• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Парламент 08 Сәуір, 2020

Мәжіліс митинг туралы заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады

326 рет
көрсетілді

Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы» Заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының мақсаты – азаматтардың бейбіт жиналыстар, митингілер мен демонстрациялар, шерулер мен пикеттеу өткізуіне қатысты конституциялық құқығын іске асыру.

Заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін хабарлама жасау тәртібі енгізіледі. Бұл ретте жергілікті атқарушы органның жауабы болмаған жағдайда, бейбіт жиналысты өткізу үнсіз келісім бойынша келісілді деп есептеледі.

Құжатта бейбіт жиналыстарды мамандандырылған орындарда ғана өткізу көзделеді. Оны жергілікті мәслихат айқындайды. Мамандандырылған орындар ұйымдастыру ыңғайлылығын, көлік қолжетімділігін, жиналыстарды ұйымдастырушылар мен қатысушылардың, басқа адамдардың қауіпсіздігін, олардың инфрақұрылым объектілерін пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етуге тиіс. Заң жобасында бейбіт жиналыстарды өткізу үшін баламалы орынды ұсыну құқығы да көзделген.

Бейбіт жиналыстарды өткізу туралы хабарламаны беру мерзімі – бес жұмыс күніне дейін, ал демонстрация, шеру нысанындағы жиналыстарды өткізу келісімін алу туралы өтінішті беру мерзімі он жұмыс күніне дейін қысқартылды. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар құжаттарды тиісінше үш және жеті жұмыс күні ішінде қарауға тиіс. Мамандандырылған орындардың бар-жоғы, бос немесе бос еместігі туралы ақпараттың ашық әрі объективті болуы мақсатында жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне өз интернет-ресурсында бейбіт жиналыстарды өткізуге арналған орындардың тізімін жүктейтін түзету енгізілді. Бұл бейбіт жиналыстарды ұйымдастырушыларға іс-шараларын алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ құқықтық олқылықтарға жол бермеу, заң жобасының нормаларын бір-біріне және басқа да заңнамалық актілерге сәйкес келтіру мақсатында редакциялық, нақтылаушы сипаттағы түзетулер енгізілді.