• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Экономика 08 Сәуір, 2020

Егіс науқанына ерекше қолдау

161 рет
көрсетілді

Аграрлық салада «Не ексең, соны орасың» деген сүйікті мақал бар. Менің ойымша, Президент мәлімдемесі бәрімізге еліміздің осы жаһандық дағдарыстан лайықты шыға алатынына сенім туғызды. Сондай-ақ Мемлекет басшысы деңгейінде бірінші рет еліміздегі егіс науқанына теңдесі жоқ қолдау көрсеткені ұнады.

Пандемияның салдарынан біз тағы да өз ауыл шаруа­шы­лы­ғымызды дамытудың қажеттігін түсініп, ащы сабақ алдық. Осы­дан кейін мемлекетімізде аграр­лық саланың бірінші орында болу керегін түсінген шығармыз.  

Дана халқымыз «Алтын-күміс тас екен, арпа-бидай ас екен» деп бекер айтпаса керек. Біз­дің еліміз басқа мемлекеттерге тәуелді болмай, өз азаматтарын азық-түлікпен қамтамасыз етуі тиіс, бұл еліміздің азық-тү­лік қауіпсіздігі болып табы­лады. Бұл үшін аграрлық және био­логиялық ғылымдарды дамы­туға, жоғары білікті кадрларды даярлауға қаржы үнемдеуді қою керек.

Биылғы егіс маусымын өткі­зуге келетін болсақ, мемлекет бұл үшін барлық қажетті шараларды қолға алды. Енді ең бастысы, бөлінген несиелердің осы көмекті қажет етіп отырған орта және ұсақ фермерлік ша­руа­шылықтарға жетуі маңызды. Біздің университет оқыту­шылары студенттерді қашықтан оқыту бойынша жұмыстың көптігіне қарамастан, Қазақстанның негізгі астық егетін облыстарында көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу бойынша ұсыныстарын да­йындауда. Тұқымдық мате­риалды сараптауды аяқтаймыз. Қазіргі уақытта Солтүстік облыстардағы 24 элит-тұ­қым шаруашылықтарының тұқым­дары тексерілді. Бұдан әрі осы жылдың агротехнологиясының ерекшеліктері бойынша фермерлер үшін семинарлар мен кеңестер өткіземіз.

Айта кету керек, бұл жұ­мыс­тар үшін бізге ешкім ақы төле­мейді, оған фермерлердің артық қаржысы жоқ. Біздің ғалымдар мұны жақсы түсінеді. Бірақ осындай дағдарыс кезінде алдағы егін науқанында қол қусырып отыруға болмайды.

Биыл егіс алқаптарында ылғалдың жеткілікті болуы да қуантады. Бұл жылда астық мол болуы керек. Оған қоса мемлекет тарапынан осындай қолдау көрсетіліп отырғанда, еліміздің аграршылары жақсы өнім алуы тиіс. Оларға сәттілік тілейміз!

 

Ақылбек КҮРІШБАЕВ,

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, «С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті» КеАҚ басқарма төрағасы