Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» атты мақаласын оқып, жақсылап танысып шықтым. Бұл коронавирус пандемиясы тараған кезде халқымызға бағдар көрсетер, қолдау беретін, бірлік пен тірлікке үндейтін дүние болды.
Елбасы Н.Назарбаев сонау тәуелсіздік алған кезден жас мемлекеттің тізгінін ұстап, әлемдік державаларды қарымды ойларымен аузына қаратқан тұлға. Оның саяси қауқарының қайнар көзі – халық үніне құлақ асуында. Тұңғыш Президент үнемі халықтың ішкі дүниесін тереңінен түсініп, оның мұң-мұқтажын шешумен, дұрыс бағдар берумен айналысты. Әр кезде өз ойын нақты, халыққа ұғынықты етіп жеткізіп келеді.
Осы жолы да, еліміз ауыр індетпен күреске кіріскен кезде қазақстандықтарға жақсылық пен аман-саулық тілеп, барлығымызды төзімді әрі сабырлы болуға шақырды. Біз мұны оның: «Тәуелсіздік жылдары ел өмірінің ең қиын да күрделі кезеңдерінде мен кез келген мәселені қадірменді отандастарыммен бірге бүкпесіз, ашық талқыға салып, туған халқыммен үнемі ой бөлісіп келемін», деген сөздерінен байқаймыз. Сондай-ақ елімізде осыған дейін бірталай маңызды жұмыс атқарылды. Үлкен кен орындары мен жаңа зауыттар ашылды.
Ел экономикасы қарыштап дамыды. Десе де, осы жолғы дағдарыс осыған дейінгі бастан кешкен қиыншылықтан күрделілеу болатынын аңғартып тұр. Өйткені тек біздің елде ғана емес, әлем бойынша көптеген өңдіріс орны жабылып, адамдар жұмыссыз қалды.
Елімізде осындай қиыншылықтарды еңсеру үшін Елбасы алдымен еліміздің өзіндік қасиетіне айналған татулық пен бірлік, ішкі тұрақтылық қажет екенін қадап айтты. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамаларына толықтай қолдау көрсетуге шақырды. Ол үшін елімізде барлық мүмкіндіктердің бар екенін жеткізді. Тәуелсіздіктің алғашқы сәттерінен бастап, ұлы Абайдың «Кімге достығың болса, достық шақырады» деген дана қағидасын басшылыққа алатынын да айтып өтті.
Өз басым Парламент Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі және әскери азамат ретінде Елбасы Н.Назарбаевтың Қарулы Күштер мен құқық қорғау органдарын қалыптастыру мен дамуындағы ерекше орнын атап өткім келеді. Нұрсұлтан Әбішұлының салиқалы саясатының және ерен еңбегінің арқасында ел экономикасы көтеріліп, Қарулы Күштер мен арнайы органдардың әлеуеті артқаны сөзсіз. Елбасының әскери саладағы реформаларына басы-қасында жүріп куә болдық.
Әскеріміз жасақталды, шекарамыз бекітілді, барлық елдермен тату-тәтті қарым-қатынас орнаттық. Елімізді қауіпті індет жайлаған кезде барша күш құрылымдары ел үшін алғы шепте абыройлы қызмет етіп жүр.
Өздеріңіз байқағандай, ақ халатты дәрігерлермен қатар індетпен күрестің алдыңғы шебінде күштік құрылымдардың барлығы жұмылдырылған. Бірі блок-бекеттерде қызмет атқарса, бірі карантиндік режімді қадағалауда. Онсыз індетті жеңу мүмкін болмайды. Елбасы өз мақаласында «Бүгінгі күрес даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының: «Тәртіпсіз – ел болмайды, тәртіпке бас иген ел құл болмайды» деген қанатты сөзін еске салады және соны бекем ұстануды талап етеді», деп нақтылап өтті. Осы індетпен күресте жүрген әскери құрылымдардың карантиндік режімді сақтауға, ел денсаулығын нығайтуға қосар үлесі мол. Осындай қиын-қыстау кезде халқымызды тәртіпке бағынуға, барынша дәрігерлер мен құқық қорғау қызметкерлеріне қолдау көрсетуге және Елбасы мен Мемлекет басшысының үндеулеріне құлақ асуға шақырамын. Бірлік салтанат құрғанда, ерлікке жол бар. Бірлік бар болғанда береке, ынтымақ, жеңіс шаңырағымызға келіп орнығады.
Асыл қазынамыз, баға жетпес байлығымыз – тәуелсіздік пен елдігіміз мәңгілік, ынтымағымыз берік болғай! Біз біргеміз!
Абай ТАСБОЛАТОВ,
Мәжіліс депутаты, генерал-лейтенант