• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Парламент 10 Сәуір, 2020

Дағдарысқа қарсы іс-шараларды ширату керек

306 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен өткен Палатаның жалпы отырысында бірқатар халықаралық келісім ратификацияланды. Кезекті жиында төтенше жағдай кезіндегі қауіпсіздікті сақтау мақсатында заң жобаларын баяндау, сұрақ-жауап алмасу бейнеконференция форматында өтті.

Сын сағатта азаматтар қамқорлықсыз қалмайды

Парламент Сенатының Төрағасы Дариға Назарбаева депутаттар алдында сөз сөйлеп, Елбасының коронавирус пандемиясына байланысты бүкіл әлемде орын алған ахуалға сындарлы талдау жасаған, азаматтардың денсаулығын сақтау, осындай күрделі жағдайда ел экономикасын қолдау жөніндегі мемлекет тарапынан қолға алынған шараларға жоғары баға берген мақаласына тоқталды.

– Тұңғыш Президент атап өткендей, жағдайды тұрақтандыру жолында көп жұмыс атқарылды, бұл бағытта жүйелі жұмыстар жалғасын табуда. Ең бастысы – осындай сын сағатта бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайтынын түсінуіміз керек. Ол үшін біздің мемлекетімізде қажетті ресурстардың бәрі бар. Ұлағатты және оң істер осындай қиын-қыстау, дағдарыс кезеңінде айшықтала түседі. Елбасының Ұлттық қорды құру, экономикамызды әртараптандыру, ауыл шаруашылығы мен инфрақұрылымды дамыту жөніндегі көреген саясаты өз жемісін беріп отырғанына куә болудамыз. Елбасының аса көрегендікпен қабылдаған шешімдері бүгінгі таңда дағдарысты еңсеруге мүмкіндік беріп отырған еліміздің қауіпсіздік қорғанышын, мемлекеттік, экономикалық және әлеуметтік жүйеміздің негізгі тұрақтылығын құрды. Біздің мемлекетіміз, халқымыз бұл дағдарысты да абыроймен еңсеріп, одан әрі шыңдала түсетініне кәміл сенемін, – деді Дариға Назарбаева.

Сенат Төрағасы барлық сенатор­лардың атынан бұл үндеу Елбасының көрегендігін айқын көрсетіп, дағдарысты еңсеру жолындағы іс-қимылға тың серпін беретінін мәлімдеді.

– Ендігі басты мақсат – осындай маңызды шаралардың жергілікті жерлерде тиімді әрі нақты орындалуын қамтамасыз ету. Өкінішке қарай көбіне тапсырмалардың жергілікті жерлерде орындалуы көп сұрақтар туындатып жататынын бәріміз білеміз, көріп жүрміз. Әсіресе артық бюрократиялық формализмге, әкімшілік құлшынысқа немесе жөнсіздікке жол беріліп жатады. Мұның бәріне тиісті баға берілетініне сенімдімін. Қалыптасқан жағдайда мемлекеттік ақпараттық ресурстардың және электронды қызметтердің жұмыс істеуінде бірқатар проблема бар екені белгілі болды. Бұл «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы осы дағдарыс кезінде беті ашылған проблемаларды ескере отырып, дереу қайта қарауды талап ететінін білдіреді. Депутаттар еліміздің басқару жүйесі мен экономиканы цифрландыруда жедел жұмыстар жүргізуге бюрократияның мүдделі емес екендігі жайлы, статистиканы бір ретке келтіру туралы бірнеше мәрте айтқан болатын. Біз енді көріп отырғанымыздай, бұдан әрі күтуге болмайды. Қимыл-әрекет жасауымыз қажет, – деп атап өтті.

Д.Назарбаева әрдайым қиын сәттерде ауызбірлігін сақтап отырған Қазақстан халқына, түсіністік пен сабырлық танытқан әрбір азаматқа зор алғысын білдіріп, жақын туыстарынан айырылған отбасыларға көңіл айтты, сырқаттанып жатқандардың тез арада айығып кетуіне тілектес екенін жеткізді.

– Медицина, құқық қорғау орган­дары­ның қызметкерлері, әскерилер мен волонтерлар қазіргі қауырт режімде қызметтерін жалғастыруда. Бұл қызмет­керлерге қазір оңай тиіп жатқан жоқ. Өйткені олар індеттің меңдеуін тоқта­туға күш салып, ауруханалар мен инфек­циялық бөлімшелерде науқастарды емдеп, адам өмірін сақтап, көшелерде, блок­посттарда қоғамдық тәртіп пен қауіп­сіздікті қамтамасыз етіп, күн сайын ерлік жасап жатыр. Бұл күресте алғы шепте жүрген азаматтарға айтылған алғысыма Қазақстанның әрбір азаматы қосылатынына сенімдімін. Осындай қиын кезеңде сіздердің ерліктеріңізді баршамыз үлгі тұтамыз. Сіздер – жүрекке сенім ұялатып, жақсылыққа деген үміттің бастауы екендеріңіз айқын, – деді Дариға Назарбаева.

Сонымен қатар ол өңірлерде әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген, жұмыс орындарын және еңбеккерлердің жалақыларын сақтау шараларын ұйымдастыруға, көп балалы отбасылар мен мүгедектерді және өзге де аз қамтылған отбасыларды тегін азық-түлікпен және санитарлық-гигиеналық құралдармен қамтамасыз етуге қомақты үлес қосып келе жатқан мәслихаттар депутаттарына бөлек алғысын білдірді.

Бұған қоса Сенат Төрағасы мұқтаж жандарға қайырымдылық жасап, қаржылай қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерлердің де үлесін атап өтіп, еліміз бұл сынақтан да аман-есен өтетініне сенім білдірді.

 Халықаралық келісімдер ратификацияланды

Күн тәртібінде алдымен «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Бірінші оқылымда талқыланған бұл құжатпен Премьер-Министрдің бірінші орынбасары – Қаржы министрі Әлихан Смайылов егжей-тегжейлі таныстырды.

Министрдің айтуынша, Сенат қарауына ұсынылып отырған заң жобасы бірнеше мақсатты көздейді: біріншіден, қаржы мониторингі рәсімдеріне клиентті тиісінше тексеру, ішкі бақылау жүргізу және күдікті операциялар туралы хабарлама жіберу сияқты өзгерістер ұсынылады; екіншіден, қаржы мониторингі саласындағы уәкілетті органға реттеуші мемлекеттік органы жоқ қаржы мониторингі субъектілеріне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы хаттамаларды толтыруға құзырет беріледі; үшіншіден, қылмыстық жолмен алынған кірістерді жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласындағы уәкілетті органдар үшін халықаралық өзара іс-қимыл рәсімдері, оның ішінде қылмыстық активтерді іздестіру және қайтару бойынша рәсімдер регламенттеледі; төртіншіден, халықаралық стандарттарды іске асыру мақсатында заң жобасына коммерциялық емес секторды терроризмді қаржыландыру мақсатында пайдаланудан қорғауға бай­ланысты новеллалар енгізілді; бесін­шіден, БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі қарар­ларына сәйкес ұлттық заңнамаға терро­ризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қар­жыландыруға жататын нысаналы қаржы санкцияларының механизмдері енгізіледі; алтыншыдан, Ұлттық қауіпсіздік комитеті салалық тәсіл арқылы террористік тұрғыдан осал объектілердің терроризмге қарсы қорғауының тиімділігін арттыруға бағытталған түзетулер блогы әзірленді.

Талқылау барысында жеке кәсіпкерді жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесіне енгізу оның қызметін мәжбүрлеп тоқтатудың негізі ретінде қарастыру ұсынылды. Депутаттар сондай-ақ заң жобасы баптарының ережелерін үйлестіретін, сондай-ақ заң техникасы ережелеріне байланыс­ты бірқатар өзгерістер енгізді. Құжат сенаторлардың түзетулерімен Мәжіліске жіберілді.

Алқалы жиында талқыға салынған заң жобасының бірі «2012 жылғы 11 мамырдағы Қазақстан Республи­касы­ның Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Рес­пуб­ликасы азаматтарының Қырғыз Рес­публикасының аумағында және Қырғыз Республикасы азаматтарының Қазақстан Республикасының аумағында болу тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» болды.

Аталған заң жобасы бойынша қосымша баяндама жасаған сенатор Сәуле Айтпаева мақсат Қазақстан мен Қырғызстан үкіметтері арасындағы ынтымақтастықтың құқықтық негіз­дерді құру екенін, хаттама ратифика­цияланғанда балалардың келу және кету тәртібі халықаралық стан­дарттарға сәйкес­тендірілетінін, сондай-ақ екі елдің көші-қон мәселе­леріндегі ынтымақ­тас­тығының тиімділігі арта түсетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар сенаторлар Ұжым­дық қауіпсіздік туралы шартқа қатыс­ты төрт бірдей хаттаманы ратификация­лады. Бұл құжаттар ұлттық, өңірлік және халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету мүддесіне орай ҰҚШҰ-ға қатысушы мемлекеттердің өзара ынтымақтастығын күшейтіп, құқықтық мәртебелерін нығайтады.

Бұған қоса депутаттар Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Америка Құрама Штаттарының Үкіметі арасындағы Консулдық артықшылықтар мен иммунитеттер туралы келісімді ратификациялады. Келісімнің мақсаты – екі елдің консулдық мекемелері, кон­сул­дық қызмет адамдары, консулдық қызмет­шілері және олардың отбасы мүшелері пайдаланатын қорғауды күшейту, сондай-ақ қолайлы жағдайлар жасау.

Сондай-ақ «Қазақстан Республи­касы­ның Үкіметі мен Өзбекстан Респуб­ликасының Үкіметі арасындағы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Өзбекстан Республикасындағы және Өзбекстан Республикасының азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп-қонушылардың Қазақстан Республикасындағы еңбек қызметі және құқықтарын қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. Келісімге 2019 жылы 15 сәуірде Ташкент қаласында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары барысында қол қойылған. Келісімнің мақсаты – тараптардың көші-қон ағындарын реттеу және заңсыз еңбек қызметін болдырмау жөніндегі шараларды жүзеге асыру.

Жалпы отырыстың соңына қарай сенатор Әли Бектаев Үкіметке агро­өнер­кәсіп кешені саласындағы дағдарысқа қарсы шараларды іске асыру туралы депутаттық сауалын жолдады. Ол тө­тенше жағдай кезінде көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және сапалы жүр­гізу аса маңызды екенін атап өтті.

Сонымен қатар депутат жаңа сапалы өніммен азаматтарды үздіксіз қамтамасыз ету үшін ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісін тоқтатуға болмайтынын, қауіпті дертпен тайталаса жүріп, шаруалар биыл 22,5 млн гектардан астам егіс егіп, көкөніс өсіріп, мал бағып, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек екенін айтты.