• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 15 Сәуір, 2020

Бәрі оны қазақтың баласы дейді (видео)

1750 рет
көрсетілді

Әлеуметтік желіде «Дүние, шіркін» термесін домбырамен тебірене шырқаған Алексей Лодочниковтің өнері қызу талқыға түсіп жатыр. Қазақтың қасиетті қара домбырасымен ән салып, терме-толғау айту – кез келгеннің маңдайына бұйыра бермейтін киелі өнер. Мұндай жоғары деңгейге қол жеткізу үшін дәстүрлі әншінің қанында ұлттық музыканың тұнық қайнары бүлкілдеп тұруы қажет. Асыл маржан теңіздің түбіне ғана тұнады десек, жан-дүниесі даланың құрақтай сарынымен үндесіп, қазақы қайырымдар мен мақамдарды қалтқысыз игерген орындаушыға халықтың ақжарма лебізінің де дәл солай шын көңілден төгіле өріліп жатқанына куә болдық. Жас әншінің өнерін аз уақытта 20 мыңнан астам адам тамашалап, жанкүйерлері пікір жазып, арман-аңсарын, бақытын қазақ елімен байланыстырған өзге ұлт өкілдерінің, әсіресе кейінгі жас буынның мемлекеттік тілге, қазақтың дәстүрлі ұлттық өнеріне деген  сүйіспеншілігіне ризашылық сезімдерін білдірген.

Жас өнерпаз орындаған белгілі әнші Мейрамбек Бесбаевтың репертуарындағы: «Дәурен көшіп барады қарайламай, Құбылады күн сайын, қалай-қалай? Сенің алтын сәулеңе не жетеді, Жарқыраған дүние шар айнадай. Дүние, шіркін, Өтер бір күн!» деп басталатын толғау-терменің ерекшелігі –   жаттанды, бір сарынды әуенмен жайдақ жортып, діттеген межеге тез жете қоятын етек-жеңі шолақ дүние емес. Ол әуеннің әр иірім-ізіне тән ырғақтан ауытқып кетпей, халықтық көне мақаммен, майда қоңыр дауыспен егіле, елжірей орындалатын, мінезі тау самалындай жұмсақ сазды шығарма. Сөздің мағынасын, әсері мен ырғағын әуенмен, дауыспен жымдастырып, музыкалық аспап сүйемелдеуімен орындаған әнші «Дүние, шіркін» термесін осы талапқа сай өте сәтті шырқағанына куәміз.  

Өнерпаз өрен фейсбук желісінде: «Дүние не боп бара жатыр? Осы дертті тезірек жеңсек қой. Еліміз аман болсын!» деп ауыздықталмай жатқан алапат індетке алаңдаушылық білдірген. Жұртшылық жас әншінің термені тебіреніп айтқан шеберлігіне, қазақша мүдірмей сөйлей  алатындығына ғана емес, қазақ тілінде қатесіз жазылған осы постына ризашылықпен пікірлер қалдырған. Ұлту Сағымбекова есімді желі қолданушы: «Шіркін-ай, осындай басқа ұлт азаматының өнерін біздегі өз тілін білмей жүргендерге көрсетіп, үлгі етсе ғой» деп ойға жетелесе, Ерзат Жақып есімді азамат: «Бәрекелді! Дегеніңе жет. Мынауың нағыз қазақтың өзі ғой», ал Қуанар Қақалова: «Нағыз азамат екен» деп қолдау білдірген. Осы сарындағы жазбаларды көптеп мысалға келтіруге болады.

Өнер иесі кейінгі тағы бір постын: «Күн сайын  челлендж саны көбейіп жатыр. Менің ойымша нағыз күшті челлендж, бұл – өзіміздің қазақ әндерін орындау. Еліміздегі соңғы жағдайларға байланысты  үйімізде отырып, бір-бірімізге қолдау көрсетейік, денсаулық тілейік. Біз біргеміз. Сіздерге Ескендір Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін айтып берейін. Осы өнерді әрі қарай жалғастыруды Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновке жолдаймын» деп қазақша жазған. Мұны 2 мыңнан астам адам тамашалаған, 400-дей тыңдаушы қолдаған.  

Әншінің өмірі туралы қысқаша баяндасақ, ол – Павлодар облысының тумасы. Балалар үйінің түлегі. Ұлты – орыс. Қазақтың қара домбырасын жақсы көреді. Дәстүрлі әндерді орындайды. Тілім де, жаным да – қазақ дейді. «100 жаңа есім» жобасына іліккен тұлға. ­2016 жылы Павлодар қаласында өткен кездесуде Елбасының алдында сөз сөйлеген. «Аса құрметті Елбасы, мен тағдырдың жазуымен аудандық балалар үйінде тәрбиелендім. Қазір музыкалық колледжде оқимын. Әміре Қашаубаев атамыз 1925 жылы Парижде өткен көрмеде «Балқадиша» әнін орындаған еді. Мен де сол әнді астанадағы ЭКСПО-да айтқым келеді» деп тілегін жеткізген. Сол арманы орындалып, елордада өткен біраз мерекелік кештерде өнер көрсетті.  Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Бейбітшілік пен келісімнің 25 жылы» атты мерекелік жиында домбырасын күмбірлетіп, «Алау» тобы мен Димаш Құдайбергенмен қосылып, Ақан серінің «Балқадиша» әнін шырқады. Ізденген жетер мұратқа деген осы.