кеудесін баса қалады. Сонда анау: “Тұр, тұр, қапыда кеттім, сен дұрыс жасаған жоқсың, қайта күресеміз”, дейді намыстанып. “Сосын мен де қалжыңдап, күлдіріп, жарайды, қайта күресіңдер деп едім, екеуі қайта күресті” дейтін көрінеді Қанабек ағамыз. Мұқан екі қолымен қарсыласының шабынан тіреп тұрып алады, өзіне жақындатпайды. Анаған шалғызбайды, бауырына қарай тартқызбайды. Шәкен оны жығам деп ары бұлқынды, бері бұлқынды, сөйтіп жүргенде өзі келіп қақпанға түсіп қалды. Қолайлы бір сәтте Мұқан қайтадан ішке кіріп кетіп, шалып жіберіп, ыңқ еткізіп жерге ұрды дейді. “Мұқанның палуандығын сонда көрдім”, – дейтін еді Қанекең. Содан соң: “Әй, Мұқан, менімен күресесің бе?” – деп сұрадым дейді. Мұқан күлді дейді: “Қанеке, мен ағамның жағасынан алып көрген жоқпын, алмайтын да шығармын. Әйтпесе көрдіңіз ғой, мынаны не қылғанымды”, – деп. Ал, Қанекеңнің өзі енді ірі денелі, зіл ғой. “Зіл” деген сөзді білесің бе? “Піл” деген болады, “зіл” деген болады. Ол ана бегемот. Сондай эпизодтар еске түседі.
Автор: Қазақтар, әдетте, “зіл батпан” дейді, “зілдей ауыр” дейді.
Еркеғали: Міне, сол сөзден шыққан, сусиырды айтқан.
Автор: Қазір қай сөздік екені есімде жоқ, солардың бірінде “зіл” деп өте-өте ертеде өмір сүрген, қазір жоғалып кеткен “мамонт” дегенді айтады деп жазылғаны есте қалыпты. Сонда мен ойлаған едім, мамонттар өмір сүрген кезде қазақтар, қазақ тілі болды ма екен деп. Ал “бегемоттың” қазақшасы сөздіктердің бәрінде “бегемот” болып жүр. Сіз қазір осы сөзге екі бірдей әдемі балама айттыңыз. “Сусиыр” дегеніңіз қандай жақсы, “зіл” деп атаса да жаман емес, бұдан былайғы уақытта сөздіктерімізге “бегемотты” “сусиыр”, немесе “зіл” деп аударып енгізсе дұрыс болар еді деп ойлаймын.
Еркеғали: Оны енді өздерің білесіңдер. Мен “бегемотты” бұрыннан “зіл” деп жүрген адаммын. Сен жазушы, әдебиетші, аудармашысың, біраз жыл Терминкомға да мүше болдың. Солай етіп сөздіктерге енгізсеңдер, тілімізге тастай батып, судай сіңіп кетеріне күмәнім жоқ.
Автор: Өткен ғасырдағы қазақ зиялыларының бір ермегі карта ойнау болғаны белгілі. Бұл жөнінен алғанда Мұқан ағамыз қандай еді?
Еркеғали: Ол кісі карта ойнауға соншалықты құмар болған деп айта алмаймын. Рас, өзгелер сияқты ойнайтын. Кейде ұтатын. Кейде ұтылатын. Осыған байланысты өзімнің өмір бойғы бір өкінішімді де айтайын енді. Кейде ойыма түсіп кетсе осы күнге дейін қапаланамын.
1960 жылы Сәкен Мамажанович Кенжебаев деген азамат консерваторияда қоғамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқаратын, әрі партия ұйымының хатшысы болатын. Өзі Мұқаңды жақсы көретін, жақын жүретін. Сол уақытта өзен жағасында композиторлар үшін салынған саяжайлар болды. Ұзынша, қоржынбас етіп салынған бір қабатты үйлер, соның бір жағында бір, екінші жағында екінші композитордың отбасылары тұратын. Сол арада Жұбановтың да, Мұқанның да саяжайлары болды. Содан Мұқаң Сәкен Мамажановичке: “Сен ана сары ұлды алып кел, карта ойнайық”, депті. Келдік, өзі сол кезде ауырыңқырап жүрген кезі екен. Дариға жеңгеміз анау-мынау бірдемелерін дайындапты. Оның ойы – жора-жолдастары Мұқаңның көңілін көтеріп, әңгіме айтып, карта ойнап отырсын деген ғой. Карта ойнадық, осы уақытқа шейін өкінетінім, бізден кеткен бір әбестік, Мұқанды ұтып алдық қой екеуміз. “Әй, Дариға, ақша әкел, мыналардың ақшасын берейік”, деді. Әлі күнге дейін жүрегіме тікендей болып қадалған сөз, ақшаны беріп болғаннан кейін, біз шығып бара жатқанда: “Ә, құдай-ай, көрсетпегенің осы ма еді. Басқасының бәрін айтпағанда, картадан да ұтылатын болдым ғой, сор болғанда”, – деді. Соны керемет ренішпен айтты. Сонда ғой, тоқтасақшы. Кері оралсақшы. Ақшасын қайтарып берсекші. Әттеген-ай... Ақшасы да құрысын, біздікі бір әбестік болған екен-ау. Ұтыла салсақ қайтер еді. Содан алған бір 5-10 сом неге жарайтын еді деп осы уақытқа дейін өкінемін. Сол жылы 1-2 айдан кейін қайтыс болды, сәуірдің екісінде. Содан бері, мінеки, елу жыл өтіп кеткен екен. Сол бір өкінішті жағдай әлі күнге есімнен кетпейді.
Автор: Жалпы, Мұқан Төлебаевтың шығармашылығы дегенде ойыңызға не түседі?
Еркеғали: Ол кісі таңдамай, талғамай, көп жазбайтын еді. Бір нәрсені жазу үшін көп ойланып, көп толғанатын болса керек. Кейде бірдемеге жұмсағысы келсе, мені шақырып алып тұратын. Қай уақытта келсем де диванында жантайып жатады, не үйдің ішінде екі қолын артына салып, ойланып жүреді. Сөйтсем, біз көбіне рояльда отырып алып тоқпақтай береміз ғой, ол кісі олай емес екен. Әрбір интонацияны, әрбір музыкалық фразаны іштей қайталап, есептеп өлшеп, безбенге салып барып қана қағазға түсіреді екен ғой. “Қозы Көрпеш” операсын бітіріп кетуі керек еді, соны бітіре алмай, көз жұмды. Бірақ онысын жалқаулық деп айтуға болмайды. Ол кісі еш уақытта жалқау болған жоқ. Тек талғамы, өзіне қоятын талабы өте жоғары болатын. Сондықтан Мұқан аға оңды-солды лепіртіп, жаза беруге бармайтын. Кейінгі жылдары ғана белең алды ғой, ақындардың том-том өлең шығаратыны, композиторлардың том-том қылып ән жазатыны. “Әсет Бейсеуов қандай талантты жігіт, 500 ән жазып қалдырыпты” дегенде мен таң қалдым. Апырай, Біржан, Ақан, Сегіз Сері, Үкілі Ыбырай, Әсет, Жаяу Мұса бәрі бірігіп 500 ән жазған жоқ еді. Мынау бір бұрын болмаған нәрсе екен дедім. Мен Әсетті 500 ән жазбады деп айтайын отырған жоқпын. Бұл неткен жазғыш деп қызғанып та отырған жоқпын. Бірақ сонша әнді елеп-екшемей кітап қылып шығаруы – өзінің өнеріне аса биік талғаммен, жауапкершілікпен қарамағандығынан-ау деген ой келді.
Автор: Ол кітап Әсет қайтыс болғаннан кейін құрастырылған. Артында қалған мұрасы тасқа басылып тұрсын деген ойдан шыққан ғой. Керегі алынады, керек емесі қалады.
Еркеғали: Қазір “Қазақ халқының дәстүрлі өнері” деген кітапты оқып жатырмын. Жаяу Мұсаны оқыдым, Үкілі Ыбырайды оқыдым, Біржанды, Ақанды оқыдым. Әрқайсысының артында қалған 20 шақты әндері айтылады. Әрі кетсе отыз ән. Сол жиырма-отыздың он шақтысы ғана мықты әндер. Менің байқауымша, кейінгі жылдарда композиторлар да, ақындар да үсті-үстіне төпелеп жаза берсек деген қағидаға бой ұрып кеткен сияқты. Сол үрдіс әлі де бар.
Мұқаң қолға алып жаза бастаған “Қозы Көрпештің” бірінші көрінісі біткен дүние сияқты, екінші көрінісінің де біраз жерін аяқтапты. Қалғандары эскиз күйінде. Мұқан ағамның және бір ерекшелігі, өне бойы жанынан тастамайтын бір блокноты болатын. Сол блокнотқа Қозының, Баянның, Қарабайдың, Қодардың ариясы деп, либреттосын да соған ыңғайлап, өзі жөндеп, түзетіп жазып қояды екен. Бұл енді Мұқаңның миында қай уақытта болса да, қай жерде жүрсе де творчестволық процестердің тоқтамай жүріп жататынын көрсететін нәрсе ғой. Ал енді либреттомен солай жұмыс істеу композиторлардың бәріне тән қасиет. Ондай қасиет бізде де бар. Өйткені “Абылай хан” болсын, “Алпамыс” болсын, басқасы болсын, көңіліңде туған әуен әр уақытта жазылған либреттомен бірдей болып шыға бермейді. Сондай кезде либреттоны ықшамдайсың, шағындайсың. Кейбір сөз орнын таба алмай қалады, кейбір жолдардың буын санын өзгертесің. Кейбір жерде буын саны керісінше қысқарақ болып, дауыстың кең, еркін шығуына, кеуде кере айтуға болмай қалады. Мысалы, жеті буынды өлең мәтіні шырқап айтуға мүмкіндік бермейді. Ондайда, шүкір, қазақтың он бір буынды қара өлеңі бар. Сондайда амалың жоқ, ақындар жазып берген либретто мәтінін өзгертіп, үстінен қайта жазып шығуға тура келеді. Мұқан аға да либреттоның сөздерін өзінің көңілінде туған әуенге сәйкестендіріп, өзгертіп, қайта жазып отырушы еді.
Автор: Ондай жағдайда композитор ақынның егініне түсіп кете береді десеңізші. Сонда ол кісінің азырақ өлең жазатын да қабілеті болғаны ғой?
Еркеғали: Қазақтың қай-қайсысын алсаң да, көпшілігінде аздаған ақындық қасиет бірге туады. Ол әсіресе өнер адамдарында жиірек кездеседі. Мейлі суретші болсын, әнші болсын, композитор болсын, жанып тұрған үлкен ақындық болмаса да, айтайын деген ойын жеткізетіндей ақындық қабілет біразынан табылады.
Опера туралы сөз етсек, ақын да, композитор да талантты болуы мүмкін. Бірақ олар екі бөлек адамдар ғой. Демек олардың түсінігі, түйсінуі, сезім дүниесі де екі түрлі. Либреттошы сөзбенен негізгі жүлгесін, қалыбын салады, ал енді соған әуенмен жан бітіруге, өң-шырай беруге келгенде, алдын ала дайындалған либреттоның өзгермейтін күні болмайды. Операның жеке жанр болып, өмір сүріп келе жатқанына 400 жылдан асты. Сол кезден бері Италия композиторлары да, орыс композиторлары да, ешкім, еш уақытта либреттистің жазып бергенін, дайындап бергенін сол қалпынша көшіріп әкеліп, музыкаға түсіре салмаған. Олай етсе композитор творчестволық табысқа да жете алмас еді. Өйткені, адамның жаны, сезім қозғалысы, эмоциясы алдын ала дайындалған қалыпқа салуға көне бермейді ғой.
Осы таяуда бір жігіт менен “Сіз сол Мұқан аға аяқтамаған “Қозы Көрпешті” жазып бітіруіңізге болмады ма?” деп сұрады. Ертеректе 1965 жылдары, 1967 жылдары да солай дегендер болған еді. Әсіресе “Қамар сұлу” операм қойылғаннан кейін елдің көбі Мұқаң сияқты жарқыраған композитордың аяқталмаған дүниесін бітіру осының қолынан келеді деп ойлаған болуы керек. Мүмкін, сол уақытта жазсам, жазып та тастайтын ба едім. Ол кезде менің бір операның үстіне бір опера, бір кантатаның үстіне бір кантата, бір ораторияның үстіне бір оратория жазып, тоқтаусыз жұмыс істеп жүрген кезім. Әлде содан да болды ма екен. Әлде, біздің қазақ бөгде сөздерге жақын жүретіні бар ғой, “Қозы Көрпеш” ойдағыдай жақсы шықса, “Мұқан өзі өлседағы, артына тағы бір жақсы дүние тастап кетті ғой” дейді, ал ойдағыдай болып шықпаса “Мынау бәрін бүлдірді, Мұқан өзі болғанда сүйтетін еді, бүйтетін еді” дейді. Сондай бір қауесет сөздерден де сескендім бе екен. Әйтпесе, сол кезде қолға алсам, жазып тастауға, бітіруге көп болса бір жылдық ғұмырым кетер ме еді. Мүмкін, жазып тастауым да керек пе еді. Дәл сол кездерде үкімет те қаузап, “жаз” деп, ештеме демеді. Ақыр аяғы “Қозы Көрпеш” жазылмай, аяқталмаған қалпында қала берді. Енді қазір қартайдық, ұлғайдық. “Қозы Көрпешті” жазу қайда бізге. “Қозы Көрпешті” жазу үшін Қозыдай жастық, қызуқандылық, батырлық болуы керек, Баяндай жүрек болуы керек. Оның бәрі енді біз үшін артта қалған дүние ғой. Махаббат дейтін нәрсенің де мерзімі бар, уақыты бар. Бірін бірі үздіге, шын сүйген жастар бірі үшін бірі жанын қиюға дейін барады. Менің түсінігімде адам баласының махаббаты, ғашық болуы, өліп-өшіп құмар болуы ол жасына да байланысты. Сексенге, тоқсанға келген шалдар “менің махаббатым бар” десе, мен оған сенбеймін. Өйткені, махаббат деген сөздің өзі жастыққа жарасатын, жалындаған жас кезде бастан өтетін дүние ғой. Ал енді өмір болғаннан кейін, әртүрлі жағдайлардың болуы мүмкін. Менің ойымша махаббат жас талғамайтын болса, сексенге келген шалдардың бәрі ғашық болып, неге үйлене бермейді. Ха-ха-ха!
(Еркеғали ағамыз осы тұста рақаттанып біраз күліп алды).
Мұқан ағам жоғарыда аталғандардан басқа да талантты шығармалар жазған. Біз бәрін айтқан жоқпыз. Мысалы, “Скрипка мен оркестрге жазған поэмасын”, “Қазақстан” симфониялық поэмасы мен “Коммунизм оттары” кантатасын (бұл шығарма Жамбыл атындағы республикалық сыйлыққа ие болған), өзге де ән-хор шығармаларын, спектакльдер мен кинофильмдерге де музыка жазғанын, басқа да шығармаларын былай қойғанда, қазақ музыкасының классигі атанып, тарихта қалуы үшін “Біржан-Сарасының” өзі жетіп жатыр ғой...
Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.