Атырау облысында коронавируспен күресіп жатқан дәрігерлерге жалақысына қосымша үстемеақы ала бастады.
«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы Атырау облысындағы коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан медицина ұйымдарының қызметкерлеріне жалақыға қосымша үстемеақы төлеу үшін 959 миллион 997 мың теңге бөлініпті.
- Ал, 9 сәуірден бастап қордың Атырау облысы бойынша филиалымен медицина ұйымдарына алдын ала төлем жүргізілді. Оның ішінде облыстық жедел жәрдем станциясына 20 миллион теңге, облыстық және аудандық ауруханаларға 268 миллион теңге аударылды. Медицина ұйымдарының қызметкерлері тиісті үстемеақыларын алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры жағдайға үнемі жан-жақты талдау жасап отыр. Медициналық ұйымдарды қаржыландыру тоқтатылмайды. Бұл тиісті кесте бойынша жүргізіле береді, - дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау облысы бойынша филиалының директоры Сәбит Құралбек.
Жұмасат ҒАЗИЗ