Қазақстанның даму белестерінде ұлттық өнердің алатын орыны орасан. Жалпы айтқанда, адамзат тарихының бүгінгі сәтке дейінгі жеткен деректері әрбір ұлттың өзіндік ерекшеліктерін аңғартады. Бұл тұста қазақ ұлтының нағыз ұландары ата-бабалар қалыптастырған ұлы қазыналарды, салт-дәстүрлерді, рухани құндылықтарды көзінің қарашағындай сақтап, ұрпақтардың жадына сіңіріп, кейінгілерге аманат етумен келеді.
Қазақтың ұлттық тарихындағы рухани құндылықтарды ұлықтау дәстүрін дамыта жалғастырып келе жатқан жанашырларды біз қай кезде де құрмет тұтуымыз тиіс. Қазақстанды көпұлтты ел ретінде әлем біледі. Сондықтан әрбір ұлттың тарихи мұрасы мен салт-дәстүріне терең бойлау қазіргі кезде аса маңызды болып отыр.
Біздің халқымыздың арасында талантымен дараланған тұлғалар жетерлік. Алайда сол халықтың жан-дүниесін тебіренткен, әр дәуірден терең сыр шерткен асыл мұралардың барлығын түгендеп, сол қалпында сақтап, келер ұрпақтарға жеткізу әлі де іргелі істерді талап етеді. Әсіресе фольклорлық-музыкалық мұралар, эпикалық жыр-дастандар бүтін халықтың тарихи шежіресі ретінде саналады.
Ұшса құстың қанаты талатын Ұлы даланың тарихында таңбаланған әрбір деректі білу бүгінгі ұрпақтың басты парызы саналады. Мәселен, ержүрек Күлтегін мен Тоныкөктің жырларынан сол кездегі жаугершілік заманның келбеті мен болмысын көркем тіл, астарлы ой, философиялық асқан тереңдікті байқаймыз. Сондықтан тарихымыздағы жыраулық дәстүр – ұлт болып қалыптасуымызға дейінгі түркі дәуірінің, сондай-ақ оған дейінгі аралықты қамтыған адамзат ақыл-ойының ең жоғары биік өлшемінің көрінісі дер едік. Әйгілі Сыпыра жырау, одан берірек тарихи кезеңдердегі Доспамбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Қазтуған, Үмбетей және Бұқар бабамызға дейінгі өрлік пен ерлікті қатар ұстаған данагөй жыраулардың жолы сайрап жатыр.
Бүтіндей далалық мәдениеттің философиясы жыраудың ішкі жан діліндегі поэзиялық қуатымен айшықталады. Бұқар бабамыздан кейін де далалық өркениеттің үлгісі атанған даңғайыр жыраулар өмір сүрді. XIX-XX ғасырлардың өзінде Базар, Жиембай жырау, бір Маңғыстау түбегінде Абыл, Нұрым, Қашаған аталарымыз ғұмыр кешті. Олардың ізін Мұрын жырау жалғады. Мұрын жыраудың кешегі екінші дүниежүзілік соғыс уақытында Қырымның қырық батырын алты ай жырлап, елдің еңсесін тіктеп, рухын оятты. Ол бізге мың жылдық мұра, жүз жылдық мәдениеттің адамзат баласына ортақ екендігін айғақтап кетті.
Бүгінгі таңда Орхон-Енисей жазба ескерткіштері мен Қорқыттан қалған жәдігерлерді адамзаттың ортақ мәдени мұрасы деп бағалаймыз. Сонымен бірге, баршаға ежелгі дәуірден танымал болған қаншама өнер иелері бар десеңізші?! Ендеше жыраулық өнердің бүгінгі ізбасарларын сол әлемдік мәдениеттің бір бөлшегі деп бағалаған абзал болар.
Жалпы әлемде әр халықтың көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан бай мұрасы бар. Соны біз ұқыппен сақтап, әлі де зерттеулерді қажет ететіндерін тереңдей қаузап, келер ұрпаққа аманаттап тапсыруымыз қажет. Осы тұста Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында осы аталып өткен мәдени мұраларды ұлықтауды әрі оларды терең зерттеуді баршамызға тапсырған еді. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатымен Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінен белгілі жырау Алмас Алматов Жыр орталығын ашуға бастама көтеріп отыр. Елбасының өзі қолдау білдірген іске жанашыр қауым түсіністік танытар деп ойлаймыз. Өйткені елорданың Достық үйіне әлем мемлекеттерінен мәртебелі қонақтар ат басын жиі бұруда. Олар осы арқылы Қазақстанды мекен еткен барлық ұлттардың төл мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік алатыны шүбәсіз.
Әмірхан АЛМАҒАМБЕТОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің жанындағы «Қоғамдық келісім» КММ баспасөз бөлімінің бас маманы