• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Сәуір, 2020

Бірлігімізбен бәрін де жеңеміз!

479 рет
көрсетілді

Қазақстан Респуб­ликасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап елдің бірлігін айтып келеді. Тәуелсіздіктің алғаш­қы күндерінен бастап «Менің бар тілегім де, зар тілегім де елдің бірлігі» деген аталы сөзі де есімізде.

«Egemen Qazaqstan» газетінде жария­ланған «Бірлесе біл­ген ел бәрін жеңеді» (8 сәуір, 2020 жыл) атты мақа­ла­сында да Елбасы елді бір­лікке шақырады. Бірлікке жететін қуатты күш жоқ екен­дігін аталарымыз да небір кемеңгерлікпен айтып кеткен болатын. Елбасы өзінің сөзінде Қазақстанның өз тәуел­сіздігінің 30 жылын­да сан қилы жолдан өткен­дігін, ел дамуының дұрыс жолын таңдай білудің нәти­жесінде қуатты да, абыройлы да беделді, халқының ынтымағы жарасқан мемлекет құра алғанымызды, атқарылған істерді тағы да көз алдымызға әкеліп, жадымызды жаңғыртқандай болды.

Рас, біз тарихтың аса күр­делі кезінде тәуелсіздікке қол жеткіздік. Небір сындарлы кезеңде, елдің іргесі шай­қа­лып кетер тұста да, экономика дегеніңіз құлдырап бітіп, жұмыссыздық жайлап, қазынамыз, дүкен сөрелері бос қалып, «қазақтар өз бетімен ел бола алмайды» деген сенім­сіздіктер де үрей ту­ғыз­ған сәттерде Елбасы өз хал­қымен болды.

Елбасы тәуелсіз мемлекет құрудың азапты күндері мен ұйқысыз түндерін халқымен бірге өткізді. Елбасы бәрін де халқымен бірге көрді, бірге төзді, бірге жеңді! Қазақ­стан­ды әлем Тұңғыш Прези­дентіміз Назарбаевтың есімі­мен, Назарбаевтың келбетімен, Назарбаевтың ісімен таныды.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде Н.Назарбаевтың әлем­дік саясаттағы ұлы тұлға екен­дігін орынды атап көрсеткені де бар. Елбасы елге арнаған сөзінде тағы да елімен бірге екендігін, ел басына төнген осы бір індетті жағдайдан халқының аман-сау шығуын ойлап, ой толғайды. Аталық сөзін айта отырып, абыздық оймен толғанған Елбасының жұрт көңілінің алаң осындай тұсында ел ішінде үрей ту­дыратын өсек-аяңды тарату­дың өзі ел ішіне іріткі салу деп бағалайды. Және де «Көп­тің қамын көз­дейтін адам айғайшыл күші­мен емес, игі­лікті ісімен қыз­мет еткені дұ­рыс. Ғайбат пен бай­балам ор­ны­на ғылым-біліммен шұ­ғыл­данған абзал» дейді Елбасы!

Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев әлемді жайлап бара жатқан аса қауіпті ін­деттен Қазақ елінің аман шығуы үшін Қасым-Жомарт То­қаевтың дұрыс шешім қабылдап жатқанын және де бәріміздің оны қолдап, бір болуға шақыруы елдік сөз дер едім.

Қазақ халқы ақыл-пара­сатты халық! Бұл сынақтан да амандықпен өтерімізге сенім бар. Ең бастысы, қазіргі жағ­дайда Елбасы айтып отырған бір­лікті сақтай отырып, Пре­зидентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай­дан шығу жолында белгілеп отыр­ған барлық амалдарына қолдау көрсетейік. Біз бәрін де жеңеміз! Жақсы күндеріміз алда! Тек аман болайық!

 

Жабал ЕРҒАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Сенаторлар кеңесінің мүшесі, Көкшетау қаласының құрметті азаматы