Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы Жарлығына сәйкес Батыс Қазақстан облысында 300-ге жуық адам арнаулы жиынға қатысуға ниет білдіріп отыр.
Мемлекет басшысы, Қазақстан Қарулы Күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығын орындау мақсатында Батыс Қазақстан облысында да дайындық жұмыстары атқарылуда. Мемлекет басшысының шақыруын ақжайықтықтар қызу қолдады. Жарлық шыққан күннен бері 300-ге жуық батысқазақстандық азамат өз еркімен арнаулы жиынға баруға өтініш білдірді.
Шақырылатын әскери міндеттілердің санын және арнаулы жиындарды өткізу мерзімін әр өңірдің ішкі қажеттілігіне қарай жергілікті атқарушы орындар шешеді. Әскери міндеттілерді арнайы жиынға шақыру үш айға дейін созылуы мүмкін. Қазіргі таңда тиісті құжаттар дайындалуда.
Арнаулы жиындарға алынушылар облыс аумағында төтенше жағдай талаптарын сақтауға, зарарсыздандыру шараларын өткізуге, блок-бекеттерде және қала ішінде патрульдік кезекшілік атқаруға жұмылдырылатын болады. Сондықтан өтініш білдірушілердің ішінде бұрын зарарсыздандыру жұмыстарына қатысы бар мамандарға, медициналық салада жұмыс істегендерге, Ұлттық ұланда, қалалық патрульде әскери қызметін өтегендерге көңіл бөлеміз. Әрине ниет білдіргендер комиссиядан өтсе ғана әскери қызметке қабылданады. Олар Қазақстан Қарулы Күштері қатарына енгізілгеннен кейін «Әскери қызмет және әскери қызметші туралы» заңына сәйкес әлеуметтік сипаттағы барлық жеңілдікті пайдаланады.
Жақында ғана Қапшағай гарнизонынан 150 әскери қызметші Орал қаласына әкелінді. Олар бірден облыс орталығында дезинфекциялық шараларды атқаруға атсалысты. Қазір қала мен облыс аумағындағы блок-бекеттерге, қала ішіндегі патрульдік күзетке көмектесіп жатыр. Жағдай толық бақылауда.
Отан қорғау – Қазақстан Республикасының әр азаматының абыройлы борышы. Соның ішінде ел басына күн туған сәтте, бүкіл әлемді әбігерге салған коронавирус індетімен күресте әскери міндетті азаматтар өз еркімен алдыңғы шепке шығуы заңды. Сондықтан арнаулы жиындардың құрылуы – тек қажеттіліктен туған мәселе емес, патриоттық шара деп есептеймін. Бұл біздің бірлігімізді, отаншылдығымызды көрсетеді. Біз бір болсақ, кез келген қиындықты жеңіп шығатынымыз анық.
Мақсат МҰҚАНОВ,
полковник, Батыс Қазақстан облысы әкімінің әскери қауіпсіздік және қорғаныс мәселелері жөніндегі көмекшісі