– Шешен сөйлей алмаймын. Өзіңіз сұрақ қоя бересіз ғой.
– «100 жаңа есімге» кірдіңіз. Президенттің өз қолынан медаль алдыңыз. Журналистерге жиі сұхбат беріп, сөйлеуді үйренген шығарсыз.
– Сонда да ақтарылып сөйлей алмай-ақ қойдым.
...Былтыр ақпан айында түн ішінде Семейдегі жатақханалардың бірінде өрт шыққанда 15 адамды құтқарған, кейін осы ерлігі еленіп, 20 мыңнан астам дауыспен «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының 35411 әскери бөлімінің механик-жүргізушісі, ефрейтор Қуандық Қанатұлымен әңгімеміз осылай басталған.
40 градус аяздағы қызыл жалын
Бейбіт күннің батырының кім екендігі, қайда жұмыс істейтіндігі, отбасы, ошақ қасы туралы сәл кейінірек айтамыз. Әуелі қырдың қағылез ұлын елге танытқан оқиғаның қалай болғанына бір сәт көз жүгіртіп көрелікші. «Түнгі сағат 1 жарымның шамасы. Шырт ұйқыда жатқанмын. Баланы ұйықтатып, өзі төсекке енді қисайған жұбайым есіктен түтін кіргенін байқап, мені оятты. Үйде үнемі өзіммен бірге алып жүретін газқағар (противогаз) тұратын. Қол қусырып, қарап отыратын уақыт емес, газқағарымды басыма кие салып, ұялы телефонымның жарығын қосып, дәлізге шықтым. Әуелі өрт шыққан жерге дейін барып, қарап шықтым. Жолай кездескен кісілерді далаға шығарып, сыртқы есікке дейін жеткіздім. Сосын пәтеріме келіп, отбасымды шығардым да, қайтадан адамдарды далаға шығаруға кірістім. Кейбір тұрғындардың есіктерін қағып, оятуға тура келді. Біраз тұрғындар далаға өздері шығып жатты. Жатақхананың іші-сырты у-шу. Ешкімнің ешкімге қарайтын жағдайы жоқ. Көк түтін. Түк көрінбейді. Пәтерлерінен шыққан адамдарды сүйемелдеп, өздігінен жүре алмайтын кісілерді демеп, жол көрсетіп, есікке дейін жеткіздім. Бұл кезде өрт сөндірушілер әлі келмеген еді. Олар келгеннен кейін де оларға көмектестім. Сол күні қалада қатты аяз болып, 40 градусқа дейін барыпты. Ет қызумен түк сезбеппін. Жұқа трикомен, футболка сыртынан күртеше киіп шыға салғанмын ғой. Кіріп-шығып жүре берген екенмін. Бесінші қабатқа бірінші қабатқа шыққандай сезініп жүріппін өзімді сол күні. Кейін білдік, өрт бірінші қабаттағы бір пәтерден шығып, электр қалқанына тиіп, жоғарғы қабаттарға өрлеген ғой. Түтіннен түк көрінбегені рас. Ұялы телефонның жарығымен жүргенде бір метрдей жерді ғана көріп отырдым. Ең бастысы, Құдай сақтап, адам шығыны болған жоқ».
Бір қызығы, бәлкім, қарапайымдылығы да шығар, Қуандық түн ішінде қаншама адамды қызыл жалыннан құтқарғанын ешкімге айтпайды. Өзі жұмыс істейтін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы ефрейтордың ерлігін екі-үш күн өткен соң өртке шарпылған жатақхана тұрғындарынан естиді. «Өрт болған күннің ертеңінде жұмыстан сұрандым. Түнде өрт болғанын ескерттім, бірақ адамдарды құтқарғанымды айтқан жоқпын. Үйдің бәрі ыс болып кетті. Үш күнсіз жатақханаға кірмеңдер деді. Екі-үш күн өтіп, ес жиғаннан кейін біздің үйдің кісілері, ПИК өрт болған кезде тұрғындарға көмектескен мектеп басшылығына, таксистерге, басқа да азаматтарға Алғыс хат апарып, тапсырыпты. Тұрғындар осындай Алғыс хатты біздің басшылыққа да апарған ғой. Біздің жұмыстағылар сол кезде білсе керек. «Сен неге айтпағансың? Мұндай дүниені айту керек қой» деп маған телефон соғады жұмыстағы басшыларым» деп еске алады сол күндерді кейіпкеріміз.
Содан не керек, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Қуандық Қанатұлын әртүрлі марапаттарға ұсынып, ефрейтор әуелі облыстық Төтенше жағдайлар департаменті бастығының, Семей қаласындағы Батыс әскери қалашығы 35411 әскери бөлімінің командирінің Алғыс хаттарымен және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Құрлық әскерлері бас қолбасшысы бірінші орынбасарының Мақтау қағазымен марапатталады. Содан соң Қорғаныс министрінің Алғыс хатына ие болып, Отан қорғаушылар күнінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін» медалін алады. Жыл соңында «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанады.
Жақындары не дейді?
Біз Қуандықтың жасаған ерлігі, кейінгі алған марапаттары туралы ғаламтордан білдік. Әртүрлі суреттерін көрдік. Сонда бір байқағанымыз, қарға бойлы Қазтуған дегендей, Қуандық аса бойшаң, денелі, ірі емес, қаршығадай ғана қағылез жігіт. Бір қараған адамға «Осы жігіт 15 адамды құтқарды» десеңіз, әуелде сенбеуі де мүмкін. Бірақ мәселе бойда, дененің ірілігінде емес, мәселе ойда, санада, жүректе, мінезде екен-ау. Осындайда Әлихан Бөкейхан жарықтықтың «Ұлтты сүю білімнен емес, мінезден» деген сөзі еске түседі. Мінез дегеннен шығады, Қуандық қарапайым ғана отбасынан шыққан қарапайым ауыл баласы. Аягөз ауданының Шынқожа батыр ауылының тумасы. Сонда туған, сонда мектеп бітірген. «Қуандық ауылымыздағы мектепте білім алды. Мектепте үлгілі, еңбекқор, алғыр оқушылардың бірі болды. Әке-шешесі Қанат пен Марфуға өте қарапайым кісілер. Қуандық осы шаңырақтағы екі баланың үлкені, Шырай деген қарындасы қазір тұрмыста. Біз ауылымыздан Қуандық секілді жүректі жігіттің шыққанына мақтанамыз. Қанат пен Марфуғаның осындай ұл тәрбиелегенін ауыл адамдарына мақтана айтамыз. Қуандық баламыздың қанша адамды өрттен құтқаруы мектепте алған білімі мен ата-анадан көрген үлгі-тәрбиесінің арқасы деп білеміз. Сондықтан оның болашағынан зор үміт күтеміз», дейді Шынқожа батыр ауылының тумасы, зейнеткер ұстаз Қинаят Мұхаметсадықова.
Шынқожа батыр ауылында тұратын Қуандықтың әке-шешесіне телефон шалып, анасы Марфуғамен сөйлескенімізде кейіпкеріміз бала күнінде ұшқыр болуды армандағанын айтты. «Ұлымыз қазір өз еркімен әскери қызмет істеп жүр. Мектеп бітірген соң әскерге кетті. Әскерден кейін осы жерге орналасты. Мен не айтамын?! Менің баламның адамгершілігі мол. Тәртібі де жақсы болды. Айтқанын істеткізбей қоймайтын қайтпас-қайсар мінезі бар. Мектепте оқып жүргенде қайсар болды, шыншыл болды. Өтірік айтпайтын» деп анамыз қысқа қайырса да, ұлымен мақтанып-марқаятынын көңілімізбен сездік.
Қуандықтың 2013 жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп келе жатқан жері «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 35411 әскери бөлімінің командирі, полковник Ержан Әділбекұлына хабарласып, аз-кем әңгімеге тарттық. «Қуандық 5-ші артиллериялық дивизионында механик жүргізуші. Салмақты жігіт. Алдына қойған міндеттердің барлығын уақытында атқарады. Бір сөзбен айтқанда, тәрбиелі бала. Жұбайы да сыпайы. Қуандықтың ерекше қасиеті, қарапайымдылығы. Бар кезде де, тар кезде де асып, саспайды. 15 адамды өрттен құтқарып, түк болмағандай, ештеңе істемегендей жүруі, бізге айтпауы қарапайымдылығының дәлелі емес пе?! Әлі есімде, «Ерлік жасағаныңды неге айтпағансың?» дегенімде: «Онда тұрған не бар? Азаматтық парызымыз ғой. Ер-азамат деген атымыз бар емес пе?!» деді. Міне, Қуандық осындай жігіт. Оның ата-анасына: «Сіздер жақсы бала тәрбиеледіңіздер» деп үнемі айтып жүремін» дейді командир.
Түйін
Қазіргі елдегі жағдайға байланысты Қуандықпен кездесіп, емен-жарқын әңгімелесудің реті келмей, ұялы телефонмен сөйлесуге мәжбүр болдық. Сөз арасында «Өртке дейінгі, өрттен кейінгі, «100 жаңа есімге» дейінгі және кейінгі өміріңде өзгеріс бар ма?» деп сұрадым. «Қазір көшеде кісілер танып, жасаған ерлігіме алғыстарын білдіріп жатады. Үлгі тұтып, мектептерге, кітапханаларға кездесулерге шақырады. Ең бастысы, адамдардың алғысын, батасын алып жатырмын. Елдің алғысынан артық ештеңе жоқ-ау» деп келте қайырды Қуандық әскерилерге тән қысқа сөйлейтін әдетпен.
Шығыс Қазақстан облысы