• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Сәуір, 2020

Ел болып еңсереміз

151 рет
көрсетілді

Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласы осынау қиын кезеңде халқымызға қолдау болды деп білемін. Елбасы отандастарымызды бірлікке, сабырға шақыра отырып, үрейге бой алдырмауға, қайғыға салынбауға үндеді.

«Әрине қалыптасып отырған жағдай оңай емес. Бұл – бүкіл әлем мемлекеттеріне түскен зор ауыртпашылық. Біз оны осындай сын сағатта септігін тигізетін халқымыздың төзімділігі, ерік-жігері және өзіне деген зор сенімі арқасында міндетті түрде жеңіп шығамыз. Ол үшін бізге қажетті нәрсе – қаржы-қаражат, материалдық ресурс, техника, азық-түлік – бәрі бар. Алаңдайтын, абыржитын еш негіз жоқ», деді Н.Назарбаев.

Мен де үрейге берілуге еш негіз жоқ деп білемін. Себебі еліміз егемендік алғалы бері жинаған әлеуетіміз осы сыннан өтуге толық мүмкіндік береді. Ең алдымен Ұлттық қорымызды атап өту қажет. Олай дейтінім, COVID-19 вирусымен күресуге және экономикалық дағдарыстың алдын алуға арналған шаралардың барлығы ең алдымен қаржы мәселесіне келіп тіреледі. Осы шараларды іске асыру кезінде де Ұлттық қордың үлесі мол болмақ. Елбасы да бұл туралы «Бізде осындай қиындық туғанда ешкімге алақан жаймау үшін ұрпақ қамы, ел болашағы үшін жинақталған Ұлттық қор мен алтын-валюта қорында 90 миллиард АҚШ доллары бар. Ретімен, үнемді пайдаланар болсақ, ол бүгін басымызға түскен тағдыр мен тарих сынынан еңсемізді тік ұстап өтуімізге мол мүмкіндік береді» деп айрықша атап өтті. Ендеше, алаңдаудың, уайымға берілудің жөні жоқ. Оның үстіне, індеттің алдын алу мақсатында елімізде 10 млрд АҚШ доллары бөлінді.

Тағы бір айта кетерлігі, жыл басында 2020 жылға арналған бюджетті бекіткен едік. Алайда орнаған қиын жағдайларға байланысты облыстық бюджеттерге тағы да қосымша қаражат бөлініп отыр. Өткен 90-жылдары осындай қиындықтар орнаған болса, керісінше, бекітілген бюджет көлемі қысқартылатын еді. Алайда бұл жолы бәрі керісінше болып отыр. Яғни әлеуметтік сала саналатын мектеп, аурухана, емхана сынды бірқатар нысандар жөнделіп, кейбірі қайтадан салынады. Ауылдарға су құбыры, елді мекендерге газ жеткізіледі. Осы шаралардың барлығы қиын кезеңді еңсеруге жақсы көмек болады деп сенемін.

Дүние жүзін шарлаған эпидемия мен дағдарыстың кесірі елімізді айналып өтпесі белгілі. Десе де, Елбасы осы қиындықтармен халық болып күресуіміз қажет екенін алға тартып отыр. Еліміздегі аға ұрпақ пен зиялы қауым өкілдеріне, жас ұрпаққа, кәсіпкерлерге сөзін арнап, ізгі амалдар жасауға үндеді. Соған құлақ түруіміз қажет. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дейді халқымыз. Бұл зауалды да ел болып еңсереміз деп сенемін!

 

Шавхат ӨТЕМІСОВ,

Мәжіліс депутаты