• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 14 Сәуір, 2020

Рамазан айы 24 сәуірде басталады

871 рет
көрсетілді

Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы, Орыс православ шіркеуінің митрополиттік округінің басшысы, Астана және Қазақстан Митрополиті Александр төтенше жағдай кезінде діни іс-шараларды өткізу барысы туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

«3 сәуірде Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев арнайы брифинг өткізіп, дін саласындағы азаматтарға, ел халқына, діни бірлес­тік­терге ұстанымдарын айтқан болатын. Бұл ұстанымдар бойынша жалпы діни рәсімдерді өткізу кезінде халықты көп жинамау, сондай-ақ тұрғындарға ақпаратты беріп тұру үшін онлайн форматын енгізу ұсынылған еді. Қуантарлық жағдай, еліміздегі барлық діни ұйымдар тарапынан бұл ұсыныстар қолдау та­уып жатыр», деді Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов.

Бас мүфти Наурызбай Қажы Тағанұлы қазақстандықтарды келіп жет­кен Рамазан айымен құттықтай келе, аза­маттарды төтенше жағдай шарт­тарына түсіністікпен қарауға және діни мерекелерді тойлау кезінде бар­лық карантиндік шараны сақтау­ға шақырды. Сонымен қоса дін қызмет­кер­лері карантин кезінде 17 643 отбасына көмек көрсеткенін, 47 821 бетперде таратылғанын мәлімдеді.

Брифингте ҚМДБ төтенше жағдай кезінде онлайн-уағыздар мен дәрістердің арнайы кестесін бекіткені белгілі болды. Сондай-ақ азаматтарымызды қызықтыратын барлық сұраққа жедел жауап беру үшін call-орталық іске қосылғаны айтылды.

«Ұлттық ғарыштық зерттеулер мен технологиялар орталығы» мекемесінің ғылыми мәліметіне сүйеніп, сондай-ақ көрші Өзбекстан және Қырғызстан мұсылмандары діни басқармаларымен кеңесіп, Рамазан айының басталатын күні белгіленді. Шариғат үкімі мен ғылыми зерттеу жұмысының қорытындысына сәйкес, мұсылмандар асыға күтетін Рамазан айы биыл елімізде 24 сәуір күні басталатын болды», деді бас мүфти.

Осы орайда ол шариғат бойынша бали­ғатқа толған, ақыл-есі дұрыс әрбір мұсыл­манға Рамазан айында ораза ұстау па­рыз екенін еске салды. «Алайда жолау­шы­ларға, сырқаттанған немесе денсау­лығы нашар адамдар ауруының асқынуы­нан қауіптенсе және дәрігер ұзақ уақыт бойы ашығудан денсаулығы күрт на­шарлап кетуі мүмкін деген ше­шім қа­былдаса, сондай-ақ жүкті немесе омы­рауда баласы бар әйелдерге ораза тұ­­туды кейінге қалдыруға шариғат мұр­сат береді», деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының басшысы еліміздегі төтенше жағдайға байланысты қасиетті Рамазан айында індеттің таралуының алдын алу мақсатында карантин мерзімінде Тарауық намазы мешіттерде жамағатпен оқылмайтынын мәлімдеді. «Тарауық намазын әркім өз шаңырағында отбасы мүшелерімен оқуына кеңес береміз. Біз осылай оқшаулану арқылы жұқпалы індетті жеңеміз», деді Наурызбай қажы.

Сонымен қатар бас мүфти карантин кезінде ауызашар берілу барысын түсіндірді. «Жұқпалы індеттің таралуының алдын алу мақсатында мешіттерде, дәмханаларда, қоғамдық орындарда және басқа да мекемелерде жиналып ауызашар беруді уақытша тоқтатуға шақырамыз. Сондықтан карантин күндері әркім өз шаңырағында ауызашар өткізуге, көпшілік орындарда (дәмхана, мейрамхана) жиналмауға үндейміз», дей келе, мейрамханаларға тапсырыс беріп, ауызы берік адамдарға тамақ тарату, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тарату арқылы ауыз аштыру, ауызашарға жұмсалатын шығындарды ораза ұстаған адамдарға қаржылай беру секілді ізгі амалдарға шақырды.

Астана және Қазақстан Митрополиті Александр православ христиандарын Қасиетті Пасхамен құттықтады. «Биыл Пасха мейрамын діни қауымның мүшелерінің көбісі мәжбүрлі өз-өзін оқшаулау жағдайында атап өтеді. Үйде дұға тілеп, діни әдебиет оқып, ғибадат ету шараларын трансляциялар арқылы қарап, біз осы мейрамға ортақтасамыз», деді Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте. Сонымен қатар Митрополит Пасха түнінде «Еуразия бірінші» арнасында мейрамға орай еліміздің бас шіркеуінде өтетін ғибадат ету шарасынан тікелей трансляция өтетінін айтты.