Темір жол инфрақұрылымын дамыту – «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басым бағыттарының бірі. Биыл 416 шақырым шойын жолы күрделі жөндеуден өтпек.
Жұмыстар 6 сәуірде – Бескөл жол дистанциясының Достық – Ақтоғай учаскесінде басталды. Жоспардағы 23,8 шақырым жолдың 3,5 шақырымы жөнделді. 13 сәуірден бастап жұмыстар еліміздің батысында – Қандыағаш жол дистанциясының Қандыағаш – Сағыз учаскесінде бастау алды.
Әр нысанда 80 жұмысшы және 30 механизатор жұмылдырылған. Жөндеу пойыздары, крандар, МПД және УСО темір жол платформалары, ауыр типті жол машиналары және өзге де техникалар қолданылуда. Іске кіріскен мердігер ұйымдар – «Integra Construction KZ» ЖШС және «Теміржол жөндеу» ЖШС.
– Жұмыс тоқтаусыз, штаттық режімде жүруде. Коронавирус індетімен күресу шеңберінде қабылданған барлық қауіпсіздік шаралары назарға алынған, – деді «Магистральдық желі дирекциясы» филиалының Жол және құрылыстар департаментінің жолдарды күрделі жөндеу бөлімінің басшысы Берік Аханов.