Бұл елде қазіргі күні коронавирус жұқтырғандардың саны 8 мыңнан асты, оның 300-ге жуығы қайтыс болды. Сондықтан басқа елдер сияқты, мұнда да қатаң карантин режимі енгізілген. Тұрғындар дәрі-дәрмек пен қажетті азық-түлік алу үшін ғана рұқсатпен сыртқа шығады. Көшеде бейсауат жүруге болмайды. Карантин ережесін құлаққа ілмегендерді полиция ұстап алып, таяқпен ұрып жазалайды.
Кейбір шектеулер сырттан келген туристерге де қатысты. Олар қыдыру үшін қасына арнайы рұқсаты бар адамды ертіп жүруі керек. Бірақ бұл тәртіпті елемей, карантин режимін бұзғандар табылып жатты. Мысалы, жергілікті полиция қызметкерлері көшеде рұқсатсыз жүрген АҚШ, Мексика, Израиль, Австралия азаматтарын ұстаған. Олар жаза ретінде қағазға «кешіріңіз, мен тәртіпті бұздым» деп 500 рет жазуға мәжбүр болды.
Полицияның көзінше жазылатын «кешірім» түріндегі ерекше жаза біраз туристке сабақ болған сыңайлы. Қазір Үндістан көшелерінде беймезгіл жүргендер азайған.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ