Павлодар облысындағы блокпостта жүк көлігінің жүргізушісінен пара сұраған Арнайы жедел әрекет ету жасағының қызметкері жұмыстан босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әлеуметтік желілерде Германиядан Семейге кетіп бара жатқан арнайы жасақ қызметкерінің жүк көлігі жүргізушісінен пара сұрап тұрғаны туралы видео тарап кеткен еді.
«2020 жылдың 12 сәуірінде «Теlegram» әлеуметтік желісіне жүргізілген мониторинг барысында Германиядан Семейге кетіп бара жатқан жүргізушінің видеосы тарап кетті. Ол Екібастүз ауданының Шідерті кентіндегі №4 санитарлық пост арқылы өткен. Аталған видео бойынша Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов облыстық ПД жеке қауіпсіздік басқармасына қызметтік тексеру жүргізуді тапсырды», - деп хабарлайды Павлодар облысының полиция департаментінен.
Нұрлан Мәсімовтың айтуынша қызметкер жұмыстан қуылады.
«Арнайы жасақ қызметкері сөзсіз ішкі істер органдарынан босатылады», - деді ол.
Сонымен қатар оның үстінен ҚР ӘҚБК 449-бабы бойынша (қайыр сұрау) әкімшілік іс қозғалды. Кәсіби тұрғыда әлсіз адамдарды жинап алған командирінің лауазымында қалу-қалмау мәселесі шешілуде.