Бүгінде өз үйлеріне қамалған халықтың көңіл-күйі, жағдайы жайлы жазылып та, айтылып жатыр. Отандастарымызға тек өзін-өзі оқшаулау мен сабыр сақтау қалды. Пандемияның шарықтау шегін өткеріп, қауіпсіздік толықтай орнап, көпшілікке қалыпты болған өмір ағымы өз арнасына түскенше күту қажет.
Алайда, кейбір кездерде шұғыл түрде құжаттарды рәсімдеу немесе белгілі бір анықтамаларды алу қажеттігі туындауы мүмкін. Ал, барлық ХҚО-лар жабылып, онлайн режимге көшкен. Осыған орай, халықтың қолайлылығы үшін және азаматтарға түрлі сауалдарына жауап беру үшін кеңес беретін 1414 call-орталығы ұйымдастырылған. Телефон арқылы да, видеоқоңырау арқылы да операторлар қалай қызмет алу керектігі туралы нұсқаулық беріп, нақты қызмет түрлерін алу барысын түсіндіріп отырады.
Белгілі отандық эстрада жұлдыздары мен спортшылар барша қазақстандықтарға үндеу тастап, eGov электрондық үкімет порталын пайдалануға және осы сайттан үйден шықпай-ақ қызмет алуға кеңес беруде. Өйткені бүгінгі таңда көрсетілетін барлық мемлекеттік қызметтің 80% онлайн санаулы уақыттың ішінде алуға мүмкіндік берілген. Автокөлікке қатысты, электрондық сандық қолтаңба мен түрлі әлеуметтік төлемдер eGov порталы арқылы қолжетімді.
Сонымен қатар, есімдері дүйім жұртқа мәшһүр қазақстандықтар қандай қызмет түрін алғандығын айтып, онлайн әдістің тиімділігін айтуда.
Мәселен, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі Айжан Нұрмағамбетова: «Бүгінгі қысылтаяң кезде, карантин кезінде, автокөлікке және басқа да қажеттіліктерге қатысты барлық операцияларды eGov сайты арқылы жүзеге асыруға болады. Менің жүргізуші куәлігімнің мерзімі аяқталған болатын, оны дәл осы eGov сайты арқылы ауыстырдым. Карантин кезінде де өркениеттің игіліктерінен құр қалмаңыздар», деп кеңес береді. Азаматтық көзқарасы айқын әнші, карантин кезінде еріктілер штабында, халыққа көмек көрсетіп жүр екен.
Елімізге әйгілі «Досмұқасан» ансамблінің әншісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ақжол Мейірбеков «карантин жағдайында, отбасыңмен бірге болып, eGov сайты арқылы құжаттарыңды реттеуге болады» десе, әнші Бүркіт, «бүгінгі қысылтаяң кезде көлігіңізді тіркеуге немесе соған қатысты барлық операцияларды eGov сайты арқылы үйден шықпай-ақ жүзеге асыруға мүмкіндігіңіз бар. Өзіңізді, өзіңіздің денсаулығыңызды сақтаңыз, жақындарыңызды сақтаңыз. Баршаңызға сәттілік тілеймін!» дейді.
Танымал актер Фархат Ибраимов, актер, тележүргізуші Рахман Омаров, әнші Кентал карантин жағдайында eGov порталы арқылы көп мәселелерді шешуге болатынын жеткізсе, «Арнау» тобының әншісі Салтанат Бақаева, жас әнші Райым Уайыс та бітпей қалған шаруаларыңызды, карантин кезінде үйден шықпай-ақ eGov порталын пайдаланумен шешуге болатынын айтады.
Мұндай оймен әнші Серікбол Сайлаубек, дәстүрлі өнер театрының әншісі Жасұлан Мұсағали, «OCTAGON PROMOTION» кәсіби жекпе-жек ұйымының президенті Нұраддин Садық, ММА аралас жекпе-жек кәсіби спортшысы, «Алаш прайд» кәсіби спорт клубының мүшесі, белгілі спорт шебері Евгений Егембердиев, АСА лигасының мүшесі, аралас жекпе-жек шебері Нұрсұлтан Қасымханов,белгілі тележүргізуші Андрей Малышев, белгілі сценарист, вайнер Әуез Әуезов (Тұрмағамбетов), танымал модель Айнұр Нұрсейітова, актер Мәлік Әбдіраманов, әнші-актриса, блогер Miss Jamba, актер Нұрсұлтан Жақсыген және т.б. танымал өнер және спорт жұлдыздары бөліседі.
Олар өздерінің бейнежазба арқылы жолдаған үндеулерінде, қазақстандықтарды eGov сайтын қолдануға шақыра отырып, үйден шықпай отырып онлайн қызмет алу, бәріміздің денсаулығымыз бен қауіпсіздігіміз үшін керек дейді.
«Еліміздің өнер және спорт жұлдыздары карантин кезінде eGov порталының артықшылықтарын айтып, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының онлайн қызмет көрсету үдерісін қолдап, халықты үйде отырып қызмет алуға үндеп бізге бейнежазбаларын жіберуде. Еліміздегі қазіргі жағдайға бей-жай қарамай, өз ойлары мен қолдауларын жеткізіп жатқан жанашыр жұлдыздарға алғысымыз шексіз», - дейді Азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясы Алматы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.