Дариға Назарбаеваның төрағалық етуімен Парламент Сенаты бюросының отырысы өтіп, онда Мәжілісте мақұлданған заң жобаларын комитеттер арасында бөлу мәселелері қаралды.
Алқалы жиында 9 сәуірге жоспарланған Сенаттың кезекті отырысының күн тәртібі мақұлданды. Комитет төрағалары онда қаралатын мәселелерден хабардар етті.
Бюро отырысында сөз бастаған Сенат Төрағасы Дариға Назарбаева Президент пен Төтенше жағдай тәртібін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия короновирус инфекциясының таралуына қарсы қажетті барлық шараны шұғыл және алдын ала қабылдап жатқанын атап өтті.
– Енді ең бастысы – іс-шаралардың жергілікті жерлерде жүзеге асырылып, нақты орындалуы. Өкінішке қарай, көбіне тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы көп сұрақты туындатып жатады. Қазіргі кезде елдің экономикасына да, адамдарға да күрделі кезеңнің салдарын ауыр сезінбей шығу үшін мемлекеттік органдардың, депутаттық корпустың және барлық деңгейдегі әкімдердің, сондай-ақ бизнес-құрылымдардың бірлесіп күш жұмсағаны дұрыс, – деді Сенат басшысы.
Дариға Назарбаева Сенат комитеттеріне 2020 жылға арналған бюджетке енгізілетін нақтылауларды мұқият зерттеуді және өз бағыттары бойынша оның орындалуына мониторинг жүргізуді пысықтауды тапсырды. Атап айтқанда, 1 трлн теңге бөлінетін Жұмыспен қамтудың жол картасы бағдарламасына назар аудару қажет екені айтылды.
– Өңірлерден сайланған депутаттар өз аймақтарында Жұмыспен қамтудың жол картасының қаражатын қандай мақсаттарға және объектілерге жұмсау жоспарланып отырғанын мұқият зерделеуі тиіс. Бұрынғы әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру кезінде көптеген бұрмалаушылыққа жол берілгенін біз жақсы білеміз. Қалалардың карантинге жабылуына байланысты жұмыссыз қалған адамдарға көңіл бөлу керек. Олар ерекше қолдауға мұқтаж, – деді Дариға Назарбаева.
Сенат Төрағасы отырыс соңында Елбасы мен «Birgemiz» қоғамдық қорының аймақтардағы тұрғындарға көмек көрсету жөніндегі бастамасын қолдауда мәслихат депутаттарының жұмысын ұйымдастырғаны үшін Парламент Сенаты жанындағы жергілікті өкілді органдармен (мәслихаттармен) өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Төлеубек Мұқашевқа және Республикалық мәслихат депутаттарының бірлестігіне алғыс білдірді.