«Болат Өтемұратов» қоры Нұр-Сұлтан мен Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармаларына 47 мың данадан коронавирусты анықтайтын экспресс-тест жиынтығын табыстады. Қайырымдылық ұйымы жобаны іске асыруға 200 миллион теңге бөлді.
Капиллярлық қан экспресс-тесттері 15 минуттың ішінде COVID-19 коронавирусына қатысты IgG және IgM антиденелерінің орын алғанын анықтайды. ҚХР-да өндірілген тесттер Еуропа парламенті мен Еуропа Кеңесінің 98/79/ЕК медициналық диагностика құралдары жөніндегі директивасының қағидаларына сәйкес және Алматыдағы Орталық референс-лабораториясында тексеруден өтті. Бұл кейбір еуропалық елдерде халықты тексеру барысында болған сапасыз тесттерді қолдануды болдырмау үшін қажетті шарт.
Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің шешімі бойынша, тегін скринингтік тестілеу тәуекел тобындағы халықтың арасында өткізіледі. Бұл санатқа медициналық жұмыскерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері, тұмау симптомдары бар адамдар, созылмалы ауруы бар стационарлардың пациенттері, жұқтырған адаммен байланыста болған, не болмаса жұқпа ошағында тұрып жатқан, сондай-ақ автобекеттер арқылы шетелден келетін адамдар жатады. Экспресс-тестілеу медициналық жәрдем стансаларында, стационарларда, шекаралық темір жол және автокөлік өткелдері мен блок-бекеттерде, мобилді бекеттерде, жедел жәрдем көлектерінде жасалады. Тегін тестілеуге тіркелу үшін https://formcovid.eisz.kz/index.html сайтындағы анкетаны толтыру қажет.
«Ауру жұқтырғандарды ерте анықтау олардың денсаулығы мен айналасындағы адамдардың денсаулығы үшін аса маңызды. Мұны эпидемияның шырқау шыңын бастан өткерген елдердің тәжірибесі көрсетеді. Уақтылы қабылданған шаралар инфекцияның таралуын шектеуге, ауруға шалдыққан адамдардың санын төмендетуге және өлімге әкеліп соғатын жағдайлардың санын барынша азайтуға мүмкіндік береді», деп атап өтті «Болат Өтемұратов» қорының директоры Марат Айтмағамбетов.
Коронавирустан тексеру бойынша мемлекеттік бағдарламаға қолдау көрсетуден басқа, Болат Өтемұратов «Верный Капитал» компаниялар тобы арқылы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша коронавирустың таралуына қарсы күресу және халықтың әлеуметтік осал топтарына қолдау көрсету мақсатымен құрылған «Birgemiz» қоғамдық қорына қосымша 1 миллион АҚШ долларын бөлген болатын.