• RUB:
    4.74
  • USD:
    442.05
  • EUR:
    474.14
Басты сайтқа өту
Руханият 11 Сәуір, 2020

Тар әлемнің ішіндегі кеңістік

913 рет
көрсетілді

Айналаңа жақсылық жасау, мейірім-шапағатыңды төгу деген сөздердің мағынасы міндетті түрде біреуге қаржылай көмек қолын созу, тұрмыстық деңгейі төмен отбасыларға жәрдемдесу сияқты тек материалдық жағдайға қатысты айтылатын игілікті іспен шектелмейді, сонымен қатар ол – кісінің көңіл-күйіне шуақ себелеп, жан-дүниесіне әсер ететін рухани байлықпен де тығыз байланысты ауқымы кең айшықты ұғым.

Осындайда Кәкімбек Салықовтың бар қазаққа әйгілі «Бір ауыз сөз қасіретті тияды, Бір ауыз сөз айықпас дерт жияды» деп келетін өлең жолдары  ойға оралады. Мән берсек, бір ауыз жылы сөздің өзі жігері мұқалған жанға демеу, аяғынан тік тұрып кетуіне орасан зор медет екен. Кісінің қайғы-қасіретін жеңілдетіп, жақсылық жасауға құлшынып тұратын, жүрегінің шырағы бар жандардың әрбір жақсы әрекетін әлденені себеп етпей-ақ, жан қалауымен адал атқаруға дайын тұратыны ертеңгі таңымыздың жарқырап атарына секемсіз сендіреді.  Өзіңді қоршаған әлемге, қоғамға пайдаңды тигізу дегенді күнделікті өмірінің басты қағидатына айналдырған мұндай тұлғалар біреуді қуантпай, шаттыққа бөлемей тұра алмайды. 

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Ниетхан Батырханұлы есімді азаматтың карантинде қарап жатпай, картина салғанын әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалды. Әрине шығармашылық адамының қиял ұшындағы сан-сапат бейнелерді үйінде жатып-ақ тірілте беруі заңды құбылыс болуы мүмкін. Бірақ біздің әңгімеге арқау етіп отырған кейіпкеріміздің өнері өзге әріптестеріне қарағанда жұртшылыққа өзгеше  әсер қалдырады. «Аксиома» тұрғын үй кешенінде тұратын әуесқой суретші өз пәтері орналасқан тоғызыншы қабаттың кіреберіс қабырғасына барельеф үлгісімен «Менің аулам» композициясын салды.

–Ауылдағы алма бағына деген сағыныштан осы идея туды. Уылжып піскен жемістің дәмі тіл үйіретін. Біз оны өте жақсы көретінбіз, алманың иісінен, дәмі мен шырынынан ләззат алатынбыз. Сондықтан мен осы жеміс ағашының суреті арқылы көршілеріме  қуаныш сыйлағым келді. Өйткені мәуелі ағашқа қараған адамның жаны көктемнің күніндей жадырап, мейірім-шапағатқа бөленеді, гүлге оранған ауылдағы алма бағын аралап жүргендей керемет күй кешеді, уақыт кеңістігіне сая­хат жасайды. Ұлым Әліби екеуміз екі жақтап қолға алған істі аз уақытта аяқтап шықтық. Алайда мұнымен тоқтап қалмаймыз. Қазір тағы бір тың туындыны салуға кірістім, – дейді автор бізбен әңгімесінде.

Қабырғаға алғаш рет сурет салған қылқалам иесінің кіреберіске ілінген басқа туындылары да тылсым сырымен, бояу-бедерімен ерекше көз тартады. Алуан айшықты пейзаждар табиғат-ана болмысынан қапысыз сыр шертеді. Мәселе табиғатқа қарап отырып, айнытпай сурет салуда емес, оның мағынасын ашып, ой мен сезімді, көңіл-күйді бере білуде десек, тау мен дала табиғатын сипаттайтын туындылардан суретшінің өмір ағысын өзгеше өрнектейтін қолтаңбасын аңғару қиын емес. Мұны ол келешекте туған жердің бай табиғатын, кең байтақ Қазақстанның таулы, сулы, шөлді, орманды алқаптарын қатар қамтитын «Менің елім» атты сериялы топтамаға айналдырғысы келетінін тілге тиек етті. Әр шығарманың дүниеге келуі, көңіл-күйге әсері қайталанбайды. Мысалы,  туған жерге сағыныштан туған «Өзен» картинасы өзі туып-өскен Шу өзені бойындағы кең жайлаудың тыныс-тіршілігін бедерлесе, «Тау», «Шөл далада» атты картиналары туған өлкеміздің бай табиғатына байыппен ертеді.

Автор туралы аз-кем мағлұмат бере кетсек, Ниетхан Кенжебеков Жезқазған пединститутының сызу және бейнелеу өнері факультетін оқып бітірген. Еңбек жолын мектепте мұғалім болып бастаған, кейін ішкі істер саласында абыройлы қызмет атқарған. Зейнет демалысына 2008 жылы шыққан азамат: «Қазір қол қусырып қарап жататын заман емес, өзімнің жеке бизнесім бар, Нұр-Сұлтан қаласында пәтерлерді жалға өткізумен айналысамын. Қолым қалт еткенде сурет саламын, өлең жазамын. Бұл өнер маған анамның ақ сүтімен дарыған болса керек. Өйткені анам қазақтың киіз үйінің әшекей-бұйымдарын мінсіз тоқитын қолы гүл, нағыз шебер кісі еді» дейді Ниетхан Батырханұлы.

«Жақсы көрші тапқаның – көп олжаға батқаның» деген қанатты сөзді атам қазақ бекер айтқан ба? Карантинде көрші-қолаңына алма ағашын сыйлап, тамаша тартуымен қуантқан осы азаматтың іс-әрекеті тасты жарып шыққан тау гүліндей жан баурайды. Бұлттың арасынан жылтыраған жарық сәулеге ұқсайды.

Суреттерде: Ниетхан Батырханұлының пейзаждары