Ережесіз жекпе-жек шеберлері арасында даңқты Джон Джонсқа тең келер ешкім жоқ. Бүгінгі таңда ол Р4Р рейтингінде жеке-дара көш бастап тұр.
Жартылай ауыр салмақта айқасып жүрген 32 жастағы АҚШ спортшысы 2008 жылдан бері осы спорт түрін серкі етуде. Бүгінгі таңда ол UFC промоушенінің шоқ жұлдызы. Барлығы 28 кездесу өткізген Джон Джонс тек бір рет қана ұтылды. Оның өзінде таза айқаста жеңілген жоқ. 2009 жылы Мэтт Хэмилге қарсы бәсекеде рұқсат етілмеген әдіс қолданды деген желеумен ол жарыстан шеттетілген болатын. 20 қарсыласын Джонс айқын басымдықпен ұтты.
Екінші орында – ресейлік Хабиб Нұрмагомедов. Жеңіл салмақтағы 31 жастағы Дағыстанның өрені 28 жекпе-жектің барлығын өз пайдасына шешті. 18 кездесуді уақытына жеткізбей аяқтады.
Үшінші сатыға Стипе Миочич жайғасты. Хорватияда туып-өсіп, кейіннен АҚШ-қа қоныс аударған аса ауыр салмақтағы 37 жастағы сақа спортшы 22 рет октагонға шығып, 19 рет жеңіс тойын тойлады. 15 мәрте айқын басымдыққа ие болды.
Сондай-ақ, «ТОП-10» ережесіз жекпе-жек шеберлері санатына Генри Сехудо (АҚШ), Даниэль Кормье (АҚШ), Роберт Уиттакер (Аустралия), Камару Усман (АҚШ), Деметриус Джонсон (АҚШ), Тони Фергюсон (АҚШ) және Дастин Порье (АҚШ) сынды саңлақтар еніп отыр.