• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 11 Сәуір, 2020

Алматы облысындағы блокпосттар жұмысын күшейтілген режимде жалғастыра береді

125 рет
көрсетілді

Елдегі төтенше жағдайдың сәуірдің аяғына дейін созылуына орай Алматы облысындағы блокпосттар күшейтілген режимде жұмыс істеуін жалғастырады.

Сол сияқты дезинфекциялық шаралар қарқынды түрде жүргізіліп, коронавируспен күрес шараларына тартылған тиісті мамандарды жеке қорғаныс құралдармен үздіксіз қамтамасыз ету жұмыстары жалғастырылады. Бұл туралы бүгін аудан, қала әкімдерімен, облыстық басқарма басшыларымен өткізілген селекторлық жиында облыс әкімі Амандық Баталов айтты, - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеше Президент Қасым-Жомарт Тоқаев республикалық штаб отырысында елдегі төтенше жағдай режимінің сәуір айының аяғына дейін созылғанын айтып, соған орай өңірлерге бірқатар тиісті тапсырмалар берген еді. Осыған байланысты Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бүгін жиын өткізіп, тапсырмаларды орындаудағы міндеттіліктерді талқылады.

Алдымен облыс әкімі өз орынбасарларына сөз берді. Олардың әрқайсысы өзі жетекшілік ететін салаларбойынша қысқаша баяндады. Мәселен, бірінші орынбасары Л. Тұрлашов Алматы облысы таулы өңір болғандықтан, оған қоса алдағы күндердің жауын-шашынды болады деген болжамына қарай су тасқынының алдын алу шараларын бақылауда ұстау, «Жұмыспен қамту жол картасы» бойынша жүргізілетін құрылыс жұмыстарының дайындығы, бөлінген қаржыны игеру мәселелері туралы айтты. Өз кезегінде облыс әкімінің орынбасары С. Бескемпіров көктемгі егіс жұмыстарына берілетін несиелерді алуға құжаттар дайындау, қант қызылшасы тұқымын аудан, қалалардың алу белсенділігі жайлы тілге тиек етті. Мәселен, Ақсу, Сарқан аудандары, Қапшағай қаласының шаруа қожалықтары дайын тұқымды алуға әлі асығар емес. Бұл ретте облыс әкімі аталған аудан, қалалардың әкімдерінен жауап алып, биылғы жылы өңірде себіледі деп жоспарланған 16 мың гектардың 1 гектары да кем себілмеуі керектігін әкімдерге қатаң ескертті.

Облыс әкімінің орынбасары С. Тұрдалиев азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен бағаны тұрақтандыру мақсатында атқарылып жатқан істерге тоқталды. Қазіргі кезде бағаны тұрақтандыру үшін келісімшарт жасасатын сауда саласының 29 кәсіпорыны белгіленген. Соның ішінде «Сабыржан» компаниясымен келісімшарт жасалып үлгерген. Осы орайда Амандық Баталов аудан, қала әкімдеріне: «Келісімшартқа отырған сауда үйлеріне нұротандықтармен, қоғамдық ұйымдармен бірге барып көріңдер, қандай тауарлар бар, ассортимент жеткілікті ме, қандай бағамен сатылып жатыр, соның бәрін бақылап біліп отыруларың керек. Осындай арнайы шаралар қабылданып жатқаны туралы халыққа айтып, түсіндіріп, жеткізіңдер. Бір аптадан соң азық-түлік бағасын реттеу туралы маған жеке-жеке есеп бересіңдер», - деді.

Сол сияқты облыстағы шағын және орта бизнес нысандарында жұмыс істеген азаматтарды «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында жұмысқа тарту мәселесі де пысықталды.

Облыс әкімінің орынбасары Б.Байжұманов медицина мамандарына үстемақы мен сыйақы беру, оларды қажетті жеке қорғану құралдарымен қамту, карантиндегі «Асыл Арман» тұрғын үй кешенінің жағдайы, балаларды қашықтан оқытудың жай-күйі сияқты бірқатар мәселелерді баяндады. Оған қоса Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев «Асыл Арман» ТК-да облыстық әкімдіктің көмегімен 983 отбасына, аудан өз тарапынан қосымша 385 отбасына көмек көрсетіп, қажеттіліктермен қамтамасыз еткенін жеткізді. 

Жиын соңында облыс әкімі төтенше жағдай режимінің сәуір айының соңына дейін созылуына байланысты барлық блокпосттар қазіргідей күшейтілген режимде жұмысын жалғастыруы тиістігін айтты.

- Әсіресе Жамбыл облысымен шектесетін аумақтарда қатаң сақтық қажет. Індетпен күрес шараларына тартылған барлық мамандардың жеке қорғану құралдарымен толық көлемде үздіксіз қамтамасыз етілуі қатаң бақылауға алынсын. Артық жүріс-тұрысты, көшеге шығуды шектеу, дезинфекциялық шаралар одан әрі жалғасады. Егіс алқаптарындағы көктемгі жұмыстар тоқтамайды. «Жұмыспен қамту жол картасының» жобаларын жүзеге асыратын мердігер компаниялардың жауапты, сапалы болуына назар аударып, олардың жұмысын кесте бойынша қатаң бақылауда ұстауымыз керек. Ең бастысы – картаға енгізілген жобаларды жүзеге асыру, сол арқылы жаңажұмыс орындарын ашу, қаржыны дер кезінде игеру. Әр аудан, қала әкімдері, сала жетекшілерінің Президент жүктеген міндеттерді басшылыққа алып жұмыс істеуін қатаң тапсырамын, - деді А. Баталов.