• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Әлем 10 Сәуір, 2020

Коронавирустың «құрығына» ілінген саясаткерлер

285 рет
көрсетілді

Арыны қатты індет туралап келсе, атақ-шенге қарамайды. Кейінгі күндері әлемдегі ақпарат құралдары Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсонның жағдайын жиі жазып жатыр. Бірақ коронавирус жұқтырған одан басқа да шенеуніктер аз болмай тұр.

Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон өзінің коронавирус жұқтырғанын 27 наурызда жариялаған еді. Содан кейін үйінде оқшауланып жұмыс істеген ол он күннен жағдайы күрт нашарлап, осы аптаның басында ауруханаға жатуға мәжбүр болды. Кеше саясаткерді реанимациядан жай палатаға ауыстырғаны хабарланды. Борис Джонсон жұмысына тек бір айдан кейін ғана орала алады.

Сондай-ақ бұл елде Уэльс ханзадасы Чарльздың Covid-19 ауруына ұшырағаны туралы 25 наурызда мәлім болды. Бірақ оның сырқаты жеңіл болып, Шотландиядағы Биркхолл корольдік үйінде небәрі жеті күн оқшауланды. Бұдан кейін ханзада дәрігерлердің кеңесімен іскерлік кездесулерін жалғастыра бастады.

Ал бұлардан бұрын 11 наурызда Ұлыбританияныңденсаулық сақтау министрінің орынбасары Надин Дорристан да коронавирус анықталған. Содан бері сақтық шараларын қадағалап, үйінен шықпай отырған ол twitter-де өзімен бірге қалған 84 жастағы анасының жағдайына алаңдайтынын жазды. Бұл шенеунік наурыздың басында Борис Джонсонмен жүздескен еді.

Жер жаһанды жайлаған індет Францияда да өршіп тұр. Елдің мәдениет министрі Франк Риестерден бір ай бұрын 9 наурызда короновирус табылғаны жария болды. Бірақ одан аурудың симптомдары байқалмаған. Дегенмен басқаларға зияны тимес үшін үйінде оқшауланды. БАҚ оның вирусты парламент жиынында жұқтырғанын жазды. Өйткені онда ауырған депутаттар мен басқа да қызметкерлер болған.

Covid-19 вирусын Францияның кешенді экологиялық қайта құру министрі жанындағы Мемлекеттік хатшы Брюн Пуарсон да жұқтырды. Науқастың айналасындағылар оның жағдайы тәуір, өзін жақсы сезінетінін айтқан.

Бұл елдің бұрынғы өнеркәсіп министрі Патрик Деведжянның індет душар болғаны 26 наурызда хабарланды. Бірақ көп өтпей 29 наурызда оның ауруы асқынып кетіп, 75 жасында қайтыс болды.

Обаның оты шарпып тұрған Испанияда вице-премьерКармен Кальво да науқастанды. Ол 22 наурызда респираторлық инфекция диагнозымен ауруханаға жатқызылып, артынан коронавирус жұқтырғаныанықталған. Қазір саясаткер оқшауланған палатадажатыр.

Оған қоса Испанияның ең жас саясаткері, тең мүмкіндіктер министрі Ирене Монтеро індеттің құрығына ілінді. 32 жастағы ведомство басшысы үй карантиніне шығып, жұмысын жалғастыруда.

Еуропада індет кең тараған ел – Италия. Аталған мемлекетте коронавирус жұқтырған шенеуніктердің ішінен алғашқылардың бірі болып Демократиялық партияның көшбасшысы Никола Дзингареттидің аты шықты. 54 жастағы саясаткердің қазір халі жақсы екен.

Италияның Денсаулық сақтау министрініңорынбасары Пьерпаоло Силери коронавирус жұқтырды. Ол Facebook-те ауырып қалған адаммен байланыста болғанын және өзінен аурудың алғашқы симптомдарын байқаған сәттен тест тапсырғанын жазды.

Иранда дертті болған саясаткерлер азаяр емес. Fars агенттігінің мәліметі бойынша елдің екі вице-президенті Эсхак Джахангири мен Масума Эптекарден Covid-19 анықталған.

Оған қоса туризм, мәдени мұра және қолөнер министрі Али Асгаре Мунесане, сауда және өнеркәсіп министрі Резе Рахмани, сондай-ақ денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирчи вирус жұқтырған.

Иран парламентінің басшысы Али Лариджани және парламенттің 20 мүшесі сырқаттанып жатыр.

Өкінішке қарай, бұл елде сараптамалық кеңестің 78 жастағы мүшесі, аятолла Хашим Батайи және жоғары басшылық жанындағы кеңесші органның мүшесі Сейед Мохаммад Мирмихаммади коронавирустан көз жұмды.

Сонымен қатар әлемде короновирус жұқтырғандардың қатарында Монаконың князі Албер ІІ, Аустралияның сыртқы істер министрі Питер Даттон, Индонезияның көлік министрі Буди Кариа Сумади сияқты саясаткерлердің есімдері аталды.