• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Сәуір, 2020

А.Райымқұлова: Сын сағаттан алып шыққан бабаларымыздың береке-бірлігі

336 рет
көрсетілді

Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласында ғұлама Абайдың, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының, ұлт ұйтқысы, жұрт бірлігінің алтын қазығы болған дара данышпандарымыз – Әйтеке бидің, қаз дауысты Қазыбек би мен Төле бидің даналық сөздерін келтіре отырып, халықты осындай қиын кезде сабырлық сақтап, бірлікте болуға үндеді. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова Facebook парақшасында жазды.

«Елбасы өз мақаласында ғұлама Абайдың, батыр бабамыз Бауыржан Момышұлының, ұлт ұйтқысы, жұрт бірлігінің алтын қазығы болған дара данышпандарымыз – Әйтеке бидің, қаз дауысты Қазыбек би мен Төле бидің даналық сөздерін келтіре отырып, халықты осындай қиын кезде сабырлық сақтап, бірлікте болуға үндеді. Бұл мақалада алты құрлықты әлекке салған, майдансыз жаудай жағадан алған қасіретті дертке ізгілікпен, шыдамдылықпен, ауызбіршілікпен, адамгершілік іс-әрекетпен жұдырықтай жұмылуға, бір білек, ақ тілекке ұйысуға шақырды.

Халқымыздың өткен ғасырдағы өміріне назар салып, көз жүгіртетін болсақ, бұдан да қиын, бұдан да үрейлі сәттерді басынан өткізгенін, талай қып-қызыл қырғыннан, қуғын-сүргіннен, ашаршылықтан, соғыстан аман шыққанын тарих беттерінен оқығанбыз. Сол қиын сәттерді алдыңғы аға ұрпақ біледі, көз алдынан өткізді. Сын сағаттан алып шыққан бабаларымыздың береке-бірлігі болатын. Осы жолғы жайсыздық пен жайылған дерттің қыспағынан да мемлекеттің күші, халықтың бірлігінің арқасында құтылып шығатынымызға сенейік.

Елбасымыз осындай ауыр кезеңде барлық қазақстандықтарды ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Үкімет тарапынан іске асырылып жатқан шұғыл шараларды қолдауға шақырды. Бұл тығырықтан шығуға Мемлекет бар күшті іске қосқанын, бірде бір көмекке мұқтаж жан назардан тыс қалмайтынын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада халыққа мәлімдемесінде айтып, дағдарыстан шығу жоспары қабылданды. Осы жоспардың іске асуына бар күш-жігерімізді салып, білім мен біліктілігімізді танытып, жедел әрі рет-ретімен жүзеге асыру біздің мемлекеттік қызметкер ретіндегі міндетіміз. Пандемия мен жаһандық экономикадағы құбылыстар қос бүйірден қысқан тұста ортақ мақсатқа жұмылудың үлгісін көрсетіп, халықтың жанында болып, ақыл-кеңесін айтып жатқан Елбасына, бірлікке шақырған ақын-жазушыларға, әсіресе алдыңғы толқын абзал ағаларға, аталы сөзін, баталы тілегін арнаған барша Қазақстан халқына ұжымның атынан алғысымызды жеткізгім келеді. Сондай-ақ осы күндері тікесінен тік тұрып, тынбай еңбек етіп жүрген денсаулық сақтау саласының мамандарына, күнді түнге жалғап қызмет етіп жатқан атқа мінер азаматтарға амандық тілейміз! Біз біргеміз, қиындықты жеңеміз» деп жазды министр.