• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 10 Сәуір, 2020

Індетті жеңетін күш – білім мен тәртіп

683 рет
көрсетілді

Әлемге тараған коронавирус індеті адамзатқа қауіп-қатер төндіріп отыр. Қазір пандемияға байланысты елімізде жарияланған төтенше жағдай мен карантин кезеңінде мемлекет барша қазақстандықтардың денсаулығын сақтап, қауіпті індеттің алдын алу үшін барлық сақтық шараларын қолға алды.

Еліміздің ең үлкен байлығы – адам өмірі мен денсаулығы, ұлт қауіп­сіздігі. Біз баршамыз осы құндылықтарды қорғап, сақ­тауы­мыз керек. Қазақстан хал­қы осындай сын сағатта өзіне тән тө­­зімділігі, зор сенімі мен ауыз­бір­­шілігі арқылы бұл қатерді мін­детті түрде жеңіп шығады деп сенеміз.

Осындай қиын-қыстау кезеңде еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың дер кезінде халыққа үндеу жариялауы баршамызға деген үлкен қамқорлықтың, жана­шыр­лықтың белгісі деп білеміз. Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңе­ді» атты мақаласы қатерлі кезең­ді бастан өткеріп отырған қазақ­стан­дықтарға ерекше демеу болып,  жігерлендірді.

Әр уақытта халқының қамын ой­лай­тын Елбасы бұл мақаласында: «Мем­лекет бұл қиындықтан шығу үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды және тиісті шараның барлығын атқарады. Бірде-бір адам, еліміздің ешбір азаматы қамқорлықсыз қалмайды» деп атап өтті.

Дүние жүзін құрсаулап ба­ра жат­қан пандемия дамыған ел­дердің өзінде экономикалық дағдарыс туғы­зып, тығырықтан шығудың жаңа ше­шімдерін қарас­тыруға мәжбүрлеуде. Елбасы жүргізген жүйелі рефор­малар нәтижесінде ауыл шаруа­шылығы  дамып, Қазақстан өзін ет-сүт және тағы басқа да азық-тү­лік өнімдерімен емін-еркін қам­та­масыз етіп қана қой­май, әлем­дегі астық экспорттаушы ал­ғаш­қы алты мемлекеттің қата­рына қосылды.

Бұл реформалар жөнінде Елбасы өз мақаласында «болашақ үшін, алда күтіп тұрған осындай алмағайып замандар сына­ғын еркін еңсеру үшін көп қар­жы-қаражат салып, зор жауап­кер­шілікпен атқарылған бұл ре­фор­малардың дұрыс болғанын өмір­дің өзі дәлелдеді» деп атап өтті.

Әр мемлекеттің жарқын бола­шағы, өркениеттілігі біліміне, ғылымына, өнері мен мәдениетіне, жаңарған өндірісіне тікелей байланысты. Біздің ғалымдарымыз да осы қиын уақытта халыққа жан-жақты көмек көрсетуде. Елбасы айтқандай, ғылым-білімінің жетістігін ортақ мақсат жолына бірлесе жұмылып, ынтымақтаса әрекет етуде.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы елдегі төтенше жағдайға тікелей басшылық жасап, барлық мүмкіндіктерді қарастырып отыр. Ел Президенті жақында ғана Ұлттық биотехнология орталығында болып, отандық ғалымдардың коронавирустық инфекцияға қарсы вакцина құру бойынша басталған жұмыстар туралы ақпарат алды. Бұл жұ­мысқа Ұлттық биотехнология орталығы, Қазақ ұлттық аг­рар­лық университеті, Жамбыл облысы, Қордай ауданындағы Биологиялық қауіпсіздік ғы­лыми-зерттеу институтының ға­лымдары тікелей атсалысуда. Прези­дент биолог ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап, отандық ғылымның дамуына жан-жақты қолдау көрсету керектігін ай­рық­ша атап өтті.

Сақтық шараларын бұл­жыт­­пай орындау – барша­мыз­дың міндетіміз. Бүгінде универ­си­тетіміздің ұстаз-ғалымдарынан құралған волон­тер­лердің кү­ші­мен жатын орындары әзірленіп, №10 «Ақ қайың» студенттік үйіне қаланың 210 медицина қыз­меткері орналастырылды. Университет студенттері ағым­дағы жылдың 16 нау­рызынан бастап қашықтан оқыту жү­йесіне көшірілді. Карантин режімі кезеңінде оқу орнының ғалымдары, оқытушылары кесте бойынша қашық­тан сабақ беруде. Біздің білікті де білімді ұстаз-ғалымдарымыз жаңа тех­но­логиялардың мүмкіндігін пайда­лана отырып, қазақстандық жә­не шетелдік жоғары оқу орын­дарымен, ғылыми орталық­тар­мен байланыстарын үз­бей, қа­шықтан білім беруге,  ғылыми жұ­мыстарды жүргізуге және ауыл­шаруашылық тауар өндіру­шілеріне ақпараттық кеңес беруге толығымен мүмкіндік алып отыр.

Биыл 30 наурызда «Ұлт­тық аграрлық ғылыми-бі­лім беру орта­лығы» КеАҚ бас­қар­ма төрағасы Төлеутай Рахым­бе­ков тікелей эфир­де ауыл шаруа­шы­лығы тауар өнді­рушілер үшін онлайн-кеңес өткізіп, еншілес ұйымдардағы көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы жан-жақты айтып берген. Енді осы орта­лықтың ғалымдары аптасына үш рет тікелей эфирге шығып, онлайн режі­мінде фермерлерге кеңес беруде.

6 наурыз күні Қазақ ұлттық аг­рар­лық университетінің 34 сарапшы ғалымы онлайн-кеңес берді. Оған бір күнде 2 мыңға жуық ауыл кәсіпкерлері мен аграр­лық сала еңбеккерлері тіке­лей байланысқа қосылып, өзде­ріне қажетті ақпараттар мен пайдалы кеңес алды. Университет ғалымдары оқу-тәжірибе шаруа­шылығында көктемгі егіс жұ­мыстарын бастап кетті. Универ­ситетте «Ситуациялық орталық» жұмы­сы жүйелі жолға қойылған, оқу орны сайтында «АгроДаму» парақ­шасы бар. Онда фермерлер өздерін қызық­тыратын та­қы­рыптарға байланысты сұрақтарын жібере алады. Біздің ға­лым­дар оларға міндетті түрде жауап бе­реді.

Мен өзімнің және аграрлық салада қызмет атқарып жүрген ғалымдардың атынан, осындай қиындықтан шығу үшін қол­дан келгеннің бәрін жасай­мыз және тиісті шараның барлығын өз уақытында тиімді атқарамыз деп білемін. Бүгінгідей қатерлі кезеңде әрқайсымыздың жауап­кер­шілігіміз артып отыр. Рухы биік қазақ елі өзінің ауыз­бі­р­шілігінің, ұстамдылығы мен төзімділігінің арқасында осы бір ауыр сынақ кезеңін аман-есен өтетініне толық сенімдімін.

 

Тілектес ЕСПОЛОВ,

Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі