Сәуірдің 7-сі күні облыстың бас санитариялық дәрігерінің №7 қаулысы қабылданды. Осыған дейінгі карантиндік шаралар күшейтіліп, кейбір шектеулер талабы қатая түсті. Өйтпеске тағы болмай тұр – өңірде дерт жұқтырғандардың қатары сәт санап өсіп барады.
Жаңа қаулыға байланысты облыстық тауарлар, қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары, аймақтың бас санитариялық дәрігері Әлия Әбдіқайымова өңірлік коммуникациялар қызметінде онлайн брифинг өткізді. Облыста тіркелген науқастардың шамамен 60-70 пайызы жастар екен. Бұл негізінен дәрігерлердің ескертуіне құлақ аспай, сауық кешін ұйымдастырудан болып отыр.
– Аймақта инфекцияның тарауында топтық жағдайлар көптеп тіркеліп жатыр. Мысалы, жақында ғана Нұр-Сұлтан қаласынан келген студент бойжеткен оқшаулану тәртібін сақтамай құрбыларымен кездескен, сыныптастарымен сауық кешін ұйымдастырған. Осылайша індет іргесін жая түскен, – дейді Әлия Әбдіқайымқызы.
Жаңа қаулы бойынша тұрғындарға көшеде топтасып жүруге тыйым салынып отыр. Өлім-жітім жағдайында жиналуға да шектеу қойылды. Жасы 55-тен асқандар үй карантинін қатаң сақтауы тиіс. Ал темір жол, кен саласы мамандарының жұмыс тәртібі жерігілікті атқарушы орган шешіміне қарай реттеледі.
Осының бәрі аурудың таралу аясын шектеп, адамдарды қатерлі індеттен аман алып қалу үшін жасалып жатқан амалдар. Бірақ ескертуді елемейтіндер отбасылық басқосуларды тоқтатпай, керісінше үдете түскен жағдайлар да бар. Мысалы, өңірде бойынан ең алғаш коронавирустық инфекция анықталған адам әулетіндегі 21 жанға қауіпті індетті жұқтырып үлгерген. Шиелі ауданындағы 6 науқастың да бір үйдің адамдары екендігі анықталып отыр. Таяуда осы ауданнан тіркелген 13 дерек те осындай ойсыздықтың салдары. «Не болар дейсің?!» деген немкеттіліктен аядай ғана ауылдан 25 сырқат шықты.
Қазіргі жағдай ешкімге оңай тиіп отырған жоқ. Індет кесірінен ағайынның тойы түгілі топырақты өліміне бара алмай пұшайман болып отырғандар көп. Өйткені, талап сондай. Ал ол сақталмаса эпидемиологиялық ахуал одан сайын өршитіні анық. Қазір Қызылорда еліміз бойынша ауру саны жөнінен алдыңғы үш облыстың қатарында тұр. Бас дәрігер карантиндік талапқа жүрдім-бардым қарайтын болсақ, жағдай бұдан да ушығып кетуі мүмкін екендігін ескертті.
Абай болайық, аман болайық!
ҚЫЗЫЛОРДА